«Бақыт гормоны» немесе жүгірудің пайдасын білесіз бе?

zh min Жаңалықтар

Atr.kz / 14 шілде, 2020 жыл. Басты байлық денсаулық болған соң әр адам өзінің саулығына алаңдаулы болады. Әрине, ауырмасам, тәнім сергек, қимылым ширақ болса деп тілейді. Ішкі түйсігінде соған әрекет етуге талпыныс жасайды. Мұның бірден-бір жолы спортпен шұғылдану екендігін сезеді.

Осындайда, спорттың қандай түрімен шұғылдансақ деп ойлана бастаймыз. Ойға алған спорт түрінің біріне тұрақты баруға уақытымыз жетпей жатса, тағы біріне қатысу үшін едәуір қаражат қажет. Не істеу керек? Сөйтсек, шұғылданар уақытын айналысар адам өзі белгілейтін, қалтаңдағы қаражатың шығындалмайтын қолайлы спорт түрі бар екен. Бұл – жүгіру.

Мұнайлы өңірде жүгірушілер қатары соңғы үш-төрт жылда күрт көбейді. Таңертеңгілік немесе кешкілік Жайық өзенінің жағасына бара қалсаңыз, жағалауды бойлай жүгірген адамдарды кезіктіресіз. Денесі бусанып, жүзі шырайланған жандарды көргенде, олардың артынан ілесуге құлшынысың оянады. Иә, осы спортқа ден қоюшылар көбейген. Оның тағы бір дәлелі – қаламызда үш жыл қатарынан көктем айында ұзақтығы 3 км, 10 км, 21 км, 42 км болатын жаппай марафонның тұрақты дәрежеде өтуі. Оның әрқайсысына үш мыңнан астам адам қатысады. Сонымен қоса, тұрақты өткізіліп жүрген «Түнгі марафон» мен «Дала марафоны» да бар.

Ешқандай арнайы дайындықты, қабілетті қажет етпейтін, адамның барлық жүйесіне және мүшелеріне оң әсер ететін ең қолжетімді спорт түрінің денсаулыққа қандай әсері бар? Жүгірудің пайдасын Мәскеу халықаралық марафонына 17 рет, Санкт- Петербургте өтетін «Өмір жолы» марафонына 4 рет, бүкілресейлік жеңілатлетикалық жүгіру жарыстарына бірнеше мәрте қатысқан Атырау мұнай және газ университетінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асқар Қазиевтен сұрастырдық. Жүгіруді өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналдырған марафоншы адам тәніне ерекше күш беретін бұл спорттың көптеген артықшылығы барына тоқталды.

Оның айтуынша, жүгіру, біріншіден, жүрек қағысының соғысын реттеп, оны қатайтады. Күніне 10 минут жүгіру жүрек-қан тамыр ауруларынан аман сақтап қалады. Жүгірумен айналыссаңыз, көңіл-күйіңіз көтеріліп, қуаныш пен ләззат алу гормонын сезінесіз. Яғни, қаныңызда эндрофин гормоны жиілейді. Бұл медицина тілінде «бақыт гормоны» деп аталды. Бұл гормон қалыпты әрі жиі қалыптасқан сайын адам бойында күйзеліс жоғалады екен. Сондай-ақ, сүйектеріңіз, буындарыңыз қатаяды.

Екіншіден, жарты сағат жүгірсеңіз, көптеген калориядан құтыласыз. Бұл ұйқысыздықтан арылтып, арықтауға жол ашады. Ішектеріңіздің құрылысы мен қызметі жақсарады. Адамның дене мүшелерінің зақымдалуына алып келетін күйзеліс пен шаршаудан арылтады. Әрдайым сергек әрі жадыраңқы жүретін боласыз.

Сондай-ақ, ақылдың белсенділігі артып, кез келген жағдайда тез әрі нақты шешімдер қабылдауына көмектесетін көрінеді. Жүгіру барысында жүйке тамырлары мен жүйке жүйесі қалыпқа түсіп, адам тыныштық табады. Сонымен қатар, жүгіру тыныс алу жүйесін жақсартып, қартаю процесін тежейді. Күйзелістен құтылуға көмектесіп, төзімді боласыз.

Демек, жүгіруден пайда көп. Сіз жүгіруді кез келген жаста бастай аласыз. Ендеше, ұзақ ғұмыр кешем десеңiз, салауатты өмір салтын ұстанып, жүгіруді жаныңызға серік етіңіз.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз