БАЛАЛАРҒА – БАЗАРЛЫҚ

«Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан» АҚ жаңа Қой жылында Исатай, Құрманғазы және Махамбет аудандарындағы мектеп-интернат тәрбиеленушілері мен шипажай типтес №8 «Ақбота» балабақшасына тамаша тарту жасады. Компания әлеуметтік әлсіз топқа жататын барлығы 580 балаға 9 млн. 300 мың теңге көлеміндегі сыйлықтар үлестіріп, жаңажылдық көңіл күй сыйлады.   

Аталмыш компания өңіріміздегі денсаулық сақтау, білім беру салаларына да қомақты қаржы бөлуді дәстүрге айналдырған. Сондықтан, өткен «2014 жыл – Қамқорлық жылы»  болып саналады. Облыстың маңызды салаларына қолдау көрсету компанияның  магистральды мұнай құбырлары жатқан бағыттарының  басты міндетіне жатады. «КҚК-Қ» АҚ 14  жылдан бері әлеуметтік әлсіз топтар – мүгедектер мен ардагерлерге де көмек қолын созып келеді. Бойында таланты, ынтасы бар жеткіншектерге, өңірдегі білім, денсаулық сақтау саласының дамуына, маңызды деген жобалардың жүзеге асуына да материалдық қолдау көрсетуде. Компанияның бұқарамен байланыс жөніндегі бас маманы Любовь Евстифеева қамқорлық акцияларына үлкен жауапкершілікпен қарайтындарын айтады. Әсіресе, жаңа жылда балаларға қуаныш сыйлау үшін бар жақсылықтарын аямайтындарын жеткізді.

– Біз әрдайым балаларға көмектесуге әзірміз. Себебі, бала жүзіндегі күлкі бәрінен де қымбат. Олардың көңілдеріндегі мұңды сәл де болса азайту үшін материалдық мәселелерді шешуге тырысамыз. Балаларға шат-шадыман күлкі, мықты денсаулық, бақытты балалық шақ тілейміз. Олардың ержеткенде еліміздің қамын ойлайтын үлкен азамат болғанын қалаймыз. Балалар елінің патриоты болып тәрбиеленуі үшін үлкендер жағы барлық жағдайларды жасауда, – деді Любовь Евстифеева.

Өткен жыл Махамбет ауданындағы 72 қосалқы мектеп-интернат тәрбиеленушілері үшін ерекше жыл болды. Өйткені, компания оларға екі млн. теңге көлемінде тоғыз  теледидар және қысқы сыртқы киімдер мен жаңажылдық тәттілерді сыйға тартты. Бұл базарлыққа балалармен қоса мекеме қызметкерлері де дән риза. Махамбет ауданындағы қосалқы мектеп-интернат директоры Гүлнәр Аманғалиева  әрдайым қамқорлық шараларының басы-қасында жүретін Любовь Евстифееваның есімін ерекше атап өтіп, оған зор ризашылығын білдірді.

– «КҚК-Қ» АҚ бұл жолы бірінші рет көмек қолын созып отырған жоқ. Осыған дейін де бірнеше мәрте жанымыздан табылды. Ал, бүгінгі сыйлығы балаларымызды мәз-мейрам етті. Любовь Михаилқызын біздің тәрбиеленушілеріміз әр кез асыға күтіп отырады. Себебі, ол балаларымыздың екінші анасындай. Мекемеде мүгедек және өмірдің қиын жағдайына  кезіккен отбасынан шыққан балалар болғандықтан, олар әр мерекеден жақсылық пен тосын сыйлар күтеді. Бақытымызға орай,  айналамызда көңілі жарты сәбилерге қолұшын беретін кең жүректі адамдар бар. Біздің оқу орны ұжымының  атынан және балаларымыздың атынан консорциумның жұмысына зор жетістіктер тілеймін. Барлық қызметкерлеріңізге шын көңілімізден ризашылығымызды білдіреміз, – деді Г.Аманғалиева.

Консорциумның игі істері үшін бір тәрбиеленушінің ата-анасы  Саламат Жаманқұлов та өзінің алғысын жеткізді.

– Балаларымызға бағалы базарлық бергені үшін аталмыш компанияға ризамыз. Олар тек сыйлықпен ғана шектелмей,  мерекелік бағдарламаның өтуіне мұрындық болып отыр. Балалар өте көңілді, мерекенің жылылығын сезінуде, – деді ол.

Шара барысында балалардың осы сәтті асыға күткендігі байқалды. Барлық бала ертегілердегі кейіпкерлердің кейпіне еніп мерекеге сай киініп келген. Жүздері бал-бұл жанып, бір-бірінің қолдарынан жетектеп ән салып, би биледі.

«КҚК-Қ» компаниясы аз қамтылған толық емес отбасынан шыққан Исатай ауданындағы 100 баланы да назардан тыс қалдырмады. Консорциум балаларға үш млн. теңге көлеміндегі қаражатқа жаңажылдық тәтті сыйлар мен жылы киім-кешектер сыйлады. Шара барысында Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев «КҚК-Қ» компаниясы қамқорлық акцияларына белсене атсалысатынын айрықша атап өтті.

–  Биыл бірінші рет компания балаларымызға көңіл бөліп отыр. Исатайлық балаларға тамаша мереке ұйымдастырғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз, – деді М.Өтеғалиев.

Өз кезегінде консорциум басшылығына ата-аналар Алғыс хатын жолдады.

Шипажай типтес №8 «Ақбота» балабақшасының 330 тәрбиеленушісі де «КҚК-Қ» компаниясы атынан 1 млн. теңге көлеміндегі жаңажылдық тәттілерге ие болды. Балабақша атынан сөз алған Талшын Әділова бұл жолы компания сәбилерге тамаша тосын сый жасағанын айтты. Ол:

– «Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан» АҚ жыл сайын балабақшамызды жөндеуден өткізуге де демеушілік етіп келеді. Ал, бұл жолы тәтті сыйларын да ала келген. Біздегі балалардың көпшілігіне ата-аналары жаңажылдық кешті ұйымдастырып бере алмаса да, «КҚК-Қ» АҚ  Жаңа жылда келген «Аяз ата» секілді болды. Балаларға керемет көңіл-күй сыйлап, кеш өткізді. Компанияға жаңа табыстар тілеймін. Сіздер үшін бұл Қой жылы жақсылыққа толы жыл болсын! – деп ізгі ниетін жолдады.

Сондай-ақ, «КҚК-Қ» АҚ тәтті тартуларымен құрманғазылық балаларды да қуантты. Аз қамтылған, толық емес отбасынан шыққан және жетім қалған 78 балаға 3 млн. теңге қаражат көлеміндегі сыйлықтарын үлестірді. Шараға қатысқан Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары  Жандос Бектеміров тағдыр тәлкегіне түскен кішкене жүректерге осындай жылылық сыйлағандары үшін ризашылығын жеткізді. Ол компанияны ертегілердегі батырлардай қолұшын созуға асығып тұратындығы үшін мақтан етті.

Динара  ҚАНБЕТОВА,

Мәлике  ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз