БІРЛІГІ БЕРІК БІЗДІҢ ҰЖЫМ

елу  жыл  бұрын  да  осылай  болған!..

Таяуда інім Қажымұқанның ата-енесі өздерінің шаңырақ көтергеніне  жарты ғасыр толуына орай «алтын той» өткізді. Әуелден-ақ қарапайым еңбек адамдары Сабырғали Хамиев пен Қарлығаш Молдажарова бұл шаттықты шағын ағайын-тума, құда-жекжат, көрші-көлемдерімен бөлісуі кейінгі ұрпақ үшін ерекше тағылымға толы еді. Десек те, бұл - өз алдына бөлек әңгіме.  Біздің айтпағымыз – сол үйдің отбасылық альбомындағы бір сарғайған сурет хақында.

 

Мені осы суреттегі өзіме таныс бейнелер еріксіз тарта берді. «Апырау, мына суреттегілер – біздің газет редакциясының 60-ыншы жылдардағы ұжымы ғой…» деген ой санамда  сол бойда-ақ жылт етті. Иә, иә, облыстық  «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің сол кездегі бас редакторы Түсіп Бисекенов, орынбасарлары Әбуғали Ғабдуллин, Шөпенғали Дәуенов, жауапты хатшы Берік Қорқытов, журналистер Нұреден Муфтахов, Тәжі Ақымов, Құмарғали Ғабдешов, Тілек Дәулетов, Әміреш Жұмағалиев, Хадиша Сұлтангереева, Сансызбай Оқасов, Жаңбырбай Сұлтанғалиев, корректор Кәрима Усланова, хат тіркеуші Ақдина Қожамжарова, терушілер Қымбат Әбдірахманова, Ермек Ықсанова, Ақлима Мақұлова, Рысты Қарымсақова… 

Көзіме оттай басылған осы аға буын әріптес аға-апаларымның жастық жалын ойнаған жүздеріне байыптай қараған мен:

– Сонда сіздер бұл ортада қайдан отырсыздар? – деп таңырқай сұрадым.

– Мен сол кезде редакцияда қызмет істедім ғой, – деді әуелден көп сөйлемейтін Қарлығаш құдағай.

– Кім болып?

– Телетайптың қабылдаушы-операторы болып…

– Ал, мына сурет сонда сіздердің үйлену тойларыңыздың кезінде түсірілген-ау… – Маған енді бәрі түсінікті  бола бастағандай. Шынымен де, анықтасам, бұдан жарты ғасыр бұрынғы сарғайған фотосурет тарихы тіптен ғажап екен. 

Ғажаптығы сол, телетайпшы Қарлығаш Молдажарованың тұрмысқа шығу тойын бүкіл редакция ұжымы болып арқа-жарқа өткізіпті. Күйеу жігіт Сабырғали Хамиев жағынан оның жездесі, сол кездегі байланыс саласы автобазасының директоры Серікбай Досымов бас құда болып келсе, қыз жағынан бұл міндетті Түсекең (Түсіп Бисекенов) атқарыпты. Заманына қарай комсомолдық той қызықты да, мазмұнды өткенге ұқсайды. Оны суреттегі қуаныштан бал-бұл жанған көңілді жандар кейпі айқын аңғартқандай.

Міне, былтыр ғана 90 жылдық белесін атап өткен облыстық «Атырау» газетінің шежіресінен бір үзік сыр шерткен осы бір суретке мен кездейсоқ тап болдым. Ең бастысы, одан біздің аға буынның әуелден-ақ ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем ұжым болғандығын риясыз таныдым. Осыны бүгінгі әріптестеріме және қалың оқырмандарымызға жеткізгенше асықтым…

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
облыстық «Атырау» газетінің 
бас редакторы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз