Алғаш рет Атырауда халықаралық домбыра фестивль-байқауы өтеді

Басты жаңалық Жаңалықтар Мәдениет

Аtr.kz/19 сәуір, 2019 жыл. Алғаш рет Атырауда 26-28 сәуір аралығында түркі тілдес халықтар арасында «Saz Perneli Saraishyq» атты халықаралық ішекті-шертпелі домбыратектес аспаптарда орындаушылардың фестиваль-байқауы өтпек. Бір ерекшелігі, оған 35 жастан жоғары отандық өнерпаздар қатысады. Ал, шетелдік үміткерлердің жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды.

Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаева өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге берген сұхбатында айтты.

– Мақсат – көне дәуір аманаты болып келе жатқан қасиетті домбыра аспабын ғана емес, қазақтың ежелгі астанасы, жеті хан жерленген киелі Сарайшық қаласын ұлығылау, – дейді ол. – Шара облыс әкімдігі мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қоладуымен ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, фестивальдың гала-концертінде барлық түркітілдес халықтардың ұлттық аспаптары бірігіп, Құрманғазының «Балбырауын» және Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін жатқа ойнайды.  

Күні бүгін байқауға қатысуға еліміздің барлық аймағынан және шетелден – Түркия, Башқұртстан, Хакасия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасынан өнер ұжымдары, алтайлық топшууршы, түркімен мен өзбек дутаршылары, қырғыз қомызшысы, түрік бағламашысы, хакасы хомысшысы тілек білдіріп отыр. Олардың өнерін қазақстандық өнер қайраткерлерімен бірге шет мемлекеттерден кәсіби шеберлер бағалайтын болады. Олардың қатарында Бішкектен КСРО Халық әртісі Самарбүбү Токтахунова, Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Малик Мамедоглы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Рамиль Мавлитович, Түрік музыкасы мемлекеттік консерваториясының (Ыстамбұл) профессоры Аднан Коц бар.   

????????????????????????????????????

Кештің тағы бір жаңалығы, Индонезиядан ұлттық кәсіби оркестрінің дирижері Франки Раден өз ансамблімен, Иран, Тәжікстаннан жеке орындаушылар, атыраулық «Сармад», «Мұрагер» этно-фольклорлық ансамбльдері және Алматы қаласынан «Хассақ» этнографиялық ансамблі қонақ ретінде қатысады.

Сонымен, 26 сәуірде сағат 20.00-де Сұлтан Бейбарыс алаңында фестиваль ашылады. Ал, 27 сәуірде (10-20.00) Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония залында халықаралық конкурстың екі кезеңі өтеді. Нақ осы күні (14-18.00) Алтай-Тарбағатай, Арқа, Жетісу, Қаратау мектептерінің, Сыр, Қазанғап, Маңғыстау өңірлерінің дәстүрлі мектеп өкілдері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы мен «Д.Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка Академяисы» Атырау музыка колледжінде шеберлік сыныптарын өткізбек.   

Сол сияқты, осы уақытта (14-19.00) «Хазыр суг» (Хакасия), «Наз-назы» (Әзербайжан), «Мурас» (Қырғыз Республикасы), Түркия, Индонезия үрмелі мыс аспаптар ансамблі мен Эр-Рияд қаласында өткен «World folk. vision» әлемдік этномузыка сайысының бас жүлдегері «Хассақ» ұжымы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында концерттік бағдарлама ұсынады.

Фестивальдің соңғы күні (28 сәуір, 10.00-де, Д.Нұрпейісова ескерктішінің алдында) Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің қатысуымен Айгүл Үлкенбаеваның күй-альбомының тұсаукесері болады. Ал, гала-концерт пен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Ретро-саябақта (сағат 20.00-де, саябақтың Жайық жағасы тұсындағы қақпасында) өтіп, соңы меркелік отшашуға ұласпақ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттер Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ.

????????????????????????????????????

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *