АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ӘН-ШАШУ

Қала күні мерекесіне арналған салтанатты шара кешкісін облыстық әкімдік жанындағы Бейбарыс алаңында  жалғасты. Бұл жерде Қазақстанның танымал эстрада әншілерінің қатысуымен гала-концерт өтті.  

Мерекелік концертті атыраулық жас әнші Бақтыгүл Ізбасарова «Тек алға» әнімен ашып, жергілікті өнерпаздар Айбар Ғаниұлы пен Зарина Қабдолованың дуэті және Мерей Қабдолов, сондай-ақ, «ABC Crew» бишілер тобы өнер көрсетті. Бұдан соң қала тұрғындары мен қонақтары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған сахналық қойылымды тамашалады.

Атыраулықтарды Қала күнімен құттықтаған қала әкімі Нұрлыбек Ожаев: «Ақ Жайықтың жағасы, Кәрі Каспийдің сағасындағы үш жарым ғасырдан астам тарихы бар қаланың Атырау атанғанына биыл 24 жыл толды. Қаламыздың мерейтойы құтты болсын, ағайын! Жаңарған қаламыздың экономикасының дамып, ілгері басқанына біз куәміз. Және осы жетістікте әрқайсымыздың үлесіміз бар екенін орынды мақтан тұтамыз. Атырау жайлы тұрмыс пен жасампаз істердің мекеніне айналып келеді. Жер байлығын бірлесіп игеру үшін алыс-жақыннан шетелдік компаниялар келіп, қаламызға инвестиция салуда. Олармен бірге тізе қосып, еңбек етудеміз. Бізде жарқын болашаққа деген үлкен сенім бар. Ол сенімнің тірегі – ынтымақ, бірлігі жарасқан атыраулықтар!» деп мерекелік тілегін жолдады.

Содан соң қала әкімі «Ең үздік  пәтер  иелері  кооперативі» байқауының жүлдегері «Бекен» ПИК-і  мен «Ең жақсы аула» байқауында жеңімпаз атанған «Азамат-Аман» ПИК-нің өкілдеріне арнайы грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.  

 Жайық жағалауын думанға бөлеген сауық кештің тосын сыйы да көп болды. Қаламыздың 375 жылдық мерейтойы құрметіне арнайы шақырылған қонақтарымыз кеш көрігін қыздыра түсті. Олардың арасында қазақстандық танымал продюсер Баян Есентаеваның жобасы – «Кешью» тобы да болды. Бұл топпен бірге әр жылдарда «Атырау аруы»  атанған қыздарымыз Жаннат Туленбаева (Мисс Атырау –  2007), Вероника Кошманова (2009), Асылай Амитова (2012), Назерке Файзуллина (2013), Арай Серікбаевалар да (2014) сахна төріне көтерілді. Көрікті қыздарымыздың мінсіз сұлулығын тамашалап, «Кешью» тобының әндерін тыңдау да бір ғанибет болды.

Бұл тамаша сәтті «Лучший город. KZ»  телешоуының екінші маусымының жеңімпазы, қазір танымал қазақстандық «Х-Factor» тележобасында бақ сынап жүрген атыраулық әнші Андрей Зарецкий жалғастырды. Онымен бірге «Мисс Атырау – 2015» байқауының ақтық сынына қатысушы  арулары ортаға шықты.

Бұдан кейін көпшілік ресейлік «DEMO» тобының орындауында бірнеше әндерді тыңдады. Қызуқанды топ мүшелері өңменнен өткен қазанның қара суығын елең қылмастан жастарды билеуге, белсендірек болуға шақырды.

Бір мезетте «Алашұлы» тобының орындауындағы Махамбеттің термесі түнгі аспанға әуелеп бара жатты. Табиғатыңмен тумалас таныс әуен болғасын шығар, жүрекке жылы тиеді.

Тойдың болғанынан боладысы қызық. Міне, асыға күткен ән кеші де аяқталды. Салтанатты шараның соңы мерекелік отшашуға  жалғасты.    

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген

Әнуар Әбілғазиев.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз