Сталин қабылдаған директор жайында не білеміз?

Сталин қабылдаған директор Жаңалықтар

Есімі елінің есінде, жұртының жадында жүрер бірегей  тұлғалардың бірі – Түсекен Лұқпанов. Ол 1915 жылы Қызылқоға ауданының Соркөл елді мекенінде дүниеге  келген. Он бес жасынан еңбекке араласқан.

Сталин қабылдаған директор

Алғашқы бес жылда Доссор мұнай кәсіпшілігі жанынан фабрика-зауыт оқу курсын бітіріп, металшы, слесарь, нормалаушы техник, 1935-1938 жылдары Мақат аудандық прокуратурасында тергеуші, Ұлы Отан соғысы басталғанға дейінгі үш жылда аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Соғыстың бастапқы жылында «Қазмұнайбарлау» тресіне қарасты автотасымал кеңсесінде бөлім бастығы болған Түсекен Лұқпанұлы 1942 жылы Қазақстанда бірінші ашылған «Мұқыр» қаракүл қойын өсіру кеңшарының директорлығына тағайындалып, осы шаруашылықты бес жыл бойы басқарды. Сол кездері КСРО Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болған Анастас Иванович Микоянның өзі тікелей басшылық жасап отырды. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Иосиф Виссарионович Сталиннің жеке қабылдауында болған да біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Түсекен Лұқпанов еді.

Бертінде «Қазмұнайбарлау» тресі автотасымал кеңсесінің бастығы, 1948-1951 жылдары КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облыстық мал шаруашылығы кеңсесінің басшысы, 1951-1953 жылдары қайтадан «Қазмұнайбарлау» тресі Құлсары автотасымал кеңсесінде директор болып, кейіннен Мәтен, Тәжіғара, Қаратон  геологиялық іздестіру  партиясын басқарған Түсекен коммунистік партияның тапсырмасымен Жылыой ауданы, Амангелді атындағы ұжымшардың  басқарма төрағалығына бекітілді. Ол басқарған шаруашылық ұжымы өндірісте қол жеткізген қомақты табыстары үшін 1956 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің  «Алтын белгісін» иеленді.

Бұдан соң да еңбек жылнамасы одан әрі жалғасып, 1958-1971 жылдарда Батыс Қазақстан геология басқармасына қарайтын Қамсақтыкөл, Кенбай геологиялық-іздестіру партиясын, «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің №2 автотасымал кеңсесін басқарды. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін қатардан қалмай, көптеген «қара алтынды» кен алаңдарының игерілуіне атсалысты.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан басталып, отты жылдарда шыңдалып бейбіт кезеңде жалғасқан еңбек жолында тындырған ерлікке пара-пар ерен еңбегі лайықты бағаланған Түсекен Лұқпанов «Құрмет белгісі» (1945 жыл), «Еңбек Қызыл Ту» (1957) ордендерімен, «КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі» төсбелгісімен (1962) және «Еңбектегі ерлігі үшін» (1970) медальдарымен марапатталды.

Кейіпкеріміздің өмір керуенінде үзеңгілес жұмыс жасап, қатарлас қызмет қылған, қоян-қолтық еңбек етіп, бірге жүрген, көзін көрген, дәмдес болған азаматтар да аз емес. Бұл ретте М.Шапатов, Ж.Жақсиев, М.Қарабалаев, Т.Мұсағали, т.б. атауға болар еді.

– Биыл туғанына  102 жыл толатын  Түсекен ағамыз жайлы айтылар әңгіменің, есте сақталған естеліктің аз болмасы анық. Олай деуіміздің себебі де жоқ емес. Бір білетініміз, Ұлы Отан соғысы басталғанда елдегі ер-азаматтармен бірге майданға аттанғалы жатқан жерінен бұл кісіге СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннің атынан жазылған шақырту қағазы жеткен. Сөйтіп, ағамыз Иосиф Виссарионовичтің жеке қабылдауына кіріп, әскерден және соғыстан босатылатындығы туралы бұйрық алып келген. Кейіннен мұның өзі сол жылдары облысымызда, соның ішінде Қызылқоға ауданында «Гурьев» қаракүл кеңшарының құрылуымен байланысты қабылданған шұғыл шешім екенін білдік. Сөйтсек, Түсекен Лұқпанов республика көлемінде тұңғыш ұйымдастырылған осындай шаруашылықтың басшылығына тағайындалыпты, – деп еске алады бүгіндері өздері де ауылдың жасы үлкен ақсақалдарының санатына қосылған ағаларымыз.

– 1942-1947 жылдары сұр түсті қаракүл елтірісін дайындауға маманданған шаруашылықты басқарған жерлесіміз директор болған кезеңінде қиындықтан қалжырап, еңсесі езілген елді ортақ іске жұмылдырып, ұйымдастыра білді. Халықты бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бірауыздан сөз шығаруға үндеп, соңынан ертті. «Бәрі де майдан, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранның төңірегіне топтасып, бірлесе еңбек етуге шақырды. Кеңшардың алдына қойған міндетін мінсіз атқарып, жоспарын артығымен орындап, майданға қомақты үлесін қосып отырғандығынан әуелі КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы, соңынан Сыртқы сауда министрі болған А.И.Микоян үнемі жоғарғы жақты хабардар қылып, мәлімет беріп отырған. Бір естігеніміз, Түсекен Лұқпановтың шаруашылық басшылығына тағайындалуына сол уақытта ҚКП Гурьев обкомында жауапты қызметте істеген И.И.Иванов деген азаматтың да септігі тиген көрінеді. Шынын айтқанда, жоғарғы жаққа сол кісінің тарапынан Т.Лұқпановты кеңшар директорлығына тағайындау жөнінде ұсыныс жолданған. Өз кезегінде ағамыз да көрсетілген сенімге әбден лайық болды, онысын ісімен дәлелдеп көрсетті. Тіпті, сұр түсті қаракүл елтірісінің құндылығы мен бәсінің жоғары болғандығы соншалық, Кеңестер Одағының Сыртқы сауда министрлігі арқылы ол Америка Құрама Штаттарына валютаға айырбасталған. Есесіне, Батыс елдерінен далалық, жолсыз жерлерде жүруге бейім, суға, қарға, балшыққа, құмға батпайтын қуатты да сенімді техникаларды, қару, халыққа қажетті киім-кешек пен басқа да керек-жарақтарды алып отырған.

Міне, осылай ағынан жарыла көрген-білгендерімен бөлісіп, біраз сырды ақтарған ағалардың айтқандарынан ұққанымыз Түсекеңнің ет жақын туыстарының бірі Жайлаш Адаев та кезінде осы «Гурьев» кеңшарында бас зоотехник болып ондаған жыл жұмыс жасаған.

Ағайын-туысына ғана емес, айналасындағы үлкен-кішіге, қалаберді барша ауылдастарына ағалық ақыл-кеңесін беріп, қолынан келген қамқорлығы мен көмегін аямаған Түсекен аға кеңшарды басқарған уақытында қарапайым еңбек адамдарын ынталандырып, көтермелеп, еңбегінің лайықты бағалануына айрықша назар аударып, алғы кезекке қоятын. Соның куәсіндей, осы шаруашылықтан аға шопан Жақсы Кенжебаев «Социалистк Еңбек Ері» атанса, оның әріптесі Наурыз Иманғалиев «Ленин», ферма басқарушысы Жолдас Байсенов «Еңбек Қызыл Ту» ордендерін кеудесіне тақты. Бұлардан басқа да мемлекеттік марапатты иеленгендер аз болмаған.

Түсекен Лұқпанов қырық жылдан астам мезгілді құрайтын еңбек жолының басым бөлігін Атырау, қалғанын көршілес Маңғыстау облыстарында өткізген. Бар болғаны 56 жыл ғана ғұмыр кешкен ағамыз 1971 жылдың жазында Маңғыстаудан Қызылқоға ауданының Сағыз селосында тұратын жиен қарындасы Ұлдай мен күйеу баласы Берекеттің үйіне қыдырыстап келген сәтінде кенеттен көз жұмған. Әрине, өкінішті жағдай деп санасақ та, бір жағынан соңғы демін туған жерінде алып, топырағы бұйырғанына  шүкіршілік етуге тура келгенін де түсіндік. Сағыздағы қарындасының шаңырағынан ақ жуып, аруланып, ақтық сапарға аттанған ардақты да абзал азаматтың сүйегі өзінің кіндік қаны тамған Соркөлдегі Алақай батыр атанған қасиетті бабасының жанына жерленген.

– Түсекеңнің ел алдындағы ерен еңбегін  ескеріп, есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Маңғыстау облысының Құрық ауданы орталығындағы көшелердің біріне, немесе Атырау облысы Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылындағы бір көшеге аты берілсе  артық болмас еді. Өйткені, ағамыз қандай құрмет, марапатқа да лайық деп есептейміз, – деген пкірлерін де қосып қойды естелік иелері.

Осы мазмұндас ойымен облыстық «Атырау» газетінің редакциясына Түсекеңнің туған жері – Мұқыр ауылынан хат жолдаған Ғиният Қожақов та ортақтасыпты:

– Менің де жасым қазірде сексенді орталап қалды. 1960 жылы аудан аумағындағы Молдабек мұнай-газ барлау партиясының құрамына жұмысқа тұрдым. Сол кезде біздің шағын ұжымымыздың басшысы осы Түсекен аға болатын. Ожақай Бегалиев есімді азамат мекемеміздің бас геологі, былайынша айтқанда бастықтан кейінгі адам еді. Солардың жетекшілігімен «қара алтын» кенін барлау саласында екі-үш жылдай еңбек еткесін «Гурьев» қаракүл кеңшарына автокөлік жүргізушісі болып ауыстым. Мұнда да ол кісімен үзеңгілес жүріп жұмыс жасадық. Түсекеңнің ағалық ақыл-кеңесін тыңдап, қамқорлығын көрдім, талай рет жақсылығына куә болдым.

Дәулетқали АРУЕВ.

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз