РАЙХАН

өз еркімен майданға сұранып кеткен жылыойлық қыз туралы сыр

Атқа қонып, Кир патшаның басын алған Томирис апалары тәрізді қазақ қыздары басқа Шығыс қыздарына қарағанда батыл да ержүрек болған. Жаугершілік заманда бұрымдарын дулығаның ішіне жасырып, қолына найзасын алып, жаумен соғысқан. Ендеше, Ұлы Отан соғысында қазақ қыздарының да ерлермен қатар иығына винтовкасын асынып, майданға аттанғанына  таңғалуға болмас.

Ауданымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан сегіз қыз бар. Олар: Жексемәлиева Ханым, Ибраева Райхан, Бадретдинова Рашида, Кенжиева Қанжан, Соловьева Мария, Ремизова Валентина, Шәуәлиева Зейнеп, Ғазизова (есімі белгісіз). Сегіз қыздың екеуі орыс, үшеуі татар, үшеуі қазақ болған. Осы жауынгер қыздардың ішінен Қанжан Кенжиева майданда қаза табады . Валентина Ремизова соғыстан жараланып келген.

 

Жігер  оты  жалындап…

Райхан Ибраева 1924 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Әкесі Қыдырбай мұнайшы болғандықтан 1931 жылы Иманқара, 1932 жылы Төлес кен орнын қазысып, 1940 жылы Қосшағыл поселкесіне ауысады. Қосшағылда орыс, қазақ,басқа да ұлт өкілдері тату-тәтті еңбек ететін. «Соғыс басталды» деген суық хабар бұрқ ете қалады. Сол кезде Райхан небәрі 16 жаста болатын. «Біз де майданға барып, фашистерден кек алсақ» деген ой қосшағылдық  жастардың жүрегіне маза бермейді. «Германияны қайтсек жеңеміз» деген бір ғана патриоттық ой кеуделерінде өрттей лаулап тұрған еді. Сол оймен 16 -17 жасар жасөспірім қыз әскери комиссариаттан бір-ақ шықсын. Алайда, оны «Сен әлі шикі жассың»  деп майданға алмайды. Сол күні тауы қайтқан қыз реніштен көзіне жас толып, үйіне  қайтады. Ол керемет өжет те пысық болып өскен еді. Жұрт «Қыдырбайдың мына қызының өжетін-ай!» деп сырттай тамсанатын. Сөйлесе,  тілі өткір, қайсар, мінезі ашық-жарқын. Орысшаға судай. Сол батылдығының арқасында қоғамдық ұйымдардың белсендісі болды. Көп кешікпей оны аудандық газеттің жауапты хатшылығына тағайындады. Осындай жауапты жұмыс 17 жастағы қызға сеніп тапсырылғанына қарап, Райхан Ибраеваның  беделді тұлға болғанын пайымдауға болады.

Райхан 18 жасқа толған бойда аудандық әскери комиссариатқа қайта барады. «Соғысқа өз еркіммен барамын» деп табандап тұрып алады. Әкесі Қыдырбай мен әкесінің інілері  Кәрмен мен Әмір үшеуі де мұнайшы болғандықтан броньмен  елде қалған болатын. «Майданға елдің бәрі кетіп жатқанда біздің үйден ешкімнің бармағаны ұят емес пе? Мен әскери комиссариатқа «Өз еркіммен майданға барамын деп арыз тапсырып келдім» деп үйге келген соң жаңалығын төбеден түскендей бір-ақ айтады. Осылайша қазақтың қаршадай қызы  сұр пилотка, сұр гимнастерка киіп, мылтығын асынып, оқ жауып тұрған майданға аттанады. Онымен бірге құрбылары Мария Соловьева, Рашида Бадретдинова тәрізді құрбылары бірге аттанады. Балтабай Ибраев ағамыздың айтуы бойынша, соғысқа 87 қыз кетсе, соның 40 шақтысы біздің облысымыздан кеткен . Мұны ағамыз мұрағаттардан анықтап білгенін көлденең тартып отыр.

Райхан соғысқа аттанып кеткен соң ағасы Әмір Ибраев та «Қаршадай қарындасым оқ пен оттың ортасына кеткенде мен қалай жүремін?» деп бронын тапсырып, ол да майданға кетеді. Сол кеткеннен 1945 жылдың желтоқсанында елге аман-есен келеді. Әмірдің қызы Тұрағұл апай қазір Құлсары қаласында тұрады. 

Қосшағылдың қаһарман  қыздары

Қосшағылдан аттанған қыздар бір ай оқу-жаттығу дайындық курсынан өтеді.Бұдан соң оларды 1083-ші зенитті артиллерия полкінің жау ұшақтарын бақылауға алатын арнаулы батареясына жібереді. Командирі Г.Г.Мишин еді.

Полк Курск қаласынан 50 километр жердегі майдан шебіне орналасты. 1943 жылдың жазындағы осы Курск шайқасы ауыр болды. Таң қараңғысында бөлімше командирі, сержант М.Рукина Райхан мен Ханым екеуіне шұғыл тапсырма береді.

– Енді бірнеше сағаттардан соң жаудың шабуылға шығатыны жөнінде мәлімет бар. Демек, шабуылға шығар алдында фашистер барлаушы самолеттерін жібереді. Құпия атыс ұяларын біліп қалмау үшін шолушы ұшақтарды дер кезінде зенитшілерге хабарлаңдар!- дейді командир.

Екі жауынгер қыз бақылау пунктінде қырағы отырған. Кенет Райхан: – Көрдің бе? Алдымыздан орман үстінен әлдене қарауытатын тәрізді ғой,-деді. Қарауытқан нәрсе бірте-бірте анықтала бастады. Немістің «Мессері» екен. Бұлар дереу координатын зенитшілерге хабарлап үлгерді. Жаудың барлаушы ұшағы жерге бауырын жақындатып, он-он бес минуттай қалықтап жүрді де кері қайтуға бет алды. Оның қарасы үзіле бергенде немістің тағы екі ұшағы көрінді. Олар бірден төменге құлдилап, бағытын кілт өзгертіп, тақап қалды. Сол сәтте артиллерия «Мессерлерге» оқ жаудыра бастады. Отқа оранған үш «Мессер» де лапылдап орманға құлап түсті.

Райхан мен Ханым бақылау пунктінен блиндажға қарай жүгіре жөнелді. Алдарынан шыққан сержант Рукина:

– Жарайсыңдар, қыздар. Мінеки, қырағылық деген осы емес пе? Мәлімет апарудың орнына өздері опат болды. Берген тапсырманы әрдайым осылай орындау керек,-деп құшақтап, қолдарын қысты. Осы ерліктері үшін екеуіне командованиенің алғысы жарияланды.

1944 жылы Бердичев қаласы маңында қос құрбының жолы екі айырылды. Түскі тамақта отырғанда Райханды полк штабына шақыртты. Сол жерден ол Житомирге аттанып кетеді. Құрбылар бір-бірін қия алмай ұзақ тұрды. Бірақ, бұйрық солай. 

Райхан апаны майданда жүргенде жерлесіміз Құлымжан Қалмұханов кездестірген екен. Бірде мынадай қызық болыпты. Сол кездегі Қаратон кентінің  әкімі Балтабай Ибраев Жеңіс мерекесіне бір топ қаратондық ардагерлерді бастап әкеле жатады. Жол-жөнекей апасы туралы дерек білетіндер бар ма екен деп сұрайды. Сөйтсе, ардагерлердің бірі Құлымжан ағамыз онымен бірге соғысқан болып шығады.

Жаужүрек қыз соғыстан келген соң мынадай естелік айтады екен. «Сіздер біз көрген қиындықтың бірде-біреуін көрген жоқсыздар ғой.  Днепрден түнделетіп өттік. Жау жағы атып жатыр. Өткені өтіп, өтпегендері суда қалуда. Шөлдеп кеткен соң каскамен алып су ішеміз. Таң атқасын қарасақ – аузымыз қып-қызыл қан. Адам қаны. Өлген жауынгерлердің қанынан Днепр қызыл қанға боялған ғой». Осылай ер етігімен су кешкен сұрапыл соғыстан жауынгер қыз еліне аман-есен оралады. Әке-шешенің, бауырлардың қуанышында шек жоқ.

1947 жылы Райхан Бағыт деген жігітке тұрмысқа шығады. Бұл кезде әкесі сондағы мұнай кәсіпшілігінде жұмыс жасайтын болғандықтан үй іші Сағызға көшкен еді. Райхан  мамандар бөлімінде инспектор болып қызмет жасай бастаған. Жүрек қалауымен тұрмысқа шыққан оның  аяғы ауыр еді. Бірақ 1948 жылы наурыз айында Райхан қайтыс болады.

Ессіз қайғы, күйік үстінде туыстары Райханның соғыста алған орден-медальдарын да жерлегенде бірге көмеді. Соғыстан аман келсін деп ырымдап сақтаған ұзын қос бұрымын да қасына, жер қойнына қоса тапсырыпты. Кейін бұл қылықтарына  туыстары сан мәрте өкінді де. Бәлкім, Райхандары о дүниеге сол бұрымы шұбалған сұлу қалпында барсын деген болар. Орасан қайғы мен қара қағазын ала келген атың өшкір соғыс болмаса, сол бұрымдар кесілмеген де болар еді-ау деп күйінген шығар. Жауынгер, батыр қыз өмірден өткенде небәрі 24 жаста еді.

Сәуле ШӘТЕНОВА, Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз