Алаш ақыл-ойының алыбы

АПТА: түйін Басты жаңалық Жаңалықтар Мәдениет

Атырауда Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қар-саңында облыс әкімдігінің қолдауымен,  облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйым-дастыруымен  Қазақстан  Республикасы  Гимні авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің бірінші республикалық байқауы өткізілді.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba

Қазақ поэзиясының биігі Абай, Махамбет, Мағжан бастаған алыптармен өлшенер болса, одан кейінгі толқын  Жұмекен Нәжімеденов бастаған сөз сардарларымен жалғасады. Азаматтық, философиялық, лирикалық өлеңдерімен қазақ әдебиетіне қайталанбас құбылыс болып келген жыр жұлдызы – ұлттық мақтанышымыз, жас ұрпақтың рухани айнасы. Қазақ поэзиясының биік шыңына айналған Жұмекен Нәжімеденов есімі Қазақ елі барда, әдебиет сүйер әлем барда ешқашан ұмытылмайды.

Жұмекен  Нәжімеденовтің  «Менің Қазақстаным» өлеңіне белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың  ән арнауы туындының ғұмырын  мәңгілікке айналдырды. Ұлт бойындағы ұлы рухты ұйықтатпай, жарты ғасыр бойы тербеп келген  осынау ән  бүгінгі күні тәуелсіз Қазақ елінің Мемлекеттік гимніне айналды.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген  республикалық «Жұмекен оқулары» тәуелсіз елдің асқақ Әнұранымен басталды. Одан кейін ақынның өмірі мен шығармашылығы сахнадағы үлкен экраннан көрсетілді. Қазақ сөз өнеріне, әдебиет қорына айшықты мұраларын қалдырған Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  қатысты.

Жырдан  нұр төгілген  күн

Интеллектуалды поэзияның бірі де бірегейі Жұмекен ақын – әлемдік деңгейдегі феномен. Күллі ғалам  классиктерінің  қатарында тұрған ақынның  жырларын алты алаш баласы жете біліп, жата-жастана оқиды. Аз ғана ғұмырында әдебиет аренасында ренессанс жасаған Жұмекен Нәжімеденов прозада да кең көсілді. «Ақ шағылдар», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» секілді романдарымен күллі еліміздің қадір-қасиетін, толайым табысын толғап өтті. Оның әр жаз-ғаны өзі туып-өскен Қошалақтың құмындай жұмбақ, күрделі әрі мың бояулы. Бүгінде ақынның шығармаларын жатқа оқитын, жүрекпен түйсінер ұрпақ өсіп келеді. «Жұмекен оқулары» байқауына еліміздің әр өңірінен жиырмаға жуық үміткер қатысып, бағын сынады. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Оңтүстік, Солтүстік, Батыс Қазақстан облыстарының өнерлі жастары келді.

Байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba2

«Жұмекен ақын өзінің дарыны арқасында соңына өшпес із қалдырды. Оның шығармалары әдебиеттің төрінен ойып тұрып орын алды. Ол жазушылығымен қоса, тамаша күйші де болды. «Шын талант жан-жақты» деген сөз осындай тұлғалараға айтылса керек. Бұл жыр додасы жастардың Отанға, салт-дәстүрге деген сүйіспен-шілігін оятары хақ. Еліміздің әр-түкпірінен келген көркем-сөзшілердің бәрі өнерлі деп білемін»,-деді Әлібек Ибатоллаұлы.

Шалқытып өлең оқып, көсіліп прозаны сөйлеткен көркемсөз шеберлерінің өнерін жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлы бастаған қазылар алқасы бағалады.  Қазылар алқасының құрамында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы, «Өлке» баспасының директоры, жазушы Мереке Құлкенов, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп және Атырау облыстық мәде-ниет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов болды.

Мадияр – көрермен көзайымы

Үміткерлер байқаудың шарты бойынша Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиялық және прозалық шығармаларын өз деңгейінде нақышына келтіріп оқыды. Оның ішінде образға еніп, туындының мазмұнына сай сахналық қойылым жасағандары да көзге түсті. Таза поэзия мен прозаны кәдімгі кітаптан оқығаныңдай еш бояусыз қарапайым жеткізгендері де бар еді. Кімнің қай деңгейде оқығанына көрермендер өз таңдауын жасап, ойша үздіктерді бағамдап отырды.

Осы орайда, Астана қаласынан қатысқан көркемсөзші Мадияр Жақыпқа  «ТриасМұнайГаз» ЖШС компаниясының директоры Рашид Ілесұлы ақын шығармасын сахна тілінде сөйлеткен актерлік шеберлігі үшін 100 мың теңге қаржылай сыйақы берді.

Жұмекен ақын да кезінде қазақ поэзиясында жұлдыздай жарқырап көрінген  қазақ жастарын тәрбиелеген ақын болғанын айта кетейік.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba5

Бәйге талассыз болмайды

Қазылар алқасының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қажығали Мұхамбетқалиұлы үздіктерді анықтау қиынға соққанын айтты.

– Бәйге талас-тартыссыз болмайды. Осы сахнаға шығып, өлең оқудың өзі – үлкен күш. Жастардың қай-қайсысы да жақсы өнер көрсетті. Бірақ, «Жүйріктен жүйрік озар» дегендей, олардың еңбегін таза бағалауға тырыстық. Осындай жыр додаларын ұйымдастыратын, шығармашылық адамның бейнесін көрсетіп, олардың есімін ел ықыласына бөлейтін тұлғалар керек. Сонда ел болып, ақынды құрметтей аламыз. Бұл ретте, осы шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастамашы болып отыр. Бұған дейін аймақ басшысын әдебиетті, өнерді қолдайтын азамат ретінде жақсы танитын едім. Елдің алғысына бөленген осындай азаматтарымыз көп болсын, – деді Қажығали Мұхамбетқали-ұлы.

Бас жүлде – Гүлімде!

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев байқаудың марапаттау рәсімінде сахнаға көтеріліп, жыр додасының мәні мен маз-мұнына кеңінен тоқталды.

– Атырауда  тағы да мерекелі күн өтіп жатыр. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы кең көлемде тойлануда. Бұл ата-бабаларымыздың аңсаған арманы еді. «Тәуелсіз ел қашан боламыз?» деп, қаншама боздақ жанын пида етті. Сол егемендік бүгінгі күні бізге бұйырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздікті алу бізге қандай қиын болса, ғасырлар  бойғы армандаған қасиетімізді ұстап тұру одан бетер қиын. Сондықтан, жүрегі елім деп соққан әрбір қазақ тәуелсіздік ұғымы мәңгі болуы үшін білімін жетілдіріп, қоғамға пайдасын тигізуі керек» деп атап айтқан болатын. Осы қасиеттердің бәрі бізде бар. Өткізіліп отырған аталмыш республикалық байқаудың жақсылыққа құ-мартқан жастарға Отанына деген сүйіспеншілігін арттыруда маңызы зор. Жұлдыз болып ағып өткен Жұмекен Сабырұлы атындағы көркемсөз байқауы келесі жылы да жалғасын табады, – деген аймақ басшысы жаһандану заманында рухани құндылықтардың мәні артатынын баса айтты.

«Егер бір адам кітап оқымаса – ол өзінің жеке трагедиясы. Ал, миллиондаған адам кітап оқымаса – онда ұлттың трагедиясы» деген екен бір ойшыл. Ақпараттанған, жаһандану процестері жүріп жатқан заманда кітаппен сусындағанымыз абзал. Қандай қиындыққа да төтеп беріп, қарсы тұратын күш – рухтың биіктігі болмақ. Бүгінгідей ақпарат көп заманда, кітапты алмастыратын дүние жоқ. «Адамзаттың өмірінен өнерді, мәдениетті алып тастасаң, әлемде қарудың дауысы мен ақшаның сыңғыры қалады» деген даналық ой бар. Сондықтан, мұндай шараларды жиі ұйымдастыру – өмірдің талабы» деген облыс әкімі байқаудың Бас жүлдесін иеленген алматылық Гүлім Садырбековаға диплом мен 300 мың теңгелік сертификатты табыстады. Сондай-ақ, шараның арнайы қонағы – жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлын 74 жасымен құттықтап, «Исатай–Махамбет ескерткішінің»  экспозициялық көшірмесін сыйға тартты.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba7

Жүлделі I орынды атыраулық Назира Әшім иеленді. Ақмола облысынан қатысқан үміткер Перизат Жаңғылышбаева мен Маңғыстау облысының үмітін үкілеп келген Айдос Жұмабаевқа жүлделі II орын бұйырды. III орын Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысқан Арайлы Алтаева мен жерлесіміз Нұрдәулет Табылдиевке және Оңтүстік Қазақстан облысының қатысушысы Назерке Құлжабаеваға бе-рілді.

Байқау соңы атыраулық өнерпаздардың концертіне жалғасып, Жұмекен ақынның сөзіне жазылған бірқатар әндер орындалды.

 

Мадияр ЖАҚЫП, астаналық көркемсөз шебері:

«Жұмекенді жастар оқиды»

Жұмекен ақынның жырларын сонау елуінші жылдары жастар жастана оқыды. Өміршең шығармалар – бүгінгі күні біздердің де іздеп жүріп сусындар азығымыз. Өзім, әсіресе, патриоттық тақырыптағы өлеңдерді Жұмекеннен табамын.

Байқауға қатысарда  арнайы тіл мамандарына барып жаттықтым. Әртістік қабілетпен бірге, сахна адамына білімділік қажет. Жұмекен ақын жайында зерттеу барысында, «Менің  Қазақстаным» әні жайлы қызықты дерекке кезіктім. Аталмыш әннің екі шумағы Қарағандыда 1956 жылы жазылыпты. «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» деп басталатын бұл шумақтар сарғыш тартқан парақтарда, Жұмекеннің Мәскеуден әкелген, болашақ туымыз түстес көгілдір шабаданында сүйген қызы Нәсіп сыйлаған кестелі ақ орамалмен бірге сақталыпты.

Кейін Шәмші Қалдаяқов өлеңге ән жазған. 1959 жылы  Жамал Омарованың орындауында Қазақ радиосынан берілген. Бүгінде Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалған сәтте кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Көңілім көкке өрлейді.

 

Гүлім САДЫРБЕКОВА, байқау жеңімпазы:

«Қарсыластарым мықты болды»

– «Жұмекен ақын рухына бағышталып, көркемсөз байқауы өткізіледі» дегенді естіп, сонау Алматыдан арнайы келдім. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде филология мамандығының 4 курс студентімін. Бұған дейін де студенттер арасында өткен республикалық «Таңжарық» және «Ілияс Жансүгіров атындағы оқулардан» жүлдегер атансам, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Тарихқа тағзым» атты байқаудың Бас жүлдесін иелендім. Атырауға алғаш рет келіп тұрмын. Әсерім күшті. Байқауға ең мықты деген үміткерлер қатысқанын көрдік. «Бас жүлде бұйырады» деп ойламаған едім. Бірақ, бүгін менің жолым болды. Қуаныштымын. Көркемсөзшілердің өзге сайыстарда да бағын сынап көріп, жеңіске жетуіне тілектеспін.

 

Перизат ЖАҢҒЫЛЫШБАЕВА, байқаудың жүлдегері:

«Таланттарға  жол  ашты»

– Сайысқа Ақмола облысының атынан қатыстым. Негізі, өзім Қарағанды мемлекеттік университетінде оқимын. Жұмекен шығармаларын бала кезден жаттап өстім. Қазір де қолым қалт етсе, жырларын оқуға асығамын. Өлеңдеріне еліктеп, өзім де өлең шумақтарын құрастыра бастадым. Бұған дейін жас ақындар арасында өткен мүшәйраларға қатысып жүрдім. Мұндай көркемсөз байқауында алғаш рет бақ сынап отырмын. Бірақ, өлеңді мәнерлеп оқып, актерлік қабілетімді де шыңдап тұруға болатынына көзім жетті. Осындай байқаулар жыл сайын дәстүрлі түрде өтсе, көптеген таланттар танылар еді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған