АСТАН УЛАНУ АДАМҒА ҚАУІПТІ

Қазіргі уақытта қала базарлары мен кез келген жерде көкөніс, жемістердің саудасы қызып тұр. Әсіресе, тамыздың ми қайнатқан ыстығында жол жиектерінде отырғандардан оңтүстіктен әкелінген көкөніс, жеміс-жидектерді сатып алу сақтықты қажет етеді. Оның үстіне кейбір орындарда тазалық талаптары сақталмағандықтан облыстық жұқпалы ауруханаға күніне ересектермен бірге ондаған бала түседі. Қазір ауруханада отыздан астам тамақтан уланған бала ем қабылдауда. Жедел ішек инфекциясымен түскен балалардың жағдайы туралы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Надия Ерғалиевамен тілдескен едік.

– Ауруханада жатқан балалардың көбі қандай астан уланған?

– Балалардың көбі жеміс-жидек, көкөніс, сондай-ақ қолдан жасал-ған кейбір тағам түрлерін жеп, жедел ішек инфекциясына шалдыққан. Бұл жедел ішек инфекциясы ағзаға ауыз арқылы түсіп, асқазан, ішек жолдарын зақымдап, әрі үлкен дәрет жүрісін бұзатын жұқпалы бактерияларды тудырып отыр. Сонымен қатар, дизентерия, сальмонеллез, тағамдық токсинді инфекциялар, басқа да гастоэнтериттерді жағдайға ықпал етуде.

– Сонда сіз айтқан балаларда кездесетін бұл ауру түрі қаншалықты қауіпті?

– Көбіне бұл ауру сәбилер арасында жиі кездеседі, оның қауіптілігі – өлімге әкелетін аурулар қатарына жатады. Ауыз су, тағам, қарапайым гигиеналық талаптардың сақталмауынан, тұрмыстық заттар немесе ойыншықтар арқылы жұғады. Аурудың алғашқы белгілері –бактериялар адам ағзасына түскеннен кейін бірнеше сағаттан немесе бірнеше күннен соң біліне бастайды. Яғни, дене қызуының көтерілуі, іштің өтуі, сондай-ақ, жүрек айнып, құса бастайды. Бұл көріністер бактериялық асқазан, ішек жолдарын зақымдауына да байланысты.

Балаларда, әсіресе, сәбилерде асқазан, ішек жолдары функциялары толық жетілмегендіктен сусыздану пайда болады. Бұл нәрестелер өміріне өте қауіпті. Сусызданудың белгілеріне әлсіздік, шөлдеу, кіші дәреттің азаюы, ентігу, көздің шүңірейуі, тері қабатының құрғауы жатады.

– Маман ретінде мұндай аурудың алдын алуда қандай кеңес берер едіңіз?

– Дер кезінде дәрігерді шақыртқан жөн. Дәрігер келгенше балаға көбірек қайнаған су, компот, смекта, регидрон, цитроглюкосалин сияқты сұйықты берген пайдалы. Санитарлық-гигиеналық нормалар сақталуы тиіс. Суды тек қайнатып ішу керек. Жеміс-жидекті, көкөністі жақсылап жуыңыз. Ең бастысы, көшеден, рұқсат етілмеген жерден тез бұзылатын азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін сатып алмаңыз.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз