Тұмаудың алдын алыңыз!

Жаңалықтар

Atr.kz/3 қазан, 2019 жыл. Бүгінде тұмаудың эпидемиологиялық маусымы басталды. Облыста аталған дертке қарсы «Гриппол+» вакцинасын алуға жергілікті бюджеттен 55 176 290 теңге бөлінді. Осы сомаға 61 613 доза алынады. Бұл туралы Атырау қалалық №5 емханасында жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың жаңа эпидемиялық маусымының басталуына орай өткен «Ашық есік күнінде» айтылды.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ұйымдастырған шарада ақ халаттылар тұмауға қарсы екпені өздері бастап алып, аймақ тұрғындарын да екпе алуға шақырды. Екпе алам деушілердің денсаулығы толық тексерістен өткізіліп, вакцинациялау жүргізілді.

– Аталған қаражатқа сатып алынған  вакцинамен ақысыз түрде халықтың осал тобына жататындар: медицина қызметкерлері, денсаулық сақтау ұйымдарында бақылауға алынған және алты айдан асқан көп ауыратын бүлдіршіндер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сәбилер үйлерінің балалары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары,  жүкті әйелдер,  жүрек-қантамыр жүйесінің, тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар адамдар жыл сайын тұмауға қарсы вакцинацияланады.

Ал,  осал топқа кірмейтін әрбір адам өз қалауы бойынша ақылы түрде немесе жұмыс беруші есебінен облыстың мемлекеттік емханалары мен «Опен клиник», «Интертич», «Вестерн», «Медикер», «Медицина», «СОС» жеке клиникаларынан екпе алуға болады. Вакцина құны 2500 – 3500 теңге аралығын құрайды, – деді аталған департаменттің бас маманы Рысжан Таубаева.

Ал, дәрігерлердің айтуынша, тұмаудың алдын алудың негізгі ережелерін естен шығармаған жөн.

«Бұл ретте эпидемиялық маусымның алдында жүргізілетін вакцинациялаудың маңызы зор. Сондай-ақ, адам көп жиналатын орындарда және қоғамдық көлікте болу уақытын мүмкіндігінше қысқартып, бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану қажет.

Құрамында С дәрумені бар өнімдерді көбірек тұтынып, дәрігердің ұсынымы бойынша иммунитет көтеретін препараттарды пайдаланған жөн. Салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтырумен айналысуды әдетке айналдыру маңызды» дейді Атырау қалалық №5 емхананың жалпытәжірибелік дәрігері Айдана Ертілеуова.

Айта кету керек, «Ашық есік күнінде» аталған емханаға тіркелген халықтың осал тобына жататын 115 адамға тегін екпе салынды.  Бұл жұмыстар 15 қазанға дейін жалғасады.  Ал, ЖРВИ және тұмаудың эпидемиологиялық маусымы 2020 жылғы мамыр айына дейін созылады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

  • Облыста былтыр тұмауға қарсы 72 510 адам егілді. Бұл көрсеткіш халықтың жалпы санының 11,7 пайызын құрайды.  Оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 61 613 адамға  тегін екпе салынды. Жұмыс берушілер есебінен – 9661, ақылы клиникаларда 1236 адам вакцинацияланды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *