Бір ұрттам су адамзаттың арманына айналады

IMG 6355 Жаңалықтар

Елбасы ескерткен сырттан төнер жеті қатердің бірі – ауыз су тапшылығы. Ол қазірдің өзінде дүниежүзілік проблемаға айналып үлгерді. Бүгінде жер шары халқының үштен бірі оның жетімсіздігін сезінуде. Әрине, әрқайсысы бұл күрмеулі мәселені әрқалай шешуде. Мәселен, Голландия мен Жапония таза суды Норвегиядан әкеледі. Гонконгке танкерлермен тасымалданады. Ал, Африканың кедей тайпаларының мұндай мүмкіндігі жоқ, қолдағы барын қанағат тұтады.

IMG_6355

Әлем халқы осындай күй кешіп отырғанда біздің ауыз суды тиімді пайдаланбай, шашпашылдыққа салынып жүргеніміз де жасырын емес. Рас, жоспарлы жүргізілген инвестициялық бағдарлама нәтижесінде «АтырауСуАрнасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны нормативтен тыс шығынды біртіндеп кемітіп келеді. О баста жұртшылық оның орны тариф арқылы өтелетінін ойлап, қате тұжырым жасаған-ды. Яғни, тұтынушы қалтасына салмақ салынатындай сезілген.

Әйтсе де, бұл шығын мекеменің жеке есебіне жатқызылып, соның көрсеткішін кері тартатын. Енді, міне, соңғы бірер жылда кәсіпорын жергілікті бюджеттен ақша алмай, өз бетінше қарекет етуде. Әрине, қуанарлық жай. Алайда, адамдардың өздері үнемшілдікке үйренер емес. Расында да, құрметті оқырман, өзіңіз үйіңізде ауыз суды тиімді тұтынасыз ба? Сыздықтап аққан судың шелектеп төгілген ысырап екенін ұғынамыз ба?

Иә, іргеде ағып жатқан Жайығымыз бар. Ол – ежелден шөлейт саналатын өңірге табиғаттың өзі сыйлаған байлығы. Соңғы жылдары өзен арнасы біраз тартылғанымен, әлі талай ұрпақ қызығын көрер. Рас, әлем ғалымдары қорқынышты болжам айтады. Олардың тұжырымдауынша, жер бетінде ауыз су қоры сарқылып келеді.

Зерттеулер нәтижесі көрсетіп отырғанындай, 2025 жылға қарай дүниежүзі халқының жартысынан көбі оның жетіспеушілігін айқын сезінеді. Тіпті кейбір елдерде мүлдем болмауы да мүмкін.

Мәселен, ХХІ ғасырдың орта шенінде планета тұрғындарының үштен екісі бір ұрттам суға зар болғалы тұр. Мұндай қауіп алдымен Африка, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Қытайды мекендеген жұрттың басына төнбекші. Тек Африкада ғана 2020 жылға таяу климаттың күрт өзгеруі салдарынан 75-тен 250 миллионға жуық адам қиыншылық қыспағында қалмақшы. Су көздерінің одан әрі сарқылуы онсыз да шөл және шөлейт өңірлерде орналасқан халықтың жаппай қоныс аударуына соқтырады. Әзірге мұндай босқындар саны 24-тен 700 миллионға жететіндігі болжануда.

«АтырауСуАрнасы» мекемесінің мәліметінше, аумақта тұтынушылар қатары жыл санап артып келеді. Оған облыс орталығының өзінде де, оның төңірегінде де тұрғын үйлердің көптеп салынып жатқандығы себеп. Тұтас елді мекендер пайда болуда. Бұған осындағы қуатты өндіріс ошақтарын қосыңыз. Солардың дені Жайыққа салмақ салады.

Ешқайсысы жерасты су көздерін іздестіріп, соларды кәдеге жаратуды ойластырып жатқан жоқ. «Дайын асқа – тік қасық» дегендей, бәрі де өңірдегі өзендерді пайдаланғысы келеді. Демек, жер шары тұрғындарының күрт өсуі ауыз су проблемасын одан әрі қиындата түседі. Мәселен, 2015 жылғы сәуірдегі дерек бойынша, әлем халқы 7 млрд. 289 миллионға жеткен. Әр жылғы өсім шамамен 83 млн. адамды құрап отыр. Соған сәйкес ауыз суды тұтыну көлемі де жылына 64 млн. текше метрге артуда.

Жалпы, дүниежүзі тұрғындарының саны үш есе көбейген уақытта ауыз суды тұтыну 17 есе өсіпті. Оның үстіне, кейбір болжамдарға қарағанда, енді 20 жылдан соң әлем халқы тағы үш есеге артқалы тұр.

Сонда алда адамзатты не күтеді? Урбанизация процесінің дамуы, халық санының көбеюі, өндіріс ошақтарының суды көп пайдалануы, климатикалық өзгерістердің жедел жүруі, өзен-көлдердің тартылуы – үлкен апаттың алғашқы белгілері.

Мамандардың айтуынша, ауыз су тапшылығы әлемде ауқымды геосаяси проблема туындатады. Кешегі тату көрші елдердің өзара араздасуы ықтимал. Мұндай ахуал қазірдің өзінде Орта Азияда аңғарылады. Мәселен, Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан жоғарыдан келетін су көздеріне Қырғызстан мен Тәжікстанның электр стансаларын салуына қарсы. Әсіресе, трансшекаралық саналатын Сырдария мен Әмудария бойына плотиналар тұрғызылуы олардың төменгі сағасындағы миллиондаған адамның тағдырын таразыға тартпақшы.

Атырау үшін басты мәселе – Жайық. Ресейліктердің оны жоғары жағынан бөгеуі – біз үшін тиімді емес. Әсіресе, оған құятын өзендердің ішінде ең ірісі саналатын, ұзындығы 761 км Сақмардың бойына Башқұрт елінің плотиналар тұрғызуы салдарынан төменге ағар су көлемі кемуде. Бүгінде экологтар Жайық тағдырына алаңдаушылық танытып, дабыл қағуда. Жалпы, егер республикадағы өзендердің дені бастауын сырттан алатынын ескерсек, онда ауыз су проблемасы күллі қазақстандықтар үшін үлкен маңызға ие.

Міне, бүгінде әлем жұртшылығын мазалап отырған мәселелердің бірі – осы. Статистика бойынша, әлемдік мұхиттың еншісінде 96,5 пайыз су қоры бар. Алайда, соның 3,5 пайызы ғана тұтынуға жарамды. Демек, бір ұрттам суға зар болмас үшін оны бүгіннен бастап үнемді тұтынған абзал.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз