ОТАНДЫҚ ФАРМАЦЕВТИКАҒА – ОҢ СЕРПІН

Атырауға келген «СК-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Нұржан Әлібаев облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевпен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшыларымен, облыстық, қалалық ауруханалардың дәрігерлерімен кездесті.

Кездесуде халықты үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, «СК-Фармация» ЖШС жанынан ашылатын талдау және әлеуметтік зерттеу орталығы жайлы сөз қозғалды.

Нұржан Нұрмағамбетұлының айтуынша, Атырау облысындағы ауруханалардың компания алдындағы берешегі жоқ. Негізінен, көптеген облыстардың бұл орайда қарыз өтей алмай отырған жайы бар. Валюта бағамына қарай қазіргі уақытта түрлі салада қымбатшылық белең алуда. Жұртшылық осы орайда дәрі-дәрмектің де бағасына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Кездесуде «СК-Фармация» ЖШС төрағасы  халық көп тұтынатын дәрілердің бағасы  бір жыл бойы қымбаттамайтынын жеткізді. Яғни, келер жылға қажетті дәрінің 70 пайызы алынған. Бұл дәрі-дәрмектің бәрі доллар бағасы көтерілгенге дейін сатылып алынған. Одан кейінгі жылдары дәрілердің бағасы құбылуы мүмкін. Өйткені, еліміздегі дәріханалардың барлығы – жекенің меншігінде. Кәсіпкерлер өздері әкелген дәріге заңдылық нормаларына сүйеніп бағаны өздері қояды. Сондықтан, оларға бағаны өсірме деп шектеу қоюға да болмайды.

 – Осыдан бес жыл бұрын Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісінің отандық үлесін 50 пайызға жеткізу мақсатында «2010-2014 жылдарға арналған фармацевтика өндірісін дамыту туралы» бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру арқылы қазақ жерінде дәрі шығаратын өндіріс орындарын көбейту көзделген еді. Бағдарлама аясында дәрі шығаратын 12 шағын зауыт салынатындығы да айтылды. Қазір оның төртеуі ғана қарқынды жұмыс жасап тұр. Алты зауыттың жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Ал, дәрі-дәрмек шығаратын үш зауыт әлі  қағаз жүзінде құрылысы басталмай тұр. Атыраудағы зауыт іске қосылса, отандық фармацевтиканың дамуына оң серпін берер еді. Себебі, әлі күнге дейін дәрі-дәрмектің 70 пайызын біз шетелден сатып алып отырмыз. Сол себепті де дәрі-дәрмек бағасын тұрақты ұстап тұру қиынға соғады, – деді Нұржан Әлібаев.

Кездесуде облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрқабыл Айтмұхамбетов «Өзімізде өндірілетін өнімдер көшірме күйінде емес, таза түпнұсқасында жасалынса жақсы болар еді. Сондай-ақ, жылдың басында дәрі-дәрмек қажеттілігіне қарай жасалынатын келісім-шартты ұзақ мерзімді ету керек. Өйткені, көптеген емхана, ауруханалар қажетті дәрілерді тез арада саралап айта алмайды. Тағы бір мәселе – сервистік медициналық көмек орталықтандырылса деген ұсынысым бар», – деп пікірін білдірді.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша  «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде» отандық дәрі-дәрмектер тегін немесе жеңілдікпен беріліп жүр.  Елімізде жыл сайын 1034 түрлі дәрі-дәрмек сатылып алынса, оның 260-ы жергілікті кәсіпкерлер арқылы, 725-і конкурстық негізде келеді. «СК-Фармация» ЖШС төрағасы Нұржан Әлібаев болашақта серіктестік негізінде талдау және әлеуметтік зерттеу орталығын ашу жоспарланып жатқанын да айтты. Яғни, талдау орталығы болашақта емделушілерге тегін берілетін  дәрілер тізімін анықтап бермек.  Олардың сараптама қорытындысы аурухана кіреберісінде ілініп тұрады. Қазіргідей әр адам өзіне тиесілі тегін дәріні дәрігерден сұрамай-ақ,  өздері біле алатын болады.

 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз