Атырау мен Астрахан аралығы қашан жөнделеді?

infraqurylym Жаңалықтар

Ганюшкиннен облыс орталығына ілбіп басып келеміз. Жолдың бойы шұрқ-тесік. Арасында ойдым-ойдым шұңқырлар кездеседі. Пышақтың жүзіндей өткір қыры, ақыры, көліктің қос дөңгелегін жарып тынды. Абырой болғанда, көп кідіртпей әріптестеріміз көмекке жетті.

infraqurylym

Жауабы жоқ сұрақ

Жергілікті жұрт Атырау мен Астрахан аралығын «тозақ жолы» санайды. Оған діттеген жеріне жетудегі қиналысы, төбе шашты тік тұрғызатын сұмдық апат, қабырғасы сөгілген техникалары себепші болса керек.

Халықаралық дәліз ешқандай сын көтермейді. Оның әбден тозығы жеткенін біз де білеміз. Бір тұсындағы шұңқырды жамап біте келсек, екіншісі пайда болады. Үшінші санатқа жататын жолдың қашан жөнделетіні туралы нақты айту қиын. Өйткені, бұл мәселемен Инвестициялар және даму министрлігінің автомобильдер жолдары комитеті айналысуда, – деді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Дәурен Ерғалиев.

Ақиқатында, Атырау мен Астрахан арасындағы жолдың құрылысы қашан басталатынын салалық министрліктің өзі де айта алмайды. Жақында өткен Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осы мәселеге байланысты Премьер-Министрден сын естіді. Атырау-Астрахан жолының жобасы бойынша Ислам банкімен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтқан еді ол.

Халықаралық дәліздің маңызы

Атырау облысының аумағынан 990 шақырымды құрайтын республикалық маңыздағы жол өтеді. Соның 552 шақырымы Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасының (Астрахан бағыты) аралығында. «Мұнайлы астана» мен көрші елді жалғастырған жол құрылысының құны 91 млрд. теңгені құрайды. Жоба жүзеге асса, ол 2-ші санат болып өзгереді. Жол төсемінің ені 7-ден 9 метрге дейін кеңеймек. Жоспар бойынша барлық елді мекеннің тұсынан мал өтетін өткелдер, автобус аялдамалары, жол бойында демалыс алаңдары салынбақ. Көпірлер де ауыстырылады. Халықаралық дәліздің жөнделуі Қазақстан, Қытай, Ресей арасындағы байланысты жандандыруға, тауар айналымы мен көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бүгінде күрежолдың (Ақ-төбе-Атырау-Ресей шекарасы) 487-504 шақырымы аралығында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол 17 шақырымды құрайды. Бас мердігер болып «АНТ ИншаатМаденСанайн А.Ш.» ЖШС-і танылған, – деді Дәурен Ерғалиев.

Оның пікірінше, Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы аралығындағы жолдың 616-893 шақырымының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Енді конкурстық шаралар жасақталуда. Атырау облысының аумағында жол бойындағы қызмет көрсетудің 33 нысаны анықталған. Болашақ құрылыс Ұлттық стандарттың талабына жауап береді.

Күрежолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары үш жылға есептелген. Дегенмен, облыстық филиал директоры Дәурен Ерғалиев шетелдік банктермен арадағы қаржыландыру бойынша келіссөздердің нәтижесіз аяқталуы ықтималдығын  жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда ауыртпалық республикалық бюджетке түспек. «Атырау» газетінің тілшісі облыстық филиал директорынан «Ақтөбе-Атырау-Ресей» шекарасы аралығындағы жол жөнделсе ақылы бола ма?» деп сұраған еді.

«Жолды алдымен жөндеуден өткізіп алайық, мәселе содан соң анықталады. Ал, қазір «Атырау-Доссор» және «Құлсары-Бейнеу» бағытында жүк көлігі үшін жол жүру ақылы болуы мүмкін деген әңгіме айтылуда. Бұл келесі жылы жүзеге асуы ықтимал», – деді Дәурен Ерғалиев.

Жоба қалай жүзеге асады?

Құрылыс кезінде көлік қатынасы үшін уақытша жол салынатыны белгілі болып отыр. Халықаралық дәліз бұрынғысының үстінен түспек. Тек Аққыстау кентінің тұсынан айналма жол салынады.

Транзиттік көлік ағынын реттеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынуда. Осы мақсатта қазіргі таңда «Атырау қаласының Солтүстік айналма автокөлік жолының құрылысын салуға» және «Мақат ауданының Доссор кентінен айналма жол құрылысының» техникалық-экономикалық негіздемелерінің жобалау құжаттамасы жасақталуда, – деді облыстық  жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев.

Атырау мен Астрахан аралығындағы жолдың құрылысы төрт жер теліміне бөлініп, жөнделеді деп жоспарланған. Жобаның жүзеге асуы бірнеше рет кейінге шегерілді. Жыл басындағы «қар кеткен бойда жұмыс басталады» деген болжам да орындалмай қалды. Уәдеден шаршаған жұрт жанайқайын кімге жеткізерін білмейді. Айтпақшы, халықаралық дәліздің құрылысы 2021 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған еді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз