«Оңай» мұнайдың дәуірі өтті

ggggg Экономика

Кең байтақ қазақ даласының қойнауы құтқа толы. Бірақ, біз оның әлеуетін толық пайдаланып келеміз бе? Елімізде жыл сайын геологиялық барлау жұмыстарына миллиардтаған инвестиция жұмсалады. Мамандардың айтуынша, пайдалы қазбалардың қоры бойынша әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіретін тәуелсіз мемлекет үшін бұл тым аз көрсеткіш. Сондықтан, жаңа кен орындарын ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге ниет білдірген инвесторларға қолайлы орта мен тиімді жеңілдіктер жасалуы тиіс.

Шикізат өндіру қиындап барады

Ардагер-бұрғышы Ақмырза Құсайыновтың пікірінше, біз қазір тек тұздың бетін ғана зерттеп келеміз. Осы күнге дейін 1500-2000 метр тереңдікке ғана қазылған. Негізі, оны 4000-5000 метрге дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

Кезінде Еділ мен Жайық аралығындағы мұнай мен табиғи газ көздерін іздестіріп табу мақсатында бұрғылау жұмыстарын жүргіздік. Қазу барысындағы жобалық тереңдік 4500-6000 метр аралығын қамтыған. Атап айтқанда, «Манаш», «Көрдуан», «Имашев», «Құм П-1», «Забурын-30» кен орындарындағы ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары сәтті аяқталды. Әрине, ол кезеңдерде жұмыстың жүргізілу технологиясы мен тәсілі қазіргіден мүлдем өзгеше болатын. Жауапкершілік жүгі жоғары, тәртіп қатаң еді. Тұз қабаттарының астын бұрғылау кезінде көптеген қиындықтар кездесетін. Соған қарамастан, жұмыста кедергі болмады,-дейді сұхбаттасушымыз.

Рас, бүгінде сала ардагерлері  «оңай» мұнайдың заманы өткенін жиі айтып жүр. Сондықтан, 3Д модельдер, барлау жұмыстарының сейсмикалық жаңа технологиялары, олардың нәтижелерін компьютерлік бағдарламаларымен интерпретация моделдерін шығаруға айрықша мән берілуде. Мамандардың пайымдауынша, IT технологиялардың қолданыс аясын кеңейту қажет. Заманауи терең өзгерістерге бірінші болып бейімделген мемлекеттер ғана өз халқының өмір сүру деңгейін жоғары деңгейде сақтап қала алады. Мұндай елдердің бәсекеге қабілеті жоғары болады. 

Жылдар өткен сайын мұнайды жер астынан шығару қиындап бара жатқан көрінеді. Себебі, бұрынғыдай жер астынан өз қысымымен атқылап, шапшып шығып жатқан шикізат жоқ. Сол себепті, қазіргі мұнай-газ кен орындарының көбінде тұтқырлығы және парафині жоғары, «ауыр» мұнай өндірілуде. Сондықтан, жаңа кен орындарын анықтап, геологиялық барлауды жандандыру керек.

Терең ұңғымалар бұрғыланады

Жақында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мұнай-газ саласының болашағына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда геологиялық барлауды дамыту перспективалары туралы баяндады.

–«ҚазМұнайГаз» стратегиялық мақсаттарының бірі ретінде ресурстық базаны дамытуға ерекше назар аударады. Қорды арттыру мақсатында көмірсутектерді барлау және жете барлау шеңберінде іске асыру үшін жобалардың әртарап портфелін қалыптастырдық. Ең алдымен, қазіргі барлау жобалары ішінен алдағы жоспарлардан Абай блогында бұрғыланатын тереңдігі 2500 метр теңіз іздеу ұңғымасын атап өткен жөн, – деді М.Мырзағалиев.

Сондай-ақ, ол компания биыл тағы екі терең ұңғыманы бұрғылауды жоспарлап отырғанын атап өтті. «Өңірлік зерттеулеріміздің нәтижесі бойынша біз көмірсутектердің зерттелмеген әлеуетін 18 млрд. тонна мұнай эквивалентіне бағалаймыз. Мұнда негізгі перспектива неғұрлым терең және техникалық жағынан күрделі жобалармен байланысты. Терең шөгінділерді зерттеу аясында биыл ҚМГ Атырау және Қызылорда облыстарында «Қаратон–подсолевой» және «Торғай–палеозой» жобаларында 5,5 км-ден екі терең ұңғыманы бұрғылауды жоспарлап отыр» деп нақтылады ол.

Компания былтыр жаңа аумақтарда кең ауқымды сейсмикалық барлау жобасына, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы 5 учаскенің жер қойнауын геологиялық зерттеуге бастамашылық еткен. Бұл жобалар бойынша Жарқын және Солтүстік Өзен учаскелерінде далалық сейсмикалық барлау жұмыстары аяқталған. Қазір деректерді өңдеу және талдау жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Одан бөлек, биыл Болашақ учаскесінде 2Д сейсмикалық барлау жүргізу жоспарланыпты.

Атап өтер жайт, «ҚМГ» «Лукойлмен» бірлесіп «Қаламқас-Теңіз–Хазар» теңіз жобасын әзірлеуді жобалауға кіріскен. Кен орнында алғашқы мұнай 2029 жылы өндіріледі деп күтілуде. Бұл жоба Маңғыстау облысының мұнай-газ саласы көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Көрсеткіш сұранысты өтей ала ма?

Ал, мұнай-газ  саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, әлем бойынша мұнай тұтыну көрсеткіші тек індет кезінде ғана түскен. Бұдан басқа уақытта мұнай тұтыну деңгейі төмендеген емес. Керісінше, көтеріліп, ұлғайып отырды. Қазір баяу болса да, мұнай тұтыну көрсеткіші жоғарылап келеді. Қазақстанда мұнай өндіру көрсеткіші жылына 90 млн. тоннадан түспеуі керек.

Былтыр болжам бойынша 93,4 млн. тонна мұнай өндірілуге тиіс еді. Бюджетте алдын-ала осылай жоспарланды. Бірақ, жылдың басында жоспар 90,5 деп өзгертілді. Себебі, жоспардың орындалмайтыны белгілі болды. Басты себеп мұнай-газ саласындағы Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған кен орындарынан басқа кен орындарында мұнай өндіру көлемі төмендеп жатыр. «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қазгермұнай» компанияларына қарасты кен орындары ескірген. Соның салдарынан мұнда мұнай өндіру көрсеткіші төмен. Таяу болашақта нәтиже жақсармайды. Өйткені, кен орындарының инвестициялық тартымдылығы төмен. Отандық, шетелдік инвесторларды қызықтырмайды. Кен орындарының қоры таусылып, өнімділігі азайып келеді. Жаңа кен орындары табылған жоқ. Геологиялық барлау жұмысына өте аз қаражат бөлініп жатыр,-дейді ол.

Елімізде жылдар бойы 100 млн. тонна мұнай өндіру жоспары жүзеге аспай келеді. Жаңа кен орындары табылмаса, 2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру көлемі азаяды. «Жаңа кен орындары табылғанның өзінде ол жерде зауыт салу, құбыр жүргізу сияқты жұмыстарды ұйымдастыруға кем дегенде 5-10 жыл қажет болады. Біз бұл бағытқа қазір бет бұрып, инвестиция құйсақ қана жемісін 2030 жылдан кейін көреміз» – дейді Абзал Нарымбетов.

Р.S: Тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожиннің пікірінше, қазірде әлемдік деңгейдегі Теңіз, Қарашығанақ кен орындарының ашылып, өнім өндіре бастағалы да ширек ғасырдан асты. Қашаған кен орнының геологиялық қоры көп болғанымен, өндіру және өңдеу көп еңбекті, қаражатты талап ететіні жасырын емес. 1930 жылдары атақты Губкин болжаған мұнайлы Ембінің 60-70 кен орындарының дәурені өтті. 1960-1980 жылдары ашылған Өзен, Кенқияқ, Құмкөл кен орындары да соңғы кездері сыр бере бастады. Яғни, жоспарланған мұнай қоры азайды деген сөз. Сондықтан, отандық мұнайшы геологтар жаңа кен орындарын ашып, саланы алға сүйреуі қажет. 

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз