ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ БАҒЫТЫ — ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАҢДАУЫ

Еуразиялық экономикалық интеграция бағыты Қазақстанның стратегиялық таңдауы болып табылады. Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай мәлімдеді. 

Былтырғы жылды қорытындылай келе, министр өткен жылдың маңызды тарихи оқиғасы ретінде Астанада 29 мамырда Қазақстан, Ресей мен Беларусь басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойғанын атап өтті.

«Еуразия құрлығы тарихында тұңғыш рет ерікті және   теңқұқықты негізде көліктік, энергетикалық және технологиялық инфрақұрылым тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызды жаһандық және өңірлік қуатты табиғи әрі ресурстық әлеуетке ие экономикалық бірлестік құрылды. Мұндай экономикалық Одақтың өзегінде мемлекеттердің егемендігін өзара құрметтеу, экономикалық прагматизм, еріктілік, интеграция мен теңқұқылық қағидаттары жатыр. Соның ішінде барлық шешімдерді қабылдау барысында дамудың эволюциялылығы, еуразиялық кеңістіктің басқа да мемлекеттерімен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық үшін ашықтығы бірінші кезекте тұр», – деді сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

Министрдің сөзіне қарағанда, жаһандық турбуленттілік жағдайында экономикалық интеграция мәселесі объективті үдеріс әрі заңды құбылыс болып табылады. Ал, Қазақстанның экономикасы жаңа нарықтарды талап етіп, сауда мен инвестициялық ағымдар үшін кедергілерді жоюдың қажеттілігін сезінеді.

«Тұтастай алғанда, ағымдағы жылы күшіне енген ЕАЭО аясында ұйымға Армения мен Қырғызстанның қосылуы бағытында белсенді жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуын рәсімдеу ағымдағы жылдың мамыр айында аяқталуы күтіледі. Жалпы, Қазақстан мен Одаққа қатысатын басқа да мемлекеттер  осынау интеграциялық құрылымнан жоғары экономикалық және басқа да дивидендттер алу мүмкіндігіне ие болмақ», – деді Е.Ыдырысов.

Өз тілшіміз.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз