Теміржолда тырысқақ ауруына күдікті анықталды

qg1wiuqll951bi5dxcyus7hkz89m4zynzr2atwis Медицина

Атырау теміржол вокзалында №41/42 «Алматы-Атырау» пойызының №7 вагонында аса қауіпті карантиндік жұқпалы «Тырысқақ» ауруына күдікті жолаушы келе жатқандығы туралы хабарлама түсті. Осыдан соң дереу жедел қызмет көрсету арқылы ауру ошағын жоюда мамандар ортақ әрекетке көшіп, қажетті жұмыстарын атқарды.

Жуырда Атырау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен аса қауіпті және карантиндік жұқпалы ауруларға күдіктенгенде немесе анықталғанда жүргізілетін шаралар бойынша оқу-жаттығу осылай басталды.

Теміржол қызметінің және медицина мекемелері мамандары дереу әрекет етіп, күдікті адамды ауруханаға жіберіп, медицналық талдама жүргізу және ауруға күдікті адаммен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау, карантиндік-шектеулі іс-шараларды ұйымдастыру секілді тисті жұмыстарын атқарды.Мұндағы негізгі мақсат – Атырау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, темір жол қызметтерінің және емдеу мекемелерінің эпидемияға қарсы шараларды аса қауіпті аурудың (тырысқақ) облысқа әкелінуі мен таралуының алдын-ала алу. Сондай-ақ, мүдделі құрылымдар мен қызметтердің дайындығын қамтамасыз ету, бірігіп әрекет ету іс-қимылдарын нақтылау, індетке қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу әзірліктерін бағалау, тиімділігін арттыру болып табылады.
Оқу-жаттығу кезінде барлық мүдделі қызметтермен және ведомство мамандары өздеріне қатысты міндеттерді жүйелі орындап шықты. Құзырлы құрамдар аса қауіпті жұқпалар пайда болған ауру ошағын қалай заласыздандыру қажеттігін де көрсетті. Оқу-жаттығу іс-шаралары барысында мамандар дайындығы жақсы деп бағаланып, эпидемияға қарсы жұмыла жұмыс жасаудың іс-қимылдары айқындалды.
Іс-шараға барлығы 38 адам қатысып, 4 арнайы техника бірлігі тартылды.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз