«БОЙДАҚТАР АУЫЛЫНА» БАРЫП ҚАЙТ…

«Егемен Қазақстан» – қазақ баспасөзінің қарашаңырағы. Бұл газетте алаш арыстарынан бастап, қазақтың қабырғалы қаламгерлеріне айналған зиялы қауым өкілдері, танымал журналистері жұмыс жасаған. Менің ең алғашқы редакторым – Нұрлан Оразалин. 

Бұл газетте қызмет жасап жүргеніме 15 жылға жуықтады. Осы кезең ішінде көптеген іссапарларға шықтым, көптеген тұлғалармен дидарластым. Алайда, соның ішінде, жүрегімнен орын алып, есімнен шықпайтын екі іссапар бар. Оның бірі – газет басшыларының 2009 жылы «Егемен Қазақстанның» 90 жылдығына орай меншікті тілшілерді жинап, Семей қаласында өткен «Егемен Қазақстан» газетінің күндеріне қатыстыруы. Алаш туы алғаш тігілген, Абай, Шәкәрім, Мұхтар асыл тұлғалар дүниеге келген қасиетті мекенге алғаш аяғымыз тиген сәттен бастап, тебіреністі күй кештім. Мұхтар Әуезовтің Бөріліде жазушының мұражай-үйі бар екен. Абай, Шәкәрім туған Жидебайды көрдік. Осының өзі мен үшін ғұмырлық азық, рухани нәр болды. Ал, биылғы жылы газеттің 95 жылдығы аясында Қарағанды облысында болдық. Редакцияның онға жуық журналисі Елбасының еңбек жолы басталған Теміртаудағы металлургия комбинатын, атақты әнші, композитор Мәди Бәпиұлының кіндік қаны тамған Қарқаралысын араладық.

 Газет басшылары үнемі шығармашылық бағыт-бағдар беріп отырады. Мәселен, газет басшысы Сауытбек Абдрахманов Атырауға келген бір сапарында: «Ауылдық жерлерде тұратын жігіттердің үйленуі қиындап барады. Бұрындары комсомол-жастар бригадалары құрылып, әр жақтан қыз-жігіттер жолдамамен баратын. Сөйтіп, ауыл жастарымен араласып-құраласып, би кештерінде танысып, үйленіп жататын. Қазір ондай аралас-құраластық жоқ. Ауылдар тыныш қалпында. Ауылдардан шыға алмай қалған жігіттер болса, осы мәселені көтеріп, «Бойдақтар ауылы» деген мақала жазсаң қайтеді?» – деп ой салды.

Мен осы тақырыпты зерттеу үшін ауылдарға бардым. Шындығында да үйленбей қалған жігіттері көп ауылдар бар екен. Бір отбасында 2-3 жігіт үйленбей қалған. Қазақ ауылындағы бойдақ жігіттердің халін проблема ретінде көтердім. Қазір сол ауылда қозғалыс бар. Сауытбек ағамыздың көрегендігіне таң қалдым. Газеттің вице-президенті, бас редакторы Жанболат Аупбаев ағамыз телефон шалып: «Менің бір блокнотым бар еді. Соны қарап отырсам, 1989 жылы іссапармен барғанда Атыраудағы мұражайдан бір сурет көрдім. Суретте табытта В.И.Ленин жатыр. Жанында адамдар тұр. «Бұл не сурет? Осы суретте бұл өңірден кім бар?» – деп мұражай қызметкерлерінен сұраған кезде, Атыраудағы алғаш көлік жүргізушісі Жұмағали Мұхтанов бар екенін білдім. Сол сурет сыры туралы мақала жаз» деп тапсырма берді.

Мен мұражайға барып, суретті сканерлеп алдым. Мұнай-газ саласындағы алғаш көліктің жүргізушісі Жұмағали Мұхтановтың қазіргі Мақат ауданында тұрғанын анықтадым. Ұрпақтарымен кездесіп, мақала жаздым. Осының өзі үлкен өмір мектебі, ағалар мектебі дер едім. Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар осындай қаламгерлердің тәлімін алып, сенімін ақтауға тырысып келемін. Ел тәуелсіздігінің жылнамасын жазып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін насихаттап келе жатқан «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет жасауым маған тағдырдың тартқан сыйы деп есептеймін.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

газеттің Атырау облысындағы меншікті тілшісі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз