«Елшінің басты қасиеті – елін шексіз сүю» дейді ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Қайрат Исағалиев

opropop Жаңалықтар

Atr.kz/13 тамыз, 2019 жыл. Эксклюзивті жобаның кезекті сұхбат кейіпкері ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат ИСАҒАЛИЕВ дипломатиялық қызметтің қыр-сыры туралы айтып берді.

– Кіндік қаныңыз тамған өлкеге ат басын жиі бұрасыз ба?

– Жапырағым жат жерде жайқалғанымен, тамырым туған топырағымда екенін ұмытпаймын. Дипломатиялық қызметпен жырақта жүрген жанның елге деген сағынышы еселене түседі. Еуропалық мәдениетті меңгергеніммен, ата салтты, тағылымды дәстүрді, қазақи ортаны аңсайтыным анық. Өйткені, елшіге керек ең басты қасиет – елін шексіз сүю. Сондықтан, қолым қалт етсе, Жайықтың жағасына келіп, туған жердің ауасымен тыныстау мен үшін үлкен бақыт. Қауырт қызметтен бір сәт босасам болды, аттың басын ауылға бұрамын.

– Бұл жолғы сапарыңыздың мәні бөлек. Сеңгірлі 80 жасыңызды атап өту үшін ауылға келдіңіз. Атыраудың қарсы алуы, ыстық ықыласы қаншалықты қуантуда?

– Әуежайдан аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлының өзі күтіп алуы – Атырау жұртының азаматтарға деген айрықша құрметінің айғағы. Сол сәтте туған елге деген махаббатым одан сайын еселене түсті. Қаланы аралай жүріп, екі жылдың ішінде мұнайлы шаһардың көркейе түскеніне көз де, көңіл де тойды. Әрине, менің мерейтойым Нұрсұлтан қаласында да, Алматыда да аталып өтілетін болады. Бірақ, туған жерімде басталуы – мен үшін зор құрмет, үлкен мәртебе.

– Елге келген соң өткен шақты да ой елегінен бір өткізсеңіз…

– Мен Құрманғазы ауданы, Өтері ауылына қарасты Наймантұғыл елді мекенінде туып-өстім. Балалық шағым соғыс жылдарына тұспа-тұс келген соң қиындықтың кермек дәмін де таттық. Он жасыма дейін нан дегенді білмедік. Төрт түліктің сүтімен ораза ашып, одан қалса, атшоңқай жеген ашқұрсақтың бірі менмін. Әкем өмірден ерте өтіп, ағам Тарих та 22 жасында келместің кемесіне мінді. Көз жұмар алдында әкем енді өмір есігін ашқалы жатқан менің есімімді «Қайрат»деп қоюды анама аманаттаған екен. Қамкөңіл жарына күш-қайрат болсын деген шығар. Анам аманатқа қиянат жасамады. Қиыншылыққа мойымады, ағайынның «ауылда қалып, балықшы болсын!» дегеніне көнбей, анам мені жалғыз сиырдың бұзауын сатып, оқуға жіберді. Бұл күнде ел сыйлайтын ер болсам, бұл – анамның есіл еңбегі. Атым Қайрат болған соң, мақсатыма жету жолында табандылық таныттым. Отбасы-ошақ қасына қарайлаған екінің бірі емес, соңында соны ізі қалар азамат болғым келді.

– Иә, сіздің ізіңіз тағылымға толы. Оны жалғайтын Армандай ұлыңыз да әкенің жолымен Тунис, Алжир, Мысыр елдеріндегі еліміздің Төтенше және өкілетті елшісі атанды. Ұлыңыз һәм шәкіртіңіз ретінде оған қандай баға бересіз?

– Арман дүниеге келерде анам түс көріпті. Сол кезде шарананың жынысын анықтайтын аппарат болмаған еді. Бірақ, анам «Келіннің құрсағында ұл жатыр» деді. «Өзім көре алмаймын-ау, өйткені көлеңке жерде тұр екенмін» демесі бар ма? Айтқандай, анам бақилық болған соң, жарым торсық шекелі ұл тапты. Шешемнің шын тілеген, армандаған немересі еді. Екі қыздан кейін өмірге келген, ат ұстарымның атын Арман деп қойдым. Арманым алдамады. Ұстаздан шәкірт озды. Бүгінде ол мен шықпаған шыңға шығып, мен бағындырмаған белеске көтерілді. Сондықтан, толыққанды ұлағатты ұстаз, бақытты әкемін деп айта аламын.

– Болашақ дипломаттарға дәріс оқып жүрсіз. Эстафетаны қабылдайтын ендігі елшілер қандай мақсатты ұстануы тиіс? Олар үшін шетелге шығу маңызды ма, әлде елдің абыройын асқақтату алғашқы орында ма?

– Мені де осы жайт мазалап жүреді. Болашақ дипломат «шетел көрсем, шікірейіп жүрсем» деген ойдан ада болғаны абзал. Өйткені, ол бір елдің имиджін қалыптастырып, ұлттың бір бейнесіне айналады. Елін сүймеген есті елші бола алмайды. Жалпы оң-солын танып үлгермеген өрімдей жастарды шетелге жіберуге қарсымын. Олар Отанында қалыптасып, тұлға болып жетілуі тиіс. Олар қауызын жаңа ашқан гүл секілді ғой. Қазақы топырақтан құнар алмаса құрдымға кетеді. Алдымен мектепті тәмамдап, бакалавр дәрежесін өз елінде алуы тиіс. Әйтпесе, мәңгүрттеніп кетуі бек мүмкін. Дипломат болу – атамекеннің аманатын арқалау. Ал, ел аманатқа қанында қазақы қасиеті бар азамат қана адал бола алады. Америкаға барып келіп, ағылшыншасы судай болғанымен ана тілін білмесе, Абайды танымаса одан елге не қайыр? – Дипломаттар династиясын қалыптастыру ойыңызда бар ма? – «Әке көрген оқ жонар» дейді бабаларымыз. Асқар таудай болып алдында жүрген соң, артымнан ерер ұрпақтың қалыптасқанын қалаймын. Бауырыма басқан тұңғыш немерем Рүстем консул, екінші немерем де осы салада қызмет етеді. Алдияр дейтін немерем де династияның даңғылына түсті. Қолымнан келетін, өзім жетік білетін саланы ұрпаққа үйретуді әкелік және азаматтық парызым деп санаймын.

– Оларға қоятын басты талабыңыз қандай?

– Ең әуелі, туған елін сүйсін! Екіншіден, мақсатына адал болып, табандылық танытқанын қалаймын. Үшіншіден, таңдап алған мамандығының жемісін көріп, жеңіске жетсін деген талабым бар. Қазіргі қоғамдағы бір мамандықтың дипломын алып, өзге салада қызмет ету деген қағидаға көңілім толмайды. Бұл –әу баста кеткен қателік.

Жол ортаға келгенге дейін ойланбай, бала кезде бағыт-бағдарды айқындап алуы керек. Төртінші түйін – туған елінің тұтастығына нұқсан келтірмейтіндей абыройлы қызмет атқарып, елдің дамуына үлес қосу. Зейнетке шыққан соң ұлыммен бірге осының бәрін дипломатиялық дәріс кітабымда толығырақ жазып шықтым. – Қанша жыл шетелде жүрсеңіз де ана тіліңізді ұмытпай, ұлттық дәстүрімізді ұлықтап жүресіз. Бұл нендей қасиет? – Менің өмірімдегі жан толқытқан бір сәт – ең алғаш БҰҰ-ға мүше болғанда елдің атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз сөйлеуі. Енді «әлем қазақты, қазақ тілін, тәуелсіз Қазақстанды таниды» деп толқыдым, әрі тебірендім. Тағы бір есте қалған жайт – 1992 жылғы сәуір айында ЮНЕСКО-ға мүшелікке өткен кез. Сол кезде мен Ұлттық комиссияның бас хатшысы едім, ал, Президент Қ.Тоқаев ПремьерМинистрдің орынбасары болатын. Баспасөз конференциясы кезінде тілшілер бізге «Қай тілде жауап берген ыңғайлы?» деп сауал тастады. Сонда Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Кез келген тілде жауап береміз» деді де, тілшілер қай тілде сұрақ қойса, сол тілде емін-еркін сөйледі. Париж төрінде мен де француз тілінде қара жаяу емес екенімді көрсеттім. Сонда жұрт таңқалып, «Енді ғана қалыптасып келе жатқан мемлекеттің азаматтары мұндай болса, болашағы жарқын екен» деп таңдай қағысты. Иә, көп тіл білсең, керемет емес пе?! Бірақ, бәрінің бастауында мемлекеттік тіл – ана тілі тұруы тиіс. Шетелге шықтым екен деп, шүлдірлеп кетуге болмайды. Бұл мәңгүрттікке ұрындырады. Мен ана тіліммен тудым. Ғұмыр бойы ана тілімді жаныма серік қылып өтемін.

– Әңгімемізді елге арнаған тілегіңізбен түйіндесек…

– Бұл топырақты мәңгілік мекен етіп ата-анам жатыр. Туған жерге келсем, ыстық құшағын жаяр туыстарым да осында. Ең бастысы, ерім деп еміренер елім бар. Кіндігіммен байлаулы қасиетті өлкеге бақ қонып, Қыдыр дарысын деймін. Елжанды азаматтар тізгінін ұстаған мұнайлы мекеннің болашағы жарқын, ертеңі келісті боларына сенемін. Әркез солай болуына тілекшімін.

Әңгімелескен: Нұржан ӨМІРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз