Баннер 9 мая от газеты Атырау

Ақын Сұраған Рахметұлы: «Ақын тірі жүргенде бірнеше рет өледі…»

auauaucaua Әдебиет

Сұраған Рахметұлы – шекараның арғы бетінде өмірге келіп, ғұмыр кешсе де қазақ поэзиясының қайнарынан қанып ішіп, өлең деген өлкеде өзіндік жаңалығы, парасатты пайымымен келген ақын.
Тереңдік, қиял, тың теңеу, тұжырым, ой тұнған жауһар жырлар – болмысы бөлек ақынның талантының көрінісі. Оның өлеңдерінде ойлылық, мөлдірлік, жаңашылдық бар. Ақынның бір ерекшелігі – қазақтың ескі сөздік қорын молынан білетіндігі және ақын ғана емес, журналист те, тарихшы және әскери маман да… Жуырда Сұраған ақынмен кездесіп, сұхбаттасудың да сәті түскен еді. Әдемі әңгімелер айтылды. Ендеше, мархаббат…

– Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев сізді елге көшіріп аламын деп біраз жүгірген екен. Елге біржолата келдіңіз бе?

– Рахымжанның «АқЖайық» деген журналы болып еді, «сол журналда қызмет етсең… және Атырауға келсең, үй алып беремін» деген әңгіме болғаны рас. Бірақ, сәті түспеді. Сол кезде жұбайым қайтыс болған еді. Түркияға екі жылға шығармашылық қоныс аударып кеттім. Ақыры қадірлі аға, қазақтың ұлы жазушысы өмірден озды.  Осындай себептермен бара алмадым. Мінекей,  Астанаға қоныс аударғалы  үш жылдың жүзі болды. Жайлаудан күзеуге, күзеуден қыстауға, қыстаудан көктеулікке түсу деген оңай емес. Көштің өз салтанаты, өз қиындығы бар. Енді 3 мың шақырымнан келіп, шекара берік, тәжтажал құтырып тұрған кезде көшу дегеннің машақаты көп  болды.

Біздің негізгі мақсатымыз – қазақ тәуелсіздігіне, қазақ мемлекетіне шетелдегі қазақтардың тарапынан қолдау көрсету, қазақ мемлекетінің іргесін бекемдеуге өз үлесімізді қосу. Рухани салада және де әлем әдебиетіне бейімделген қазақ әдебиеті, қазақ поэзиясының жақсы жақтарын насихаттау. 

– Қазақ ақындарының шетел ақындарынан кемшілігі, артықшылығы неде?

– Артықшылығынан бастауымыз керек. Қазақ сөзі мол, қоры бай. Біз білмейтін мыңдаған көне архаизм бар. «Бес ғасыр жырлайдыны» оқитын болсақ, бұрынғы Бұқар, Доспамбет, Шалкиіз, Кете жырауға дейінгі жыраулардың әр  сөзін испан тіліне аударар болсақ, біз айтып жүрген әртүрлі «измдер» – постмодернизм,  абстракционизм, модернизмдер далада қалатындай. «Бес ғасыр жырлайдыдан» Абайға дейінгі әдебиеттің әлем деңгейіне шығуына қазақтың өзінің берекелі биігі, айтар сөзі, киелі ойы, санасы бар. Ең үлкен артықшылық осы.

Кемшілігі – советтік социалистік реализмнің қиындығы. Бұл енді әр уақытта кейбір жазушыларды өшірді, кейбірі өзі өшті. Кейбірін сол жүйе өзі көтеріп, өсірді. Уақытша идеологияның қару-жарағы ретінде пайдаланды. Бұған қарамастан қазақ әдебиеті өміршең. Мысалы, шетелдің бір жазушысының бір шумақ өлеңін қазақ тіліне аударар болсақ, біздің қазақ сөзі сол ақынның бір шумақ өлеңіне өте кең көлемде келеді. Яғни, сол ақынның өлеңі қазақ сөзінің ішіне сіңіп, жоқ болады.  Бір жастағы балаға  30 жастағы адамның киімін кигізгендей ғой.

–  Сізді жұрт ақын, әдебиетші ретінде таниды. Қазіргі  қазақ әдебиеті туралы не айтасыз? Кімдерді оқисыз?

– Қазақ әдебиетінде көзі көргеннің барлығын оқу – бұл біздің басымыздан өтті. Мен  осы 60 жасыма дейін «Бес ғасыр жырлайды», эпостар, социализм кезінде Абайдан бастап «Я» әрпінен басталатын есімдер аралығындағы барлық ақын-жазушының күллі еңбегін оқып шықтым.  Мұны, жалпы, екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде барлығын оқыдым, екіншіде – талдап оқыдым. Яғни, жақсылап, таңдап, сүйіп оқитын ақын-жазушыларым  көп.

Қазақ поэзиясына өзіндік өрнегін салып келген, елдің елдігін, мұңын, қуанышы мен қайғысын бірге көтеріп, кешегі «зар заман» ақындарындай заманның кертартпа кезеңін, әділетсіздігі мен жоқтығын тілге тиек етіп, поэзия әлеміне бір қырынан емес, дәл үстінен келіп түскен ақын Жұмекен Нәжімеденов, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, айрықша аталатын хас шебер жазушыларымыздың бірі Мұхтар Мағауин, қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі әлем әдебиетінің тарихынан өз орнын айшықтаған тұлға Оралхан Бөкей, қабырғалы қаламгер, ойлы драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев, белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтерді атауға болады.

Тыныштықбектің өлеңдері ұнайды. Жаңа ғасырдың идеограмматикалық үн ауанына өзгеше бір леп әкелді деуге болады. Әр буын өкілдерінің өз ерекшеліктері бары рас болса, оның аса күрделі ойлары келесі бірнеше буынға серпін бере алады. Өркениеттің өзгеше дауасын өлеңінің өнбойына аса шеберлікпен кестелеп енгізе алған шедевр тек өзінше жылқы ғұмыр кешіп келеді. Қоғамның аумалы-төкпелі аласапыранында бағытынан жаңылмаған, не түрлі зіл мен қызғаныштардың төпештеуінен өтіп келе жатқан ақын, құбылыс.

– Ақын деген кім? Өлең қандай болуы керек?

– Бұған көп жауап беру керек, талдау қажет. Ақын дегеніміз – өткен рухтың бүгінгі сөзі, бүгінгі сөздің ертеңгі иесі. Ол – сол қазақ руханиятының ішінде кезіп жүрген ұлы әуен. Тек осылай ғана айтуға болады. Басқа «өлең деген не, поэзия деген не?» деген сұрағыңа анау әдебиет сыншыларының, әдебиет зерттеушілері, әлемдегі ұлы жазушылардың әртүрлі афоризмдері бар, бұған жауап сол. Ақын – тұтас әлем. Ақында қаншама бояу бар, бірақ ақынның ғұмыры екі бояудан тұрады. Бірі – қара, екіншісі – ақ. Ақ-қара бояудың қосындысы – ақын. 

– Ақын ретінде «мойындалу» үшін мүсінге айналу керек пе?

– Далада тұрып, торғайдың «туалеті» болғанды қаламаймын (күліп). Ақынның мүсінге айналуы дегеніміз – өткен заманның жай ғана қитұрқы дүниесі. Біз Махамбет пен Абайды көрген жоқпыз. Бірақ, олардың өлеңдері мен істері арқылы жадымызда мүсіндері қалыптасқан. Сондықтан адамның жан жүрегіне таңбаланған, өрілген мүсіннен өзге ештеңенің қажеті жоқ.

–   Жаныңызда жүрген жақындардан дұшпандық көрген кезіңіз болды ма? Ондай кезде қандай күй кешесіз?

–   Соны кешіп жүрген жоқпын ба қазір? Ақын тірі жүргенде бірнеше рет өледі… Қасында жүргендерден сатқындық көру дегеніміз – соның бірі. Үлкені де қиыны, сондықтан бұған анау-мынау деп ештеңе айтудың керегі жоқ.  Қасыңдағы дұшпаның тек мықты болғаны дұрыс.  Мықты дұшпаныңнан теперіш көрсең, ақын үшін – қайрақ. Ал, бір ақымақтардан жабысқан дүние ол өзіңді арамдайды, сол үшін былғанасың. Бұл былғаныш дүниеден қорғанам деп аузыңа тұмыл тағасың. Сосын тұншығып өлесің. Ал, ақын үшін ең қиыны – өз сөзін жеткізе алмай тұншығып өлуі. 

– Атажұртты аңсаған ағайындар елге ағыла бастады. Оның ішінде өзіңіз де барсыз. Бұл тәуелсіздіктен бастау алған Ұлы көштің толастамағанын білдіреді. Бұған да 30 жылдан асты. Әңгімеміздің соңында Қазақ мемлекетінің   болашағынан не күтетініңізді  айтсаңыз?

– Қазақ елінің қолында үлкен алтын бәйтерегі бар. Оның аты – Тәуелсіздік!  Сол бәйтеректің тұғырын бекемдеу, оны аялап мәпелеп өсіру, Қазақстан мемлекетінің табанының астында тұрып  көк байрағын мәңгілікке желбірету – міне, бұл бүгінгі  ең үлкен, ең басты мәселе.

Қазақстанда байлық көп, ақша көп, барлық мүмкіндік бар. Ендеше, Алла берген сол байлықты бағалай білу, ұрпақ қолына аман-есен аманаттау – біздің буынның мойнында тұрған ауыр жүк.

Біздің басымызды орап тұрған үлкен пәлекет – тіл мәселесі. Осыдан үш жыл бұрын Атырауға келе жатқанда ұшақтың ішінде 200-ден астам адам отырдық. Бір орыс көрінген жоқ. Өкініштісі, менің айналамда отырған адамдардың көбі орыс тілінде сөйлесіп отырды. Бұл – біздің ұлттық колоритімізге нұқсан келтіретін індет. Бұл ескіден қалған вирус.

Қай кезде тіл өз азаттығына жетеді, қай кезде қазақ әдебиеті тұтынуға келеді дейтін болсақ, әр қазақ қазақ ақын-жазушылардың аты мен өлеңдерін атап, оқып жүреді, сол кезде рухани тәуелсіздікке жетеміз. Тіл дамымайтын болса, әдебиет те дамымайды.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Сұраған Рахмет – шетелдегі қазақ ақыны. Журналист. 1958 жылы 22 қазанда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Дэлүүн өлкесі, Қарасу деген жерде дүниеге келген. 

Әскери мектепте және Қорғаныс министрлігінің қасындағы Әскери саяси университетті тарих, философия мұғалімі мамандығымен, Моңғолияның Мемлекеттік басқару академиясын – мемлекеттік менеджер мамандығы бойынша бітірген. Моңғолия Журналистер Одағының, Моңғолия Жазушылар Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Тарихшылар қоғамының мүшесі.  Моңғол, қазақ тілдерінде жазады.

Жазушының «Жұлдыздың лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі»  секілді жинақтары көпке мәлім.

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз