ЕРЕН ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН ЕДІ…

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында еңбекпен барлық қиындықты жеңуге болатыны жақсы айтылды. Міне, мен әңгімелегелі отырған Сембай Есенғалиев осындай ерен еңбегімен ер атанған азамат еді.

Ертеде бір данышпан «Адамның барлық қасиеті оның жасаған жас мөлшерімен емес, атқарған тірлігінің мазмұнымен бағалануы тиіс» деген екен. Сембай Есенғалиұлының еңбек жолы кім-кімге де үлгі алуға тұрарлық.

Сембай Есенғалиұлы 1927 жылы сол кездегі Еспол ауданына қарасты Көктоғай деген жерде дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен, мектепті аяқтауға мүмкіндігі болмайды. Өйткені, үлкен ағасы Тәжім 1941 жылы Отан қорғауға майдан шебіне аттанады. Кешікпей кіші ағасы Есқали да армияға алынады. Сембай үлкен ағасы Тәжімнің орнына сатушы болып жұмыс жасайды. 1945 жылы ағасы Есқали елге аман-есен оралып, інісі Сембайды «Қорық» деген жердегі Төреғалидың қызы Зәпенге үйлендіреді.
С.Есенғалиев 1947 жылы Гурьевтегі мұғалімдер даярлайтын екіжылдық институтқа оқуға түсіп, оны сырттай аяқтаған соң Жаңаталап ауылындағы Жамбыл атындағы мектепте жұмыс жасайды. Кейін 1954 жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін даярлайтын жоғарғы мектепке оқуға жолдамамен барып, оны 1956 жылы аяқтап, Гурьев облысында екі жылдай қауіпсіздік комитетінде еңбек етеді.
Үкіметтің кадрларды ауылға, колхоз-совхоздарға жіберу туралы заңына байланысты, Сембай Есенғалиұлын облыстық партия комитеті Жаңаталап ауылындағы Жамбыл колхозына басқарма төрағасының орынбасарлығына жібереді. Бұл 1950 жылдардың аяғы болатын. Ал, колхоздың басқарма төрағасы бірнеше ауданда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жасаған Хисма Сұлтанов деген азамат еді. Ол Сембайдың колхоз басқаруда тәжірибе жинақтауына, халықпен жұмыс жасай білуіне көп әсерін тигізеді. Сембай жұмыс жасай жүріп, 1959 жылы Анапа қаласындағы колхоз басшыларын даярлайтын ауылшаруашылық институтына сырттай оқуға түсіп, оны 1962 жылы тәмамдайды. Одан кейін Астрахандағы Рыбтузға оқуға түсіп, оны да ойдағыдай аяқтайды.
Мол тәжірибе жинақтаған Сембай Есенғалиев 1968-1972 жылдар аралығында Қызыл балық колхозында басқарма төрағасы қызметін де атқарды. Кейін партияның жолдауымен 1975 жылға дейін В.И.Ленин атындағы балық-консерві жасау комбинатының қара уылдырық зауытының директоры лауазымында болды. Ұзақ жылдар тынымсыз еңбек еткен ардақты жан құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін Жамбыл атындағы колхоздың басқарма төрағасы қызметін абыроймен атқарды.
Еңбектің еленгені деген осы, Сембай Есенғалиевтің еліміздің экономикасының дамуына, мәдениетінің өркендеуіне қосқан еңбегі елеусіз қалмады. Ол – «Құрмет белгісі» орденінің, «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің және бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері. Балықшы ауданының Құрметті азаматы, бірнеше дүркін аудандық кеңестің депутаттығына сайланды, аудандық партия комитетінің Пленум мүшесі болды.
Мен Сембай Есенғалиұлының ата-тегін, ағалары мен інілерін бұрын да жақсы білетін едім. Бірақ, Сембайдың өзімен жақын таныстығым 1970 жылдан басталды. 1969 жылы Балықшы аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне жұмысқа келдім. Колхоз-совхоздарды аралап, партия жиналыстарына қатысуыма, партия оқуларын тексеруге тапсырмалар алып, шығып тұратын кездеріміз көп болды. Сондай бір сәттерде Сәкеңмен танысып, сыйлас дос болып кеттім. Сембай жылы жүзді, жайдары адам болып көрінгенімен, бірбеткей, талапшыл, ісіне мығым азамат еді. Ол колхоз шаруашылығымен қатар, ауылдың мәдениетін көтеруге, жастардың білім алуларына да жақсы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді.
Жамбыл атындағы колхоз Жанбайдан көшірілгеннен кейін ауыл жастарына қолдау көрсетіп отырды. Ол қолдан тас бастырып, қазіргі Жамбыл атындағы орта мектептің алғашқы үйін салдырған болатын. Сонымен қатар, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына көңіл бөліп, балық шаруашылығымен айналысатын колхоздар ішінде бірінші болып спорт залдарын салдырған да С.Есенғалиев еді. Селолық клубта көркемөнерпаздар ұжымын ұйымдастырып, аудандық, облыстық байқауларға өзі бастап баратын.
Сембай өзінің саналы ғұмырында көптеген басшылық қызметтерде болып, өзінің білімі мен біліктілігін, қажыр-қайратын еліміздің экономикасы мен мәдениетін дамытуға жұмсаған, өткір ойлы, өз ұстанымына берік, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, көпке үлгі бола білген азамат еді. Әз ағаның өмірден озғанына да жыл толып қалыпты.
Сембай Есенғалиевтің артында қалған үш ұлы мен үш қызы, олардан өрген он жеті немересі мен он бес шөбересі бұл күнде салауатты да салиқалы азаматтар болып өсіп-жетіліп келеді. Олай болса, үлкен ұлы Төремұрат бастаған ұрпақтары, туыстары Есенғали әулетінің ұстанған дәстүрін жалғастыра берері сөзсіз.
«Адам өлген күні өлмейді, жоқтаушылары таусылған күні өледі» демекші, артында ұрпағы, өзімен тағылымды тағдырды бірге кешкен дос-жарандары барда Сембай Есенғалиұлының есімі есте ұзақ сақталады.

Қамза ҒАБДОЛЛА.
Балықшы кенттік ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз