Сарбаздар үйіне оралды

bez imeni.ggg Жаңалықтар


25744 теңіз жаяу әскерінің әскери қызметшілері туған жерге оралды. Осыдан бір жыл бұрын Маңғыстау облысына әскери борышын өтеуге аттанған 18 азамат бүгінде әскери қызметші атанды. Оларды Атырау теміржол вокзалынан ҚР Қорғаныс министрлігінің облыстық департаменті офицерлері мен сала ардагерлері оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты жағдайда күтіп алды. Жақындарымен қауышқан сарбаздардың жүректеріндегі толғанысы мен сағынышы көздерінен көрініп-ақ тұрды.

– Алғашқы кезде ол жақта ыңғайсыздық сезімі болды. Үйренісе алмай, түсіне алмай жүрдік. Жанымыздағы жолдас жігіттермен танысып, араласа бастағаннан кейін етіміз үйрене бастады. Әскери ант қабылдаудың өзі бойымызға ерекше патриоттық сезім мен рух берді. Кейіннен ату полигондарына барып жаттыға бастадық. Сөйтіп, әскери сала ұнай бастады, әр күн сайын ерекше құлшыныспен оянатынмын. Қазір міне, келісімшарт бойынша әскери салада қызмет атқарсам ба деген ойда жүрмін, – дейді 25744 теңіз жаяу әскерінің жауынгері Әли Амангелді.


Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар көпке үлгі дейді офицер. Өйткені мерзімді әскери борышын өтеу жігіттердің бойындағы намысты, ер-азаматқа сай мінез-құлықты қалыптастырып, Отаны мен отбасына деген сүйіспеншіліктерін арттыратын болады. Бүгінде олардың қатарынан келісімшартпен әскери салада қызмет атқаруға ниеттілер бар екен.


– Теңіз жаяу әскерінің сарбаздары абыроймен өз міндеттерін атқарып келіп жатыр. Салтанатты рәсімге қатысуға келіп, ата-аналардың жүздеріндегі қуанышты көріп марқайып тұрмыз. Себебі олардың ұлдары нағыз азамат боп келді деп нық сеніммен айта аламын. Әскер олардың бойындағы азаматтық қасиеттерді, рухты, патриоттық сезімді арттырды. Қазір де олардың физикалық тұрғыда дене бітімінің іріленіп қалғанын байқадым. Әскери киімдері де жарасып-ақ тұр. Сондықтан, алда оларға жұмыс орнын ұсынамыз, сарбаздардың қатарында әскерде қызмет еткісі келетіндер де бар, енді сол жағынан жұмыстанатын боламыз,- дейді Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Қуандық Бердіғалиев.

Малика ТӘКЕЖАНОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз