ЖАНҚИЯРЛЫҚ ЕҢБЕКТІҢ ҮЛГІСІ

Миллиондаған жанның құрбан болуына себепші болған сұрапыл соғыстың аяқталғанына 70 жыл таяп келеді. Айтулы күнге орай жеңісті жақындатып, қан майдандағы қиындықтарға қарамай салынған Гурьев-Астрахан бағытындағы темір жол құрылысына қатысқандар туралы қанша айтсақ та артық емес. Бұл ретте атыраулық Күлима Дәулетова туралы сыр шертуді жөн санадық.

Осыдан 86 жыл бұрын Есбол ауданы, Қаңбақты ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз алғаш мектеп табалдырығын тоғыз жасында аттады. Өйткені, оның балалық шағы Ұлы Отан соғысы кезімен тұспа-тұс келген болатын. Мектепте дәріс ала жүріп, сол кезеңдегі өмірдің ауыртпалықтары оны ерте есейтті.

Өткенге шегініс жасап, қиындыққа толы балалық шағын еске түсірген Күлима Дәулетова былай дейді:

«1942 жыл болатын. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезіміз. Мектептің Жұмақан Дүйсәлиев деген уәкілі оқушы екенімізді айғақтайтын құжаттарымызды жыртып, еңбекке жарамды ауыл балаларын темір жол салуға жіберді. Бұл кезде мен 14 жаста болатынмын. Бригадиріміз Есенғали Ерғалиев деген азамат. Біздің колхоздан 40-қа тарта жесір әйел, 13-14 жасар балалар, соғысқа жарамаған кемтар ер адамдар қызу еңбекке араласты. Қиындықтың ешбіріне мойымадық» деген Күлима әжей бүгін сол бейнетінің зейнетін көріп отырғанына шүкіршілік етіп, көзіне жас алды.

Оның айтуынша, Қаңбақты ауылының тұрғындары Сарыөзектен бастап Новобогаттың тұсына дейінгі жерлерде темір жол төседі. Қара жерді қазу үшін бірнеше адам бір түйеге мінгесіп, қалғандары жаяулатып сол жерге жететін. Сұрапыл соғыс кезінде жарытып ішетін тамақтың жоқтығы да белгілі ғой. Олар құмаршықтан пісірілген нан мен қатықсыз құмаршықтан пісірілген қара көжені азық етті. Киген киімдері де құрақ, тіпті түйенің көнінен тігілген еді.

Таң атысымен қызу жұмысқа кірісіп, іңірде қамыстан жасалған күркешікке кіріп, кезек-кезек жайғасып, көз іліндіреді. Оған тек төрт-бес адам ғана жайғасатын. Себебі, оның іші өте тар. Соған қарамастан бұл жерде екі жыл қатарынан топырақ тасып, жер қазу жұмыстарына атсалысты. Оның ішінде ауыл тұрғындары – Рахилла Ихсанова, Ахатан Әліпов, Ахат Қуанышева, Айханым Сабыраева, Ибат Есімғалиев, Базарғали, Сағида, Жібек, Масиха Сидахметова, Қадим Сапуанов, Сұлтанғали Сағындықов та бар. «Бәріміз бір үзім нанды бөліп жеп, бір ыдыстан ас ішіп, бір үйдің балаларындай болдық. Ауыр-ауыр жұмыс жасап, біздің доп қуып, алақайлап ойнайтын кезіміз болған емес» деген біздің кейіпкеріміз 1944 жылы бұл отряд Қызылқоғаға су жүретін канал қазуға жіберілгенін айтады.

«Ауданнан барлығы 105 адам жүгімізді артып, Қызылқоға жаққа бет алдық. Негізгі көлігіміз – арба жеккен бір түйе ғана. Жаяулатып жүріп, Қарабау, Қаракөл ауылдарынан әрі асып, аудан орталығына жетіп, канал қазу жұмыстарына кірістік. Мұнда да жағдай мәз емес болатын» деген Күлима Дәулетова кезіккен әр қиындыққа мойымағанын, мұның бәрі Отанға деген сүйіспеншіліктің нәтижесі екенін баса айтты. Ол кезде жасаған қызметінің еңбегін алып, жалақы алу деген болмады. Тек тынымсыз еңбегі үшін Күлима әжейдің есімін атап,  аудандық басылым бетіне жарыққа шығарған. Сол кезде бұдан басқа марапат болмады.

Ол жер қазудан қолы босай қалса, тынығып, демалу дегенді білмеген. Керісінше, шұлық, қолғап тоқып, соғысқа кеткен азаматтарға киім-кешек жіберіп тұрды.

Осындай қиын-қыстау кезеңді бастан кешкен Күлима Дәулетова 1947 жылы Ұлы Отан соғысынан оралған азамат Әбдіреш Дәулетовке тұрмысқа шығып, сегіз баланы дүниеге әкелді. Аудандағы Новобогат селосында аспазшы болып, қызмет ете жүріп, бала тәрбиесіне де байыппен қарай білді. Ешқашан қол қусырып қарап отырмаған ол 1952 жылы Атырау қаласына қоныс аударған сәтінде де сауда орталығына дүкенші болып қызметке тұрады. Сол қызметінен зейнетке шығып, бүгін төрт ұлынан өрбіген 11 немере, 13 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.

«Біз адам төзгісіз қиындықты ерлермен қатар көтеріп, сұм соғысқа қарғыс айтып, талай солқылдай жыладық. Өзіміз тоңып, ашқұрсақ жүрсек те, майдандағы жауынгерлерге тамақ, киім-кешек жіберіп тұрдық. Біз бастан кешкен бұл қиындықтарды ұрпақтарымыз көрмесе екен. Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын» деген ақжаулықты ана бүгінгі бейбіт күннің оңай келмегенін, оның қадір-қасиетін жас буынға жеткізу міндет екенін айтып, тебіренді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз