БАЛАҒА КЕРЕГІ – ОТБАСЫ ЖЫЛУЫ

Жуырда «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалында Шығыс Қазақстан облысынан тәжірибе алмасу жұмыстарымен келген «Үміт» балалар үйінің директоры Майра Бейсеқановамен кездесу болып өтті.

Шығысқазақстандық қонағымызбен кездесуді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова ашты. Өз кезегінде қонақ өзі басқарып отырған балалар үйінің тыныс-тіршілігі жайында, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында 2012 жылдан бері «Мейірім» қайырымдылық акциясы жұмыс жасайтыны турасында егжей-тегжейлі әңгімеледі. Акция үш жастан жиырма үш жасқа дейінгі жетім балаларды қамтиды екен. Акцияның басты мақсаты ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, оларға барынша қолдау-көмек көрсету болып табылады. Сондай-ақ, олардың өз аяқтарына тұруларына, баспанамен қамтылуына жәрдемдесу.

– Атқарып жатқан жұмысымыздың нәтижесінде жетім балалар саны мейлінше азаюда. Айталық, осыдан төрт жыл бұрын, 2011 жылы, жетім бала саны 4148 болса, биыл ол 3497-ге төмендеді. Қазіргі күні 1900 жетім балаға осынша компания, мекеме, кәсіпорын қарасып, олардың есепшоттарына қаражат аударуда. Акция басталғалы 399 жетім бала «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкісі» арқылы баспаналы болды. Қазіргі таңда 220 млн. теңге қаражат балаларымыздың есепшоттарында сақтаулы, – деді өз сөзінде Майра Баймұханқызы.

 Мұнан әрі қонақ бала асырап алғысы келетін көпшіліктің тек бір және үш жасқа дейінгі кішкене сәбилерді асырап алғылары келетінін баса айтып: «Сонда бастауыш сыныптағы не бұдан да ересек балалар қайда қалады?» деген орынды сұрағын қойды. Сонымен бірге асырап алуға ниет білдіргендердің бір отбасының екі не үш баласын бөліп алғылары келетінін, заң бойынша олардың бөлінбейтінін де еске салды. Әрине, дәл осындай жағдай еліміздің қай облысында да орын алады.

 Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды қолдау мен қорғау біздің облыста да өз жалғасын тапқан. Үкімет үйі тәрбиеленушілерінің жетекшілері «Жанашыр» жобасымен жұмыс жасап, он сегіз жасқа дейінгі 657 баланы өз қамқорлықтарына алулы. Ал, оларға облыстағы белді кәсіпорындар мен мекемелер демеушілік көрсетуде. Бұл туралы кездесуге жиналғандар облыстық білім беру басқармасы өкілі Анар Қаюповадан естіп-білді. Мұнан кейін осы аталған жобамен жұмыс жасап, С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің бір-бір тәрбиеленушісін өз қамқорлықтарына алып отырған «Атырау Су Арнасы» КМК директорының кеңесшісі Тимур Салиев пен «АМӨЗ»-дің кәсіподақ ұйымы төрағасы Кенжебек Шахметов сөз алды. Олар бұл балалардың оқуына, демалуына, болашақта студент атануына, жұмысқа тұруына, баспаналы болуларына барынша қолұшын беретіндері жайында әңгімеледі.

Біздің қазақ – ертеден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Сондықтан, қандай қиындық туса да, үкімет үйіндегі балалар жалғыз қалмайды, олар үлкендер мен басшы аға-апаларының қамқорлығында болады. Бұл туралы облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова, облыстық мәслихат депутаты Амангелді Абдоловтар айтты. Осынау кездесуден ұққанымыз – қай балаға да жылы жүрек, аялы алақан, жанашыр көңіл қажет. Ал, бұл айтылған жақсылық тек отбасы – ошақ қасынан ғана беріледі. Олай болса, балалар үкімет үйлерінде емес, отбасында тәрбиеленуі тиіс.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз