ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ҮЛКЕН ҮЛГІСІ

Жақында «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасынан Атыраудың, жалпы еліміздің экономикалық, рухани гүлденуіне ерекше үлес қосқан азамат, алғашқы кәсіби Парламенттің депутаты болған, ғалым, мұнайшы Ермекқали Биғалиевтің өміріне арналған кітап шықты. Оны құрастырып, дайындаған Ермекқалидың туған ағасы, белгілі журналист Ермек Биғалиев.

 

Әрине, қазір естелік кітап шығару тосын оқиға да емес шығар. Дегенмен, бұл кітапты оқысаңыз, оның өне бойынан бауырға деген сағыныштың, оны іздеудің мәңгілік сарыны анық байқалып тұрғандай. Небәрі 49 жыл ғана ғұмыр кешкен азамат әсіресе, тәуелсіз елдің тарихына өшпестей із қалдырды. Бұл жөнінде Ермекқалидың әріптестері, депутаттар, құрдастары, ағайындары сыр шертеді, оның адамдарға, өзін қоршаған ортаға жасаған жақсылықтары шынайы әңгіме болған.

Біздің де кезінде депутаттық қызмет атқарып жүргенде Ермекқалимен редакцияда кездесіп, сұхбаттасқанымыз бар еді. Әрі құрдас, әрі ойларымыз бір жерден тоғысқаннан ба, ел туралы, оның болашағы мен проблемалары туралы ол шешіліп әңгімелеген еді. Соңынан облыстық «Атырау» газетінде «Сенатордың қызметі серуендеуден тұрмайды» деген тақырыппен үлкен интервью де жарияланды. Сол кезде-ақ кез келген адамға болсын деп тұратын, елдік мүдделерді бәрінен жоғары қоятын, өте қарапайым азаматтың болашағы кемел болатынына сенген едік. Бірақ, қайраткерлік тұлғасы енді таныла бастағанда өмірден өтеді деп кім ойлаған?! Сол интервьюді оқығаннан кейін әдейі редакцияға келіп, қайта-қайта рахмет айтқаны күні кешегідей көз алдымызда.

Кітапта әсіресе, Ермекқали Аққалиұлының Теңіз кеніші айналасындағы проблемаларды көтеру, ауылдардағы шаруашылықты сақтап қалу, шағын ауылдарға жүрдек пойыздарды тоқтату, Атыраудың проблемалары туралы Үкіметке хат жазуы, жерді пайдаланудың жайы туралы т.б. қозғаған мәселелері әріптестері тарапынан жан-жақты жазылған. Ал, ағасы Ермектің, жұбайы Меруеттің, баласы Нұрбек пен бауырларының жазған естеліктерін толқымай оқу мүмкін емес.

Кітаптың тақырыбына Ермекқалидың «Жақсы адамдар, сендер аман болыңдар…» деген сөзі алынған. Осының өзінен ол өзі о дүниелік болса да жарық әлемде өмір сүрген адамдарға амандық тілеп жатқандай әсер береді. Кітапта оның ғылыми еңбектері, фотосуреттер де ұтымды беріліп, безендірілуі де көңілден шыққан. Қалай болғанда да бұл естелікті ел үшін қызмет етудің керемет үлгісін көрсеткен ұлтжанды азаматқа жасалған өшпес белгі деуге әбден болады.

Нұрлан ҚАБЫЛОВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз