АТАКӘСІП ӨРКЕНДЕЙ БАСТАДЫ

Облыста қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласы ілгері басып келеді деп сеніммен айтуға болады. Мұндай оң бетбұрысқа, әрине, халқымыздың атакәсібін өркендетуге жіті назарын аударып, мүмкіндігінше жағдай туғызып отырған облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ықпалы тиіп отырғаны сөзсіз. Облыс көлемінде осы бағытта көптеген жобалар қолға алынуда. Сиыр, тіпті, ешкі сүтін өндіріп, өңдеу жұмысы жолға қойыла бастады. Қазіргі таңда біздің шаруа қожалығымыз сүт, сүзбе, қаймақ секілді сүт өнімдерін шығарып отырмыз. Менің өзім дәл қазір «Дина» базарына қолдан жасалған, табиғи, нәрлі өнімдерді әкеліп отырмын. Алдағы уақытта жоспарланғандай сүт зауыты ашылған жағдайда ферманың өнімділігі артып, біртіндеп шет елге өнім шығаратындай деңгейге қол жеткізуге болады. Осылайша, құрт-ірімшік, басқа да сүт өнімдерін шығарып, ассортиментті ұлғайтуға әбден болады.

 Ауыл шаруашылығы – Үкіметтің қолдауына сүйене отырып дамитын сала. Әсіресе, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер тұста мұның өзі аса маңызды. Сол себепті жергілікті шаруаларға субсидия беру, мал азығын дайындау мәселелеріне көңіл аударылса құба-құп болар еді деп ойлаймын.

Өткен жыл бойынша деректерге сүйенсек, былтыр ауыл шаруашылығы секторында 3,5 млрд.теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске қосылып, көптеген жұмыс орны ашылған. Өлкеміздегі осындай көңілге қонымды көрсеткіштермен қуанамыз.

Аманжол Есқараев,
«1 мамыр» ЖШС директоры,
Махамбет ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз