ЕЛ АҒАСЫ

Адам баласы дүниеге келгеннен кейін, алдындағы аға буынның жолын қуар, туған елі, өскен жеріне өмірі мен өнегесі арқылы сыйлы, ардақты болар азамат атануға талпынуы – өмір заңы, адамдық қасиеттің мәні болса керек.

…Біз секілді сол заманның балалары – кішкене кезінен-ақ ел шетін соғыстың салқын оты шарпығандықтан ерте есейген, қарапайым еңбектің қадірін терең бағалаған буын өкілдері.

Сұм соғыс басталған шақта біз Құрманғазы ауданының Ресеймен шектес, Еділдің саласы Қиғаш өзені жағасындағы Котяевка ауылындағы Крупская атындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбын тәмамдап жатқан болатынбыз. Бірге оқитын 12 бала едік, оқу жылы басталғанда үш оқушы қалыппыз. Бәрі қым-қиғаш тағдырға тап болып, бірі майданға кеткен әкесінің орнына жұмысқа алынса, енді бірі отбасын асырау қамымен оқудан қол үзді. Сөйтіп, оныншы сынып ашылмай қалды.

Үлгерімі жақсы болған үш оқушыны ауданнан арнайы бір айлық курсқа оқытып, мұғалім етіп шығарды. Солардың бірі – мен.

Әкем басқарма болып жасайтын Морской кеңесінің Қызыл ту колхозындағы Пионер жетіжылдық мектебінің тарих, математика, әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып тағайындалдым. Балалық дәуренді артқа тастап, өзіміз қатарлы балаларды тыңдата алатын, дәріс беріп, тапсырма жүктей алатын ұстаз болып шыға келдік. Күндіз сабақ береміз, түнімен оқып-жаттығамыз. Жауапкершіліктің жүгін терең сезініп, бір-ақ сәтте үлкендермен «тереземіз теңесті».

Мектебіміздің басшысы жасы үлкен Қайырғали ағай жұмысымызды қадағалап, ақыл-кеңесін беріп, бізді шыңдай түсті. Ауыл арасында майданнан «қара қағаз» алып, ұлардай шулап қалатын қайғылы күндер болып тұратын. Сол сәтте олардың көңілін аулау үшін үйлеріне барып, сабақ оқитын жастағы балаларына қолдау танытатынбыз.

Кейін уақыт өте келе, менен дәріс алған Хасан Каримов, Өтеміс Қонашев, Рыспай Мүліков сынды азаматтардың танымал әдебиетші, журналист, тарихшы болып шыққаны – жас та болса үлкендерден кем қалмауға тырысқан өрімдей жастардың еңбегі деп білеміз.

***

Қанқұйлы соғыс елімізді қиындыққа ұшыратты, қайғыдан белін қайыстырып, ошақтардың отын өшірді. Алайда, ол өсіп келе жатқан жастардың жігерін жанып, намысын қозғады, қайраттандырып, адал еңбекке баулыды. Бұл – сөзсіз шындық.

Өз өмірім арқылы мысал келтірсем, әскери дайындық пәнін жүргізуге қажетті оқулық не әдістеме тұрмақ, қолданылатын құралдар да жоқ екені белгілі. Әкеме айтып, жарытымды ағаш та жоқ, әйтеуір нобайын келістіріп, мылтық жасадық. Балаларды екі топқа бөліп, бірі біздің әскерлер, енді бірін фашистер дейміз. Соңында біздің жауынгерлер жеңіс туын желбіретіп, әндетіп, елге оралады. Оқушылар бұл сабақты қызығушылықпен қабылдап, «қашан болады?» деп тосып жүретін. Осы туралы үйлеріне айтып баратын болса керек, көп ұзамай аула сыртына әже-апаларымыз жиналатынды шығарды. Даңғырлатып табақтарды соғып, пулемет атқылаймыз. Шайқас аяқталып, жеңіс туы желбіреген сәтте жаулығының шетін көзіне апарып, «осы күнге жетуге жазғай!» деген тілекпен ауыл адамдары тарқасатын. Кейіннен осы пәнді жоғары деңгейде өткізгенім үшін ауданнан арнайы адамдар келіп, маған арнайы  марапат  тапсырған да болатын. Бұл естеліктерді айтқандағы мақсатым – халықтың ауызбіршілігін көрсету, тұтастығын паш етіп, кішкентай баласына дейін ел үшін еңбек еткенін жеткізу.

***

… Соғыс жеңіспен аяқталды, ел теңселіп барып, тіктелді. Елі мен жерін қорғау үшін жанын берген жауынгерлерге ерекше құрмет болса, бейбіт күндегі жарқын өмірді жақындатуға үлес қосқан майдангерлерге қай құрмет те артық емес. Осыдан соң өмір жалғаса берді. Біз жоғары оқу орындарына аттанып, білім алдық, еңбекке араластық.

Сұм соғыс салған салқындықты сезініп, сұр шинельді арқалаған солдаттар, туған жердің топырағын басып, ел еңсесін түзеуге септескен есіл ерлер қаншама! Ел ағасы атанып, еңбекқорлығымен, ұйымдастырушылық шеберлігімен, халық жадында сақталған азаматтардың бірі де бірегейі – Оңайбай Көшеков.

Өзіміз сияқты ауылда, мал өсірген шаруаның отбасынан шыққан осынау азамат – соғыстың қатал шағында шыңдалған, туған жердің қадір-қасиетін терең түсінетін жігерлі де намысшыл жан.

Елге оралған соң, ауыл шаруашылығы саласына араласты. Теңдік, Бақсай малшыларын басқарып, жаңаша өмір белестерін меңгертуге септесті. 1968 жылы Маңғыстау ауданына басшылық жұмысқа ауыстырылып, табиғаты қатал, жол азабы мол өңірдің әр жерінде шашыраңқы орналасқан шаруашылықтарды, өндіріс ошақтарын біріктіріп, үлкен салалы совхоздар құруға тер төкті, олардың шаруасын түзеп, дамудың жолына бастады.

Ал, 1970 жылы Дінмұхаммед Қонаев Оңкеңді Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы етіп сайлады. Ауыл шаруашылығы саласын дамытып, бұл бағыттағы істерді жандандыру, сол үшін жас комсомол жастар бригадасын құрып, өзге аймақтарға да соны тәжірибені енгізу сынды жұмыстардың басы-қасында да осы Оңкең тұрған болатын.

Міне, осындай жауапты кезеңде мен Оңкеңмен жұмыстас болып, басшылығын сезіндім, тапсырмаларын тиянақты орындау арқылы, өз ісіме төселіп, оның қыр-сырына тереңдей түстім.

1977 жылы Гурьев облыстық партия комитетінің І хатшысы С.Мұқашев Республика  Жоғарғы  кеңесіне жұмысқа кеткенде, орнына тағайындалған Оңайбай аға Көшеков Атырау өңірінің қай саласы бойынша да алдыңғы қатардан көрінуіне тікелей жағдай жасады. Білікті басшы ретінде, әр істің тетігін шешуде тереңдік пен тәлімдік танытты. Өз ісі мен қызметі арқылы көпке үлгі болып, бірнеше буынның ұстазына айналды.

Сол шақта мен Жылыой ауданы атқару комитетінің төрайымы болатынмын. Облысымыздың сенімді басшысы Оңкеңдей азаматтың бастауымен, өңірдің жетістіктері арта түсті.

***

Оңкеңнің өзгелерге үлгі болар тағы бір тұсы – адамгершілік қасиеті жоғары еді. Отанасы Айсұлу екеуі – ұлағатты ұл, қылықты қыз тәрбиелеген үлгілі шаңырақ иелері болатын. Үйдегі уақытынан гөрі, түздегі уақыты басым болатын басшылық жұмыстағы ерінің бабын тауып, отағасының мерейін үстем қыла білген мұндай жандар – үлкен тәрбие бастауы. Әсіресе, Димаш аға Қонаев Мәскеуге депутат ретінде съездерге барған сәттерде «Айсұлу келіннің шайы ұнамды» деп, үнемі мақтап отыратыны да қазақтың келіні, асыл жар, аяулы анасына берілер бағаның жоғарысы деп білеміз.

Оңайбай аға – шұрайлы қазақ тілінің мәйегін, мәрт сөздерін терең түсініп, жиі қолданатын. Орынды жерлерде пайдаланылған осындай ұрымтал сөздер қашан да «мен – қазақпын» деген өр кеуделі азаматтардың мақтаныш сезімін оятатын. Осы қадамы арқылы ортаны көтеріп, жігерлендіріп те жіберетін еді.

Әрине, жұмыс болған соң, талаптың да қатаң болары сөзсіз. Қарауында 25 жылға жуық уақыт қызмет атқарған біздер оның дауыс көтеріп немесе орынсыз мінез көрсеткенін көрген емеспіз. «Әйелдің жолы жіңішке» дей тұрсақ та, жұмыс бабында «ол әйел ғой» деп кішірейткенін көргенін емеспін.

Сырғымалы уақытта тоқтау жоғы рас. Оңкең ағамыз тірі болса, торқалы тоқсанын атап өтер едік. Амал нешік! Біреуге кеш, біреуге ерте келер өлімді жеңетін – артыңда қалған саналы ұрпағың мен халыққа қылған қалтқысыз қызметің, соңыңа қалдырған соны ізің…

 

Меллят САБЫРҚЫЗЫ,

Атырау қаласының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз