ЕҢБЕК АДАМЫНА – ЕРЕКШЕ ҚОЛДАУ

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Ақтөбеде әлеуметтік саланың қызметкерлерімен, бизнес қоғамдастықпен, ферроқорытпа зауыты және «Актюбрентген» АҚ ұжымымен, сондай-ақ, ардагерлер ұйымдары мен патриоттық клубтардың өкілдерімен кездесті.

Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, Парламент депутаттары Елеусін Сағындықов пен Майра Айсина, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының бас директоры Серік Ақшолақов, республикалық тау-кен және кен шығару кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец және басқалар болды.

Елбасының ақтөбелік жақтастарымен алғашқы кездесуі өткен Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің Студенттер сарайына әлеуметтік саланың қызметкерлері жиналды. Олардың бәрі Нұрсұлтан Назарбаев үшін дауыс беретіндерін бірауыздан мәлімдеді.

Он тоғыз жылдық еңбек өтілі бар дәрігер Еркін Сатаев «Болашақ» Президенттік бағдарламасының арқасында, машықтанып жатқан басқа да дәрігерлер сияқты, әлемдік даңқы бар еуропалық мамандардың тағылымдамасынан өткенін және бірегей тәжірибе жинағанын атап өтті.

РҚШ мүшелері Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болды. Кәсіпорында 4 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Жаңа технологияларды енгізу бойынша бас маман Жәнібек Нұрмұханбетов кездесуде былай деді: «Біздің жолымыз болды, өйткені біздің лидеріміздің өзі де еңбек ұжымынан шықты. Ол басқаларға қарағанда жұмысшының қажеттілігі мен үмітін жақсы біледі. Сондықтан да біз, Қазақстанның металлургтері Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс береміз!»

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда РҚШ мүшелерінің ардагерлер ұйымдары және патриоттық клуб өкілдерімен кездесуі болды. Кездесуге қатысушылар халықтың тұрақты дамуы мен ел игілігінің кепілі болып табылатын Нұрсұлтан Назарбаевтың маңына бірігуі қажет екенін ерекше айтты.

Ақтөбелік кәсіпкерлермен де кездесу болып өтті. «Дөңгелек үстел» барысында жергілікті бизнесмендер Мемлекет басшысы ұсынған бес негізгі реформаны тұтастай қолдайтындарын айтты.

РҚШ мүшелері «Актюбрентген» АҚ-ның қызметкерлерімен де кездесті. Зауыт жұмысшылары Президенттің әрқашан еңбек адамына қолдау көрсететінін, сондықтан да олар өз дауыстарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа беретіндерін мәлімдеді.

* * *

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қостанай облысында болды.

Олар мұнда ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен, аймақтың еңбек ұжымдарымен кездесіп, Ұлт Көшбасшысын жақтаушылар форумына қатынасты.

Кездесу кезінде №1 мектеп-интернатының мұғалімі Ирина Дмитриева сөз сөйлеп, өз Президенті үшін кеудесін мақтаныш сезімі билейтінін, себебі ол еліміздің болашағына айрықша әкелік қамқорлық танытып отырғандығын айтты. «Садчиковское» ЖШС қызметкері Лена Шархиева «Біздің ертеңгі күнге деген сеніміміз зор. Себебі, Ұлт Көшбасшысы халқымыздың бүгіні ғана емес, болашағы үшін де көптеген жұмыстарды жүзеге асырды. Ауыл адамдарының тұрмыс деңгейі еселеп нығайды», – деді. 

Сол күні РҚШ мүшелері «Қостанай ұн тарту комбинаты» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Мұнда да ұжым мүшелері Елбасына отандық өндірісті қолдағаны үшін зор алғыс сезімін білдірді.

Костанайлықтар Форумда 26 сәуірде Қазақстанның жаңа жеңістері үшін, Елбасы үшін бірауыздан дауыс беретіндіктерін мәлімдеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз