«Жол картасы»: орындалысы қалай?

196527b0 e33d 4b7f 9b2e 4e60343eec9e Жаңалықтар

Атырау облысы тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, өмір сапасын арттыру бағытында жасақталған Жол картасының жан-жақты тармақтарын жүйелі жүзеге асыру, оны қадағалау – партия ұстанған негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта таяуда «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік дамыту бойынша» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Облыстық мәслихат депутаты, аймақтық кеңес төрағасының орынбасары Ізтұрған Баймұханов төрағалық еткен жиын барысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру барысы және Жол картасының «Жайлы аймақ», «Қауіпсіз аймақ» бағыттарының I тоқсан бойынша нәтижесі кеңінен талқыланды. Атырау облысындағы 153 ауылдық елді мекен – 299,4 мың адамның құтты мекені. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарының жағдайын жақсарту арқылы ауылды дамыған ортаға айналдыру, әлеуметтік ортасын жаңғырту, ауылдық жерлерде өмір сүрудің тартымдылығын арттыру мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы қолға алынған-ды. – Арнайы жобаны іске асыру басталғаннан бері, яғни, 2019 жылдан бастап, 8 тірек ауылда 73,8 мың халықты қамти отырып, 5,1 млрд. теңгенің 18 жобасы іске асырылды. Оның нәтижесінде 21,3 шақырым ауылішілік көше жарығы жүргізіліп, 4 спорт нысаны салынуда. Сонымен қатар, ауылдардың жаңа тұрғын алаптарына газ желісі жүргізіліп, 42,6 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған,- деді Ізтұрған Ұзақбайұлы. Биыл республикалық бюджеттен Аққыстау ауылындағы кентішілік автомобиль жолдарын реконструкциялау, Құрманғазы ауылында Бұзаусылан көпірін салу және Миялы ауылында автомобиль жолдарын күрделі жөндеу секілді ірі 3 жобаны іске асыру үшін 1,3 млрд. теңге қаралған. Бұған қоса, республикалық бюджетті нақтылау кезінде Ұлттық қордан 13 ауылға 19 жобаны іске асыру мақсатында 2,6 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінді. Оның нәтижесінде 256 жұмыс орны құрылмақ. Ал, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Мұқышев жағалау, бөгеттерді жөндеу барысы туралы айтып, «Жайлық аймақ» тарауында көзделген іс-шаралардың орындалысынан хабардар етті. – Атырау қаласында «Нұрлы Жер» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджетке 45 көп қабатты үйді жөндеу үшін өтінім жолданып, 11 үйге мақұлданса, 34 үйге өтінім қайта жасақталуда. Сондай-ақ, қаладағы 6 көп қабатты тұрғын үйдегі 14 жеделсатыны ауыстыру мақсатында да бюджеттік өтінім жолданды, – деді ол. Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асылбек Жауымбаев 2025 жылға дейін бейнебақылау камераларының санын 1600-ге дейін жеткізу көзделгенін атап, былтырдан бері 2748 дана іске қосылғанын баяндады. Демек, жоспардағы межеге қол жетті, қоғамдық тәртіпті сақтау, яғни, қауіпсіз аймақ тарауының орындалысы ойдағыдай. Бұған қоса, таяу бесжылдыққа жоспарланған 8 учаскелік полиция пунктін салу жұмыстары да жоспарға сай жүруде. Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Әлібек Қайыров «Сергек» жүйесінің жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде зор көмегі барын баса айтты.

– Алаңдар, Жайық жағалауы, адамдар көп шоғырланған жерлерде орналасқан камералар көмегімен қоғамдық орындардағы қылмыстар 66 пайызға, көшедегі қылмыстар дерегі 35 пайызға төмендеп отыр, – деді ол.

Жиын барысында қоғамда көтерілген кез-келген мәселенің партия назарынан тыс қалмайтынын атап көрсеткен кеңес төрағасының орынбасары жұмыстарды жалғастыра беру қажеттігін қаперге берді.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз