НАҚТЫ НӘТИЖЕ – ЖАНДЫ ЖҰМЫС ЖЕМІСІ

Елбасымыздың мешін жылының басында халқымызға арнаған мағыналы мақаласын оқыдық. Алдымызға қойылып отырған ауқымды міндетімізді межеледік. Соны орындау жолында бәріміздің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара жұмыстануымыз қажеттігін түсіндік.

 

Мемлекет басшысы әр аймақта энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету керектігін әрдайым айтып келеді. Атырау жылу-электр орталығын  қайта жарақтандыру кезінде бастапқы нысанын өз қолымен іске қосқан Нұрсұлтан Назарбаев жоғары қарқынмен дамып отырған мұнайлы мекенге энергетикалық қуат аса қажеттігін айтқан. Міне, біз сол тапсырманы біртіндеп орындап, өткен жылдың соңында 100 мегаваттық қуатты пайдалануға бердік.

Бұл, шын мәнінде, облыс өңіріндегі айтулы оқиға еді. Соның нәтижесінде Атырау аумағы өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз етті. Жылу энергиясы да жеткілікті. Демек, бұл күнде ешкімге зәру емеспіз. Келешекте қатарға қосылар өндіріс ошақтарын да, әлеуметтік нысандарды да, тұрғын үйлерді де энергетикалық қуатсыз қалдырмаймыз. Мемлекет басшысы айтқанындай, елдің тұтынушыларын электр энергиясымен сенімді жабдықтау – энергетика саласының негізгі міндеті.

Елбасының осы жолғы сөзінде де біздің салаға назар аударылған. Мәселен, 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығын 25 пайызға және ғасырдың ортасына қарай 50 пайызға төмендетуге қол жеткізу айтылған. Яғни, энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тарту керек.

Атырауда соңғы жылдары сәтті жүзеге асырылған инвестициялық бағдарламалар нәтижесінде электр және жылу энергияларының орынсыз ысырабы жойылды. Мұны тұтынушылардың өздері де сезініп отыр. Жүздеген шақырым электр және жылу желілері ауыстырылды, ондаған подстанса жаңартылды, бірнеше трансформатор сатып алынды. Соның бәрі, турасын айтқанда, біздің жұмысымыздың тиімділігін ғана арттырып қойған жоқ, халықтың игілігіне де жарады. Демек, Елбасымыздың осы бағыттағы нақты тапсырмасын басшылыққа алып, алда да ауқымды шараларды жүзеге асырамыз.

Қазіргі дүниежүзілік дағдарыс жағдайында да Мемлекет басшысы ХХІ ғасырда Қазақстанды әлемдік көшбасшы отыз елдің қатарынан табылуға үндеп отырса, оны неге қолдамасқа? Ал, оған үлес қосу – әр қазақстандықтың парызы. Тек бірлескен жанды жұмысымыз ғана нақты нәтижеге қол жеткізеді.

Мұхамбетқали  ҚАЛИЕВ, «Атырау-Жарық»  АҚ  Директорлар  кеңесінің  мүшесі, облыстық  мәслихат  депутаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз