ТҰТАСТЫҒЫМЫЗДЫҢ СИМВОЛЫ

Елімізде «Тілдер туралы» Заңның қабылданғанына биыл 26 жыл толады. Мемлекетімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдеріне өз тілдері мен дінін, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұстануға толықтай жағдай жасалып келеді. Олар да өз кезегінде айрандай ұйыған бірлігімізді қадір тұтып, біздің  қазақ тіліне деген оң көзқарастарын білдіруде.

 

Қазіргі жаһандану заманында көп тіл білудің зияны жоқ. Алайда, ең бірінші ана тілін, мемлекеттік қазақ тілін білу – ол әрбір азамат міндеті, парызы. Қазіргі таңда мемлекеттік ұйымдарда мемлекеттік тіл – қазақ тілі мәселесі көп талқыланып, айтылып та келеді, жазылып та жүр. Әрине, өзгерістер жоқ емес, бар. Алайда, мемлекеттік тілді енгізу және дамыту мәселесі қазіргі уақытқа дейін толық шешілді деуге ертерек.

Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп жазылған. Осы Заңда көрсетілген талаптардың барлығы дерлік жоғары деңгейде орындалып, жүзеге асқан жағдайда қазақ тілінің мәртебесі тиісті деңгейіне көтеріледі.

Әрбір мемлекеттік орган мен мемлекеттік қызметшінің міндеті – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және салалық тілді дамыту болып табылғандықтан, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Мемлекеттік тілде сауатты жұмыс істеймін деген адамға бүгінде барлық  мүмкіндік  жасалған. Жалпы алғанда, мемлекеттік тілдің дамуы барлық мемлекеттік органдарға, мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдарға, қоғамдық қатынас салаларына да байланысты.

«Тіл – біздің тұтастығымыз», «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп те айтып жүрміз. Сондықтан, әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс. Туған тілдің абыройын асқақтату – әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық  мәдениет пен тілімізде жатыр.

Базаргүл  ӘБДУӘЛИЕВА.

Қызылқоға аудандық

сотының бас маманы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз