ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАСЫ: МІНДЕТ ПЕН МЕЖЕ

kolgaalarҚОЛҒА АЛАР ІСКЕ ҚОЗҒАУ БОЛДЫ

Елімізде жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарайғы жиырма қадамды нақтылап, бағыт-бағдарын айқындап берген Елбасының бағдарламалық мақаласының баршамызға да ой салғаны, қолға алар ісімізге қозғау болғаны анық.

Бұған дейін де республикамызда «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, онда баяндалған басымдықтардың алғышарттарын жасауға жағдай туғызғаны даусыз. Осының бәрі, сайып келгенде, «екі қолға бір күрек» таба алмай, жұмыссыз жүрген ауылдағы ағайынның өз кәсібін ашып, нәсібін айыруына септігін тигізгені сөзсіз.
Бұл тұрғыда, әсіресе осыған ниетті адамдарға қаржылай қолдау көрсететін құрылымдардың көмегі көп екендігін айтқанымыз ләзім. Солардың санатында аудан орталығы — Махамбет селосында құрылып, санаулы уақыттың ішінде жұмыстарын жолға қойып та үлгерген бес бірдей несие серіктестігін атауға болар еді.
Сөзіміздің дәлелі ретінде, тек үстіміздегі жылдың өзінде сол серіктестіктер арқылы кәсіпкерлік мектебінің әліпбиін жаңа ғана ашқан ауылдастардың бір тобына жалпы сомасы 30 млн.теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілгендігін келтірсек те жеткілікті.
Мен де несие алып, несібемді табуға ниеттенген жандардың бірімін. Біраз мезгіл жұмыссыз да жүрдім. Енді, міне, тәуекелге бел буып, бағымды сынап, мақсатым мен мүмкіндігімді таразы басына салып көруге бекіндім. Әуелі аудандық жұмыспен қамту орталығынан ұйымдастырылған қысқа мерзімді курста дәріс алып, бизнестің әліппесін меңгердім. Содан соң үш миллион теңге несие қаржы алып, өзім тұратын Махамбет селосынан шағын шаштараз орнын ашуды ұйғардым. «Талаптыға нұр жауар» демекші, жақында көптен ойымда жүрген арманым орындалды. Игілікті іске тілеулес болып жүретін ел ағалары мен аудан, ауыл басшылары жиналып, Астана күні қарсаңында оның тұсауын кесті. Жақсы сөздерін арнап, жұмысыма сәттілік тіледі.
Әрине, қазірде аз ғана адаммен ғана қызмет қылудамын. Алғашқы күннен-ақ келушілердің қатары аз болмады. Ілгеріде де солай жалғасады деген үміттемін. Келешекте мүмкіндігіне қарай қызмет түрі мен аясын кеңейтіп, соған сай жұмыскерлердің санын көбейтсем бе деп ойлаймын.
Арайлым ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ,
жеке кәсіпкер,
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз