Атырауда университетте белгілі ғалым Бақтығали Ғапуов атындағы аудитория ашылды

img 20210215 wa0015 Білім

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жаратылыстану және ауыл шаруашылық ғылымдарының профессоры, доцент Ғапуов Бақтығали Қабуұлы атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Өңірдегі жаратылыстану ғылымдарының дамуына өзіндік үлесін қосқан Бақтығали Қабуұлының еңбегі ұшан теңіз. Ол ғұмырының елу жылға жуығын ұстаздық қызметке арнаған. Ғалымның студенттерімен бірге жасаған жұмыстары әлі күнге дейін сақтаулы. Әсіресе, далалық тәжірибелерге шығып жинақтаған материалдары жаңадан ашылған аудиторияның сөрелерінен орын тапты. Атап айтқанда, зоология саласы бойынша құстардың ұялары, жұмыртқалары, балықтардың сүйек қаңқалары, жыландардың  формалинге салынған жұмыстары мен фотосуреттері салтанатты шараны тамашалуға келген ұстаздар мен студенттерге көрсетілді.

Ұстаз ұрпақтарының бастамасымен жасақталған аудиторияның лентасын қию құрметі университет ректоры Саламат Ыдырысов мен ғалымның ұлы Нұрлыбек Бақтығалиұлына берілді.

Іс-шара ғалымның өмірі мен қызметіне арналған бейнебаянмен басталды. Кейін шәкірттері облыстық білім беру басқармасының таланттарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Злиха Дүйсекенова мен Атырау облысы бойынша «Шеврон МұнайГаз инк» директоры, химия ғылымдарының кандидаты Бақберген Қарамұрзин ұстазының адамгершілік қасиеттерін әңгімеледі. Атырау университетінің экономика және құқық факультетінің ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаев та профессор жайлы естеліктерімен бөлісті.

img 20210215 wa0025

Жиын соңында Бақтығали Қабуұлының жұбайы, ардагер-ұстаз Қалжан Жұмалиева әсерлі естеліктерді тыңдай отырып толқып тұрғанын жеткізді.

«Ғұмырын ғылымға арнаған адамның соңында мыңдаған шәкірттері естелік айтып, әрқайсысы бір салада беделді қызмет атқарып жүрсе ұстаздың еңбегінің еленгені емес пе? «Ғалымның жазған хаты қалады» деген де осы болса керек. Бұл аудитория студенттердің сапалы білім алуына себепші бола түсері анық», -деп батасын арнады жасы сексеннен асқан ұстаз Қалжан Ғабдулғазизқызы.

Нұргүл НАСЫР

img 20210215 wa0029
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз