ЖАС ЭТНОГРАФТАР ЖАРЫСЫ

Ұрпақ санасында отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру, оларды ата-баба дәстүріне құрмет көрсетуге баулып, толеранттылыққа тәрбиелеу мақсатындағы облыстық «Ұлтымыздың салт-дәстүрлері» атты жас этнографтар байқауы қорытындыланды. Байқауға келіп түскен барлығы 25 жұмыстың ішінен іріктелген 13 жобаны оқушылар шама-шарқынша қорғап, тақырыптарын ашуға тырысты.

 

Шараны ұйымдастырушы «Номад» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мартагүл Қанатова байқауды өткізу арқылы оқушылардың зерттеу жұмыстарын зерделеп, насихаттай келе жаңашыл идеяларға қол жеткізетінімізді айтады. Мәселен, жас этнографтар байқауына жұмысын ала келген Қызылқоға ауданы, Жасқайрат селосы Ш.Еркінов атындағы орта мектептің 8-ші сынып оқушысы Егінбай Данагүл өзінің уақыт пен төзімділік, шеберлікті талап ететін бисермен тоқыған түрлі бұйымдарын әкеліп таңғалдырса, Исатай ауданы Жанбай селосынан келген Теміртас Гүлнәз қазақтың бұрынғы және қазіргі қыз ұзату салтының айырмашылықтарын айтып, бүгінгі күнге дейін жеткен салттың кейбір кемшіл тұстарына тоқталды.

Айта кетерлігі, байқауға қатысқан 13 жұмыстың бесеуі салт-дәстүр тақырыбындаболды. Шара қорытындысымен бірінші орынды Махамбет ауданының 8-ші сынып оқушысы Назгүл Зұлқарнай «Жүннен заманауи әдіспен бұйымдар дайындау» тақырыбындағы жұмысымен жеңіп алса, екінші орын Қызылқоға ауданынан келген Егінбай Данагүл мен Құрманғазы ауданы Абай атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Қорлан Төребайға бұйырды. Әділқазылардың шешімімен үшінші орын да екі қатысушыға берілді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз