«Жақсы істерді сіздерден оқимыз»

ZHa syi isterdi Қоғам

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым міндеттерді насихаттау мақсатында «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі ұйымдастырған «Туған жер» этномәдени жобасы аясындағы шаралар облыс орталығындағы өндірістік кәсіпорындар мен мекемелерде жалғасын табуда. Өткен аптада облыстық газеттердің  бір топ журналистері  «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының Атырау мұнай құбыры басқармасында инженер-техникалық қызметкерлерімен кездесті.

Жақсы істерді

Атырау мұнай құбыры басқармасы – аталған акционерлік қоғамның  маңызды құрылымдық бөлімшелердің бірі. Атырау-Самара мұнай құбырымен жылына шамамен 15 млн. тонна мұнай айдалып, күн сайын темір жол цистерналарына құйылады. Сонымен қатар, мұнайқұбыршылар Батыс Қазақстан кеніштерінен өндірілген «қара алтынды» «Өзен – Атырау – Самара» магистральды мұнай құбырлары арқылы Каспий құбыр желісі консорциумы жүйесіне, Атырау мұнай өңдеу зауытына айдауды да тұрақты қамтамасыз етіп келеді.

Атырау мұнай құбыры басқармасы басшысы,  қалалық мәслихат депутаты  Сәбит Рзиев алдымен журналистерді қабылдап, кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігінен жан-жақты хабардар етті. Оның айтуынша, басқармада мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Он төрт ұлт өкілінің басын біріктірген үлкен ұжымда жақсы дәстүр мен ырғақты жұмыс үрдісі  қалыптасқан. Мұнда жұмысшылар, әлеуметтік әлсіз топ санатындағылар, зейнеткерлікке шыққан ардагерлер басшылық пен қоғамдық ұйымдардың назарынан тыс қалмайтындығын білдік.

Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген төрт қабатты әкімшілік ғимаратта барлық санитарлық-тұрмыстық жағдайлар ескерілген екен. Жайлы да техникалық жағынан жабдықталған кабинеттер, еңбек қорғау мен мемлекеттік тілді оқытудың сыныптары, мәжіліс залы, асхана және басқа да кешенді бөлмелер қызметкерлердің алаңсыз жұмыс жасауына толық мүмкіндік береді.

Ұжым мүшелерімен өткізілген кездесуді ашқан басқарма басшысы Сәбит Рзиев алдымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған басым бағыттарды мұнайқұбыршылардың толықтай  мақұлдап, қолдайтындығын жеткізді. Басқармада осыған байланысты іс-шаралар жоспары жасақталған. Жұмысшылардың, әсіресе, жастар өкілдерінің туған өлкенің тарихын, киелі жерлерін, белгілі тұлғаларын білуге деген құштарлықтарының артқандығын айтты. Бір топ жас  Алтын Орда дәуірінде Кавказ бен Қырымды Қарақорым, Қытаймен байланыстырған керуен жолы бойындағы маңызды діни, саяси-экономикалық орталық, ал, Қасымхан тұсында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшыққа экскурсия ұйымдастырып, тағылымы мол тарих тұңғиығына үңіліп, үлкен әсермен оралыпты.

Ғасырға жуық уақыттан бері облыс жылнамасына айналған «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Исатай Балмағамбетов пен Нәсіп Шалабаева Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласының маңызын әңгімелеріне арқау етті. Әсіресе, ұлттық кодымыз бен  құндылықтарды сақтау, туған өлкенің тағылымы мол тарихына терең үңілу, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту жөніндегі ойларын айтты.

Басқарма басшысы Сәбит Рзиевке «Атырау-Ақпарат» ЖШС басшылығы атынан басылымдарға көрсеткен қолдауы үшін ризашылық білдіріліп,  болашақта  тығыз байланыс орнату үшін әріптестік хаты табысталды.

Басқарманың Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасының технологиялық жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі слесары Александр Захаров Елбасы мақаласында атап көрсетілген туған жер тарихына қатысты мәселеге жастардың бейжай қарамайтындығын айтты. Өткен жазда ол жұмыстас әріптестерімен «Хан ордалы Сарайшыққа» сапарлап, біраз жайттарға қанығып келген екен.  «Облыстық газеттердің беттерінде төрт ғасырлық тарихы бар Гурьевтің ескі үйлері мен көне сәулет нысандары туралы материалдардың жиірек  беріліп тұрғанын қалаймын» деді Александр Захаров.

Бақылау, өлшеу аспаптарының маманы Нұрлыбек Мұғиевтің пікірінше, аймақтағы көне тарихи-мәдени ескерткіштер туралы көркем түрлі-түсті суретті анықтамалық дайындалып, көпшілікке ұсынылса, киелі жерлер жайлы танымдық мақалалар басылым беттерінде жарияланып тұрса, оқырмандар үшін тиімді болады.

Кездесуді қорытқан басқарма басшысы  Сәбит Рзиев кәсіпорынға ат басын бұрып келген топқа ұжым атынан ризашылығын жеткізді.

***

Атырау мұнай өңдеу зауыты бүгінде – Қазақстандағы ірі өнеркәсіп алыптарының бірі. Зауытты жобалау КСРО мұнай өнеркәсібі Халық комиссариатының жоспарлы тапсырмасы негізінде Ұлы Отан соғысының отты жылдарында басталып, оның  құрылысы аса қиын жағдайда жүргізілгені белгілі.

1945 жылы зауыттың алғашқы жылдық мұнай өңдеу қуаты 800 мың тоннадан 5,5 млн. «қара алтын» өнімін тасымалдауды қамтамасыз етуге қауқарлы кәсіпорынға айналды. Зауыттықтар биылғы қыркүйекте күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды қамтамасыз еткен болатын.

Мұнай өңдеушілермен болған кездесуді кәсіпорын бас инженерінің технологиялар және өндіріс жөніндегі орынбасары Еркін Сүлейменов ашып,  жүргізіп отырды. «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары Нұрлан Қабылов Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында айтылған басым бағыттар – ұлттық код, салт-дәстүрімізді дәріптеу, ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпақтар бойына сіңіру туралы ойларын ортаға салды. Ал, «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева газет пен оқырман, бұқара мен билік арасындағы байланысты нығайту жайлы әңгімеледі.

Зауыт ұжымы екі облыстық газетті үнемі оқитындығын, биыл да міндетті түрде жазылатындықтарын айтты.

Бақытжан Жұмат

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз