Балаларға қамқорлық танытты ​

screenshot 20220831 110146 Қоғам

Жаңа оқу жылының қарсаңында осал топтағы аз қамтылған отбасындағы 50 балаға сыйлық картасы табыс етілді. Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған қайырымдылық шараға «Аналарға көмек қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сандуғаш Көкенова бастамашы болып, атыраулық ата-аналар мен балаларға қуаныш сыйлады. Қоғамдық бірлестік төрағасы шараға қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен демеушілік көрсеткен CCC компаниясына алғысын білдірді.
​Екі жылдан бері аз қамтылған көпбалалы жалғызбасты аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар және мүгедектігі бар аналарға қолдау көрсетіп келетін бірлестіктің бұл жолғы бастамасы «Қамқор» жобасы аясында жүзеге асып отыр.
​– Қазіргі қымбатшылық кезінде кейбір отбасылардың балалары мектепке дайын болмай жатады. Соған байланысты әлеуметтік көмекті қажет ететін ата-аналарға кішкене болса да қолымыздан келгенше жәрдемдесуді көздеген едік.
Облыс және қала әкімдігіне, сондай-ақ, ССС компаниясына үлкен ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта елдің игілігіне бірлесе жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Бұл жалғыз менің ғана еңбегім емес, қолдау білдіріп жатқан барша жанашырларға алғыс айтамын, – деді Сандуғаш Сырымқызы.
​CCC компаниясының өкілі Асым Ашурдың айтуынша, компания басшылығы мұндай игілікті іске әркез қолдау танытуға дайын.
​– Қоғамдық бірлестік тарапынан ұсыныс түскеннен соң, Еркемай балалар дүкенін таңдап, 20 мың теңгелік сыйлық картасын әзірледік. Ол жерде балаларға арналған киімдер мен аксессуарлар, ойыншықтар, аяқ-киімдер, жаңа туған сәбилерге арналған тауарлар, арбалар мен кереуеттер, үйретуші және кеңсе тауарлары бар. Сіздерді оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, әрбір істеріңізге сәттілік тілеймін, – деді компания өкілі.
​Атыраулық ата-аналар қиын кезеңде қолдау білдіріп, жәрдем қолын созып жатқандары үшін компания өкіліне алғыс айтты.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
суреттер автордікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз