Исатайда 83 гектар егін егіледі

2021 04 21 040911255700 Ауыл шаруашылығы

Атырау облысындағы малды өңірлердің бірі Исатай ауданында соңғы жылдары егіншілікке де ден қойыла бастады. Биыл мұнда 80 гектардан астам жерге егін салу жоспарланған.
– Бүгінде бұл салаға 20-ға жуық шаруашылық құрылымы қамтылып отыр. Егіс алқабының дені Қамысқала ауылдық округінің аумағында орналасқан. Егіншілікке бет бұрғандардың қатарында шаруа қожалықтарымен бірге жеке шаруагерлер де бар. Оларға мемлекет тарапынан субсидия беріліп, басқа да қолдау шаралары қарастырылуда. Қажетіне қарай жер жыртатын техникамен көмек көрсетілуде. Оның үстіне каналдардың арнасы суға толып, дихандарға қолайлы жағдай туғызылды, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадыржан Ермұханов.
Осындай қамқорлықтың шапағатын көріп, мүмкіндікті мүлт жібермеуге ынта білдіргендердің санатында Хамит Ерғалиев ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Орынбай Дәулетияров та бар. Ұзақ жылдар мұнай өнеркәсібінде жұмыс істеген ол отбасымен төрт гектар жерге қауын, қарбыз, қызанақ пен қияр егіп, егін шаруашылығымен шұғылдануды ұйғарыпты. Жердің сортаңына, өзге де климаттық ерекшеліктеріне қарамастан көкөніс-бақша дақылдарын өсіруді мақсат тұтқан шаруагер егетін дақылдарының көшеттерін жылыжайында жетілдіріп, енді санаулы күндерден соң оны алқапқа отырғызбақшы. «Шешінген судан тайынбас» демекші, тәуекелге бел буып, рахатынан  гөрі мехнаты басымдау істі қолға алған азамат күтімін келістіріп, бабын тапса, көздеген мақсатына жетуіне сенімді.

Дәулетқали АРУЕВ
Исатай ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз