Сыбайлас жемқорлықты жоюдың тың тәсілі табылды

Жаңалықтар Құқық

Atr.kz/6 ақпан, 2020 жыл. Кеше Атырауда «Antikor» сервистік орталығында  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті.

Аталған шараға арнайы мониторинг тобының мүшелері, мемлекеттік органдардың, “Атырау – адалдық алаңы”  жобалық кеңсесінің өкілдері, заңгерлер қатысты. Семинар барысында «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті, республикалық арнайы мониторингтік топ басшысының орынбасары Зəуреш Батталова нормативтік құқықтық акті жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің маңыздылығына кеңінен тоқталды.

«Бүгінгі шараның мақсаты – өңіріміздегі орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру»,-деп түсіндірді спикер.

Сондай-ақ, тыңдаушылар сараптама жасаудың негізгі қағидалары мен жүйесі, техникасы мен мақсаты туралы мағлұмат алды. Жалпы,  сараптама өткізудің мерзімдері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама қорытындысының құрылымы, мазмұны мен ақпараттың ашықтығы және қолжетімділігіне қатысты құнды ақпараттар айтылып, семинар ашық диалогтық сұхбат түрінде өтті.

Ал, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» еркін Заңнама институтының ғылыми жетекшісі, республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Мереке Ғабдуалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу үдерісіне егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, бұл механизм нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу сатысында ықтимал сыбайлас жемқорлыққа жол берілуі мүмкін жағдайларды анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.

Семинар тыңдаушылары практикалық сабаққа да белсенді қатысып, «Мемлекеттің дамуы үшін нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу маңызды» деген пікірлерімен бөлісті.

Шара соңында тыңдаушыларға ғылыми сараптама жүргізу бойынша оқытудан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Тағы оқыңыз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған