Тұңғыш Президент күніне орай кикбоксингтен кәсіпқойлар арасында жолдастық кездесу өтеді

IMG 5343 29 11 18 05 19 Қоғам
1 желтоқсан күні  «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 5 атыраулық спортшы Тбилиси командасына қарсы тұрмақ, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
IMG_5343-29-11-18-05-19
54 келі салмақ дәрежесінде Атыраудың намысын Жанали Сәлімгереев қорғайды. К1 нұсқасы бойынша 60 келі салмақта 2017 жылғы Будапештте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Жандос Назарбеков жекпе-жек өткізбек. Шаршы алаңға Сәлімжан Сәлімгереев фулл-контакт нұсқасы бойынша 67 келіде, осы салмақта К1 нұсқасы бойынша Алихан Оздоев, К1 нұсқасы бойынша 71 келіде Азамат Өтемісов шығады. Кештің басты жекпе-жегі әлем чемпионы Абзал Дүсіпов пен түркиялық Юлдуз Хазар арасында өтпек.
– Қазақстан мен Түркия спортшылары әлем чемпионаттарында тең дәрежеде келеді. Юлдуз Хазар өз елінде танымал спортшы. Біздің Абзал да мықты спортшы, әлем чемпионы, Азия чемпионы, Әлем Кубогының иегері, – дейді облыстың аға жаттықтырушысы Данияр Юсупов. – Республикалық сайыстарда атыраулық кикбоксшылар әрқашан үздік үштіктен көрініп келеді. 2017 жылы Венгрияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 3 алтын медаль еншіледі. Оның біреуін атыраулық Жандос Назарбеков иеленді. Біздің спортшылар тағы бір күміс пен бір қола жеңіп алды.
Айта кету керек, алдағы кикбоксинг кеші Атырауда осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. 2015 жылы ресейліктермен қарсы кездесу өтсе, 2016 жылы Қарағанды құрамасына қарсы өткен болатын. Ол кезде бес кездесудің төртеуін Орталық Қазақстанның спортшылары жеңді. Атыраудан Жанали Сәлімгереев кештің чемпионы атанған болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздарға қаржылай сыйақы және чемпиондық белдіктер табысталады. Спортшылар 1 желтоқсан күні сағат 18:00-де «Атырау» спорт кешеніде өз жанкүйерлерін күтеді. Кештің басты қонағы – әнші Ибрагим Ескендір.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз