Атырау облысының кәсіпкерлеріне үндеу жарияланды

Газет және оқырман Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/25 қазан, 2019 жыл. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет –халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегені бүгінгі күн талабына сай келіп тұр.

«АТЫРАУ» – әр тарапты көрер көзіміз, шартарапқа айтар сөзіміз!

Алаштың айбоз абыздары Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, кешегі Әбіш, Фариза, Меңдекеш, Жұмекендердің қаламының ізі қалған киелі басылым – «Атырау» бүгінде сол ұлылардың аманатына адалдық көрсетіп, қазақ ұлтына қызмет етіп, қоғаммен бірге тыныстап келеді.

«Тіл тағдыры – ел тағдыры» деген басты мақсат болып тұрған кезеңде мемлекеттік тілде сөйлейтін жалғыз «Атырау» газетінің мәртебесін шыққан биігінен түсірмеу әр азаматтың міндеті деп ойлаймын. Уақыттың қадірін бір адамдай түсінемін. Алыс жолдан оралғанымда көп жылдардан бері үзбей оқитын газетім – «Атырау». Себебі, туған топырағымның тыныс-тіршілігі, оның жетістігі мен кемшін тұстары туралы тұшымды мақалалар біздің бар-жоғымызды түгендеп, алға жылжуымызға көмектеседі.

Осындай маңызды басылымның таралуының төмендеуі жылдам хабар тарататын интернет-сайттар мен әлеуметтік желілердің ықпалы деп жүрміз. Іс жүзінде себеп басқада сияқты. Талғамның төмендеуінен ұлттық танымымызды әлсіретіп, жігерімізді жасытып алғандаймыз. Оған жол беруге болмайды. Өңірде кәсіпкерліктің негізін қалағандардың бірімін.

Аллаға шүкір, еліміздің бүгінгі қол жеткен жетістіктері кәсіпкерліктің дамуының қанат жаюымен тығыз байланысты. Атырау облысында 60 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ендігі біздің міндет – кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, ұлтқа қызмет етіп отырған «Атырау» газетінің таралымын өсіріп, ұлттық құндылықтарымызды, тарихымыз бен әдебиетімізді, өнерімізді, ең бастысы, тілімізді сақтап қалу үшін де өз үлесімізді қосуымыз керек.

Демек, асыра айтсақ, 60 мың кәсіпкер – 60 мың таралым. Күндіз-түні кәсібін дамытып, маңдай терін төгіп жүрген әріптестеріме, болашақ үшін, ұрпағымыз үшін руханиятқа да көңіл бөлейік дегім келеді. Сол руханияттың шежіресін құрап отырған «Атырау» газетіне жазылудан шет қалмайық, ағайын! Қағазға жазылған бүгінгі газет – ертеңгі тарихымыз. Қолдайық, намысты қолдан бермей, «Атырау» газеті үйіміздің төрінде оқылсын!

Төкен Танаұлы ЖҰМАҒҰЛОВ,

«Концерн TNS-group» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, «Парасат», «Құрмет», «Барыс» ордендерінің иегері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *