ӨҢІР МЕРЕЙІН ӨСІРГЕН

Атырау қаласында облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен жұма күні «Ынтымақ пен бірлік – Мәңгілік ел тұғыры» атты қала, аудандардың мәдениет күндері басталды.

Жылыой ауданының мәдениет күндері фестиваліне келушілер Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында ауданның өндіріс және ауылшаруашылық өнімдерінің, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлерінің жетістіктері және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ауданнан қан майданға аттанған жауынгерлер суреттері, сондай-ақ, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.

«Атамекен,

Өзіңнен алған деммен,

Алыстарға ұзауды арман көргем.

Бота көңілім бозмая іздейді енді,

Балалығым бұлдырап қалған жерден…

Беу, туған жер, бас ием!» – деп жырлаған қазақтың көрнекті ақыны Меңдекеш Сатыбалдиевтің өлең жолдарымен басталған көрменің ашылуы өнерге ынтық көрермендердің көңілін селт еткізгені ақиқат.

Жылыой аудандық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Қуантқан Самахаева майдангерлерге арналып жасақталған тақтадағы соғыс ардагерлерінің өмір жолымен таныстырып, көптеген мәліметтер берді. Көрмедегі майдангер Баймұхан Аудановтың майданда жараланған кезде қанға боялған құжаттары мен оқ тесіп өткен әскери гимнастеркасы жұртшылыққа соғыс ауыртпалығын ескерткендей әсер қалдырды.

Тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесін баяндайтын тақтадан Жылыой аумағына соғыс кезінде немістер жағынан мұздай қаруланған Ағаевтар десанты түсірілгенде ерлік көрсеткен, «Жылыойдың қос Сусанині» атанған Байжан Атағазиев пен Байшыған Бектұрлиевтің өмір жолы мен ерлігін оқып, бір сәт ойға шомдық. Бұл жердегі Жылыой шежірешісі Жанаш Нұрмахан, атақты ғалым, қоғам қайраткері Қабиболла Сыдихов, Атыраудың Құрметті азаматы, еңбек ардагері Меллят Сабырова, мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтар туралы да кеңінен мәлімет беретін көрме-тақта жастарды аға ұрпақ өнегесіне қанықтыратыны сөзсіз.

«Ел мерейін еселеген еңбек ерлері» атты көрмеден Социалистік Еңбек Ерлері мен еңбек ардагерлеріне орын беріліпті.

Жылыойдағы тарихи орындар мен көне мәдениет ошақтары да кеңінен қамтылыпты. Доңызтаудағы «Қайнар» діни- тұрмыстық кешені, «Құлсары ата» күмбезі, «Мәтжан би» кесенесі, «Қарашүңгіл қорымы», «Өтен батыр» бейіті, «Ер Есболай» кесенесі, «Дүйсеке ата» мешіті, «Жұбан мазары», «Құлшан ата» кесенесі, «Ақмешіт», «Ұшқан ата» қорымы көрмеге ерекше мән мен мағына үстеп тұр. Аққуы ұшқан Қамыскөл мен «Ақтолағай» бор тауы, ебелекті дала көрінісі де кең Жылыой өңіріне тән өзіндік табиғат сұлулығын паш етеді.

«Кең Жылыой, біздің елдің тиянағы,

Даусыңды ести алмадым қиядағы.

Даусыңды ести қалсам қиядағы,

Талпынам балапандай ұядағы»,- деп жырлаған Бақтыбай жыршы Тайшаұлының өлеңімен басталған «Жылыой қаламгерлері» көрмесінде ақиық ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтан бастап, күні бүгінге дейін қаламы қолынан түспеген, қазақтың көрнекті ақыны Аманқос Ершуовтың, Қаржау Оразбаевтың, Бүркіт Базарбаев, Сәулеш Шәтенова, Маржан Ершудің, Жылыой шежірешісі Жанаш Нұрмаханның кітаптары кеңінен насихатталды.

«Қазақ хандығына 550 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Аудан өнерпаздары», «Жылыой-өнер ордасы», «Балалар шығармашылығы», «Өнерімен танылған өркендерім» атты көрме-тақталары да көрерменнің көңілінен шықты.

«Киелі мекен – Кең Жылыой» атты өнер фестивалінің шымылдығын Тоқсанбай Құлтумиев атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі ашты. Құрманғазының «Адай» күйі күмбірлегенде залдағы көрермендер дуылдата қол соқты. Қазақ халық әндерінен попури орындаған Нұргүл Жұмағалиева мен Назгүл Жиенбаева қасиетті қара домбыраның үніне жұртшылықты тәнті етті. Бақытбек Сәрсенбек пен Айбек Қабыланбектің орындауындағы Бүркіт Базарбаевтың сөзіне жазылған «Кең Жылыой» әні құлақ құрышын қандырғаны даусыз.

Италияда өткен «Бегущие по волнам» Халықаралық би конкурсының жеңімпазы «Жем аруы» би тобының орындауындағы қазақ биі «Мереке», «Көңілді қыздар» би өнеріндегі әсем нақышымен есте қалды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған терме асқақ рухымен, тарих қойнауындағы шежірені бүгінге жеткізуімен құнды. Республикалық «Айгөлек» ән-би фестивалінің жүлдегері Айтолқын Русланованың орындауындағы «Ізін көрем» әні де осы тақырыпқа арналды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай екі дауыста орындалған «Катюша» әні залды дүр сілкіндіргендей болды. Әскери киім киген қыздардың сымға тартылғандай жүрісі, жинақы келбеті де әннің мазмұнына сай. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Айтқали Жайымовтың «Жылыойға сәлем» әні Дәмелі Сарованың орындауында көрермендер көңілін толқытқаны айқын. Осы әншінің «Қазақтай ел қайда» әні де жүректерге жол тапты.

«Жастар» вокалды аспаптар ансамблі Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Табылды Досымовтың «Білмеймін» әнін нақышына келтіре айтты. Халықаралық және Республикалық фестивальдардың жүлдегері «Би-би» би тобы қазақ биі «Айгөлекті» мың бұрала биледі.

Байбақты Ідірбай «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп баяғы жыраулардың ізімен термелете, төкпелете жөнелгенде сонау бабалар жалғасын танығандай болдық. «Күлдір, күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз» немесе «Қанша батыр болса да,

Жауға салма жалғызды» деп келетін отты жырлар Қазақ хандығының 550 жылдығына арналғаны ақиқат. Байбақтының биік те ашық даусы көз алдымызға көне жыраулар екпінін елестетті. Халықаралық байқаулардың жеңімпазы Ақмарал Асланбекқызы орындаған «Гүлдерайым», Ригада өткен халықаралық байқаудың алтын медаль иегері Азамат Төрехан шырқаған «Жаяу» әндері де көрермен көңіліне жол тапты.

Конституцияның 20 жылдығы аясында Айнұр Тасимова мен Асқар Қоңыров екі дауыста орындаған «Астана – менің махаббатым» әніне де жұртшылық разы болды. Ұлықпан Жолдасовтың «Жылыойым» әнімен сахнаға шыққан Әлібек Темірхан, Асқар Қоңыров пен Рита Самирдинованың дуэті, Қаршыға Ахмедьяровтың күйін төкпелеткен Қайрат Жұмағалиевтің өнері де айтуға тұрарлық.

Жылыой аудандық балалар хоры сахна төріне шыққан кезде залдағы көрермендердің сүйсіне қол соғуынан-ақ өнерді сағынған Атырау жұртының өнерге деген қошеметі сезілді. Осы өнер ұжымы орындаған «Жаса, тәуелсіз елім» әні  жүректердің түкпірінде жатқан отансүйгіштік сезімді күшейте түскені шындық.

Фестиваль шымылдығы Қадыр Мырза-Әлидің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен жабылды. Көрермендер тік тұрып қабылдаған ән бар жүректі тебірентті. Жылыой өнерпаздарына Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атынан «Ықылас» гүлі табыс етілді.

Сахна төріне көтерілген Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың сөзі де көрермендердің көңіл-күйін дөп басқан іспетті: «Жүрегінде жыр жалындап, кеудесінде күй күмбірлеген атыраулықтар өнерді сағына бастады ғой деп осы фестивальді жоспарлаған болатынбыз. Бұл жолы сахна шымылдығын киелі кең Жылыой өңірі ашып отыр. Биылғы жыл – тәуелсіз Қазақстан халқы үшін ерекше жыл. Бұл фестивальді Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығына орай әр ауданның өнерпаздары сахна төрінде өз өнерлерін көрсетсін деген оймен ұйымдастырдық. Бұдан былай әр аптаның жұмасында аудандардың мәдениет күндері кезегімен өтетін болады.

Былтырғы жылы атыраулық өнерпаздар дүниежүзінің бірнеше елдерінде болып, өз өнерлерін әлем жұртшылығына паш етті. Міне, бүгін басталып отырған фестиваль облыс мәдениетін тағы бір сатыға көтеруге ықпал етеді. Қандай да бір шараны бастау оңай емес. Сондықтан, фестивальді бастап отырған жылыойлықтарға рахмет айтамын», – деді аймақ басшысы.

Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов та өз кезегінде жиналған жұртшылыққа бүгін өтіп жатқан Жылыой ауданы мәдениеті күніне келіп, атсалысқандары үшін рахметін айтты. Елбасы бастаған саясатты әрдайым қолдап, жаңа белестерге көтерілетіндіктерін жеткізді.

Сөзімізді Алаш жұртына әйгілі жылыойлық ақын Аманқос Ершуовтың жыр жолдарымен аяқтағымыз келді: «Кең Жылыой» – салқын самал, саялым-ай,

Жемнің басы – қатты, аяғы-жәй.

Ұлының ұлылығы–  бүгінгідей,

Қызының сұлулығы – баяғыдай»…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз