СЕНІМДІ ЖҮЙЕ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ

«Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамында кезекті баспасөз туры өткізілді.
Басқосуды ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Балжан Досмұхамбетова кіріспе сөзбен ашты. Содан кейін кәсіпорын басшысы Нұраддин Шамшатов 2012-2014 жылдар аралығын қамтитын инвестициялық сауықтыру және активтерді жаңғырту бағдарламасының орындалу барысын баяндады.

Хабарламада айтылғанындай, бағдарлама бойынша үш жылда жалпы көлемі 909,14 млн.теңгенің жұмысын атқару жоспарланған. Осылайша, өткен жылдың өзінде 369,7 млн.теңгенің іс-шаралары жоспарланып, қаралған қаражаттың толығымен игерілуі қамтамасыз етілген. Ал, үстіміздегі жылы 325,24 млн.теңгенің жұмыстарын жүзеге асыру межеленген. Соның ішінде, жылу жүйелерін қайта жаңғыртуға 216,8, жылу насостарын ауыстыру, жылу өлшегіш құралдарды орнату, жылу энергиясының орынсыз ысырабын болдырмау үшін құбырлардың изоляциясын жаңартуға 95,32 және арнаулы техникалар сатып алуға 13,1 млн.теңге қаржы жұмсау жоспарланған.
Биылғы мамыр айында кәсіпорынға қарасты барлық жылу құбырлары сынақтан өткізіліп, олардың төзімділігі мен жылу өткізгіштік жағдайына зерттеу жүргізілген. Бағдарламаның екінші бөліміне сәйкес, қаланың «СМП-136» мөлтекауданындағы жылу магистралдары қайта жабдықталған. Жөндеу жұмыстарының қолға алынуына байланысты қажетті материалдармен қамтамасыз ету, пайдаланылатын техникаларды дайындау, құбырларды монтаждауға қатысты іс-шаралар кезең-кезеңімен орындалған. Бұдан бөлек, бағдарлама шеңберінде «УПТК УС-99» мекемесінің өндірістік базасы мен жоғарыда аталған «СМП-136» мөлтекауданы аралығындағы магистралды жылу құбыры бұрынғы 325 мм-ден 530 мм-лік тұрбаларға алмастырылған. Сөйтіп, осы аумақтағы 3200 текше метрді құрайтын құбыр түгелімен жаңғыртылған.
Мұның сыртында, жылу тарату бекеттерінде жұмыс істеп тұрған насостар тексеріліп, олардың алдағы жылу беру маусымына жарамдылығына назар аударылған. Бұнда «Батысэнергосараптама» ЖШС-нің техникалық қорытындысы қаперге алынып, пайдаланудағы насостардың қызмет ету мерзімі асып кетуіне байланысты олардың 59 пайызын жаңасымен алмастыру қажеттілігіне көз жеткізілген. Соның нәтижесінде күні бүгінге 38 бірлік насосқа керекті жабдықтар тендер өткізу тәсілімен жаңадан сатып алынған.
Және бір мәлім болғаны, осыған дейін кәсіпорынға қарасты 20 жылу беру бекетінде кешенді диспетчерлендіру қолға алынып, 36 бекетте бұл жүйе монтаждалса, осы жұмыстар ағымдағы жылдың аяғына дейін тәмамдалуы тиіс. Мердігер мекеме-«Фарвардин» ЖШС атқарып жатқан осындай шаралардың нәтижесінде мұндағы жылу параметрлерін анықтап, жылудың берілуін жағдайға байланысты реттеп отыруға, жылудың орынсыз шығынын мейлінше азайтып, барлық процестерге жедел бақылау орнатуға мүмкіндік туады. Кезекті жылу беру маусымына әзірлік кезінде құбыр бойындағы ысырап мөлшерін, қысым мен температураны өлшейтін құрылғылар да ескіруіне байланысты жаңартылған болып шықты.
Егер осыған дейін де қаланың бірнеше мөлтекауданын бір-бірімен байланыстырып, жалғап жатқан магистралды құбырлардың дені жоғары сапалы әрі сенімді пенополиуретанды изоляциялау материалдарымен қапталса, биылғы жыл басынан бері осы бағытта 17,7 млн.теңгенің жұмысы атқарылғанын, оған қоса бірнеше арнаулы техника сатып алынғанын аңғардық.
Құрылыстың қарқын алуына орай өндірістік, әлеуметтік ғимараттардан өзге орталықтан жылуды тұтынатын тұрғын үйлердің де қатары көбейді. Осының бәрі сайып келгенде, «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның жұмыс көлемін кеңейтіп, жүктелер міндетін де молайтты. Бұған баспасөз туры барысында департамент, кәсіпорын басшыларымен бірге бірқатар нысандар мен учаскелерді аралап, көргенде өзіміз де көз жеткіздік.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз