БИЛЕТТІ ТЕРМИНАЛДАН АЛЫҢЫЗ!..

Бүгінде пойыз билеттерін «Транзакциялық қызмет көрсету терминалы» (ТТС) арқылы алушы жолаушылар саны көбейіпті. «2012 жылдың басынан қолданысқа енгізілген жүйе жолаушылар тарапынан жақсы қолдау тауып келеді» дейді осыған орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау теліміне қарасты билет кассаларының меңгерушісі Ажар Еңсепқызы. 

ТТС Атырау темір жол вокзалында орнатылған. Бұл өте тиімді әдіс болып шықты. Терминалдың қолданылуы кәдімгі күнде ақша алып жүрген банкомат тәрізді. Әуелі банкоматтық карточкаңызды саласыз, сонда экранға қажетті ақпарат шығады, яғни, қайда билет алғыңыз келетіндігі туралы. Баратын жеріңізді, станцияңызды таңдайсыз да, аты-жөніңізді, құжат нөмірін жазған соң, орын бар ма, жоқ па, сол туралы ақпарат, билет бағасы шығады. Терминал арқылы бір сәтте төрт билетке дейін алуға болады. Ал, билет құны банкоматыңыздағы ақшадан ұсталады, тек онда міндетті түрде ақшаңыз болуы шарт. Барлық операцияны бітіргеннен кейін, билет терминалдан суырылып шыға келеді (суретте). Билетті интернет арқылы бронь жасап қоюға да болады. Бірақ, пойыз жүрерден бір тәулік бұрын келіп алуыңыз керек. Ал, «Каспий» пойызында мұндай билетті пойызға орналасқан соң да алуға болады. Терминал арқылы кез келген банк карточкасы арқылы билет алуға бола береді.
Ажар Ахметованың айтуынша, биылғы жылдың алты айында терминал арқылы 26 411 электронды билет сатылыпты, ал, өткен жылғы осы мерзімде бар болғаны 6 312 билет өткен. Бұдан халықтың терминалға «төселгені» байқалады. Қазірде күніне 200-205 электронды билет сатылып отырады екен. Ал, жай кассалар арқылы жарты жылда 365 214 билет сатылыпты. Терминал арқылы тек Қазақстан емес, ТМД елдерінің барлық қалаларына да билет алуға болады.

Қосұйым МҰҚАШЕВ,
Суреттерді түсірген Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз