Қазақстан қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді

20190502214257 Жаңалықтар

Аtr.kz/3 мамыр, 2019 жыл. Кеше Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден әлем чемпионатының бірінші дивизионы А тобында үшінші тур ойындары өтті. Аталмыш топта сынға түсіп жатқан Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореядан басым түсті.

Бүгінгі кездесуде алдымен біздің құрамадан Павел Акользин 3-минутта шайба соғып көзге түсті. Ал 17-минутта Леонид Метальников есепті үстемелей түсті. Екінші кезеңнің 30-минутында қазақстандық Дмитрий Шевченко мергендік танытты. Ал 51-минутта Оңтүстік Корея құрамасынан Сан Ву Сина бір шайба соғып, есеп айырмасын қысқартқан еді. Қорытынды есеп 53-минутта белгіленді. Біздің құрамадан Никита Клещенко қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Қазақстан аталмыш қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетерлігі, бұған дейінгі екі құраманың бес кездесуінде төрт мәрте қазақстандық спортшылар басым түскен еді. Тек 2017 жылдың 23 сәуірінде Украина астанасы – Киевте өткен кездесуде еліміздің хоккейшілері аталмыш қарсыласынан алғаш рет 2:5 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстандық хоккейшілер сол кеткен есесін бүгін қайтарды. Осылайша Қазақстан құрамасы үшінші ойында қатарынан жеңіске жетті. Қазір турнир кестесінде екінші орында тұр. Алда – Беларусь құрамасы. Олар қазақстандықтардан доп айырмасымен ғана алға шығып отыр.

Кеше бұл топта тағы екі кездесу өтті. Беларусь Словенияны, Венгрия Литваны 4:1 есебімен жеңді. Төртінші тур ойындары бүгін және 4 мамыр күндері өтеді. 3 наурызда Венгрия мен Словения, 4 наурызда Оңтүстік Корея мен Литва, Қазақстан мен Беларусь құрамалары кездеседі.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз