АЗҒЫРЛЫҚТАР ҮШІН ОҢДЫ ШЕШІМ

Дүние жүзінде болып жатқан саяси жағдайлар әркімді де ойландырады. Осы орайда, өз халқының қамын ойлаған Мемлекет басшысының бәсекеге қабілетті ел болу үшін Қазақстанды Еуразиялық экономикалық одақ құрамына енгізуі – құптарлық. Одаққа қол қойылған күннен бастап Елбасының мұндай батыл қадамға баруын шалғайдағы азғырлықтар да қолдауда.

Бұл одақ үш елдің экономикасының өсуіне, мемлекеттегі халықтар арасындағы достық, бірліктің нығаюына, ішкі кедергілердің жойылып, халықтың әл-ауқатының өсуіне, үш ел арасында сауда-саттықтың оңтайлануына жол ашпақ. Мұндай мүмкіндікке жетуде халқымыз біраз қиындықты бастан өткергені рас. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, айтылып жүргендей, бұл туралы әлі де теріс пікірлер болуы мүмкін. Алайда, біз болашақты ойлауымыз керек. Еуропа елдерін біріктіретін Еуроодақ құрыларда да мұндай күдік болғаны мәлім.

Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр селолық округі тұрғындарының бұрынғы Кеңес Одағы тарағаннан бері Ресей қалаларымен қарым-қатынасы жойылмаған болатын. Себебі, азғырлықтарға облыс орталығы мен ауданға қатынау қиынға соғатыны анық. Әсіресе, науқастарды 300 шақырым жердегі аудан ауруханасына жеткізу оңай емес. Сол себепті, тұрғындар ауылға іргелес жатқан Харабали, Баскунчак қалаларымен байланысып келеді. Дегенмен, кей жағдайда шекарадан өтуде қиындық туып жатады. Осы орайда, экономикалық одақтың құрылуы  азғырлықтар үшін мәселенің оң шешімі болғандай. Себебі, ендігі уақытта ауыл тұрғындарына  Ресейге емін-еркін қатынауға жол ашылмақ.

Жүсіп ЖӘБЕЛОВ,

            Азғыр селолық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз