ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРБАЯН

Бір кездері Атырау мен Маңғыстау облысын басқарып, еліміздің ресми орындарында ұзақ жыл абыройлы қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтың өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында оның есімі берілген политехникалық колледжде «Халқы сүйген, халқын сүйген азамат» атты салтанатты шара өтті.

Шараға «Мұнайшы» қоғамдық қорының Атырау аймақтық үйлестірушісі Болат Өтебаев, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев, облыстық ардагерлер ұйымының басшысы Қатимолла Ризуанов, облыстық мәслихат депутаты Мәрия Қаражігітова, еңбек ардагерлері Амангелді Селбаев, Хамза Қуантыров, қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашев және басқа аймаққа белгілі азаматтар қатысты.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген колледж директоры Бағыт Шеркешбаева: «Сексен бес жылдық тарихы бар осы оқу орнын тәмамдап, кейін отандық экономиканың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аға ұрпақ өкілдерін біз әрдайым мақтан етеміз. Солардың қатарында біздің колледжіміздің түлегі Саламат Мұқашев ағамыздың алар орны ерекше. Ардагерлердің ұсынысы бойынша өткен жылы қазан айында өзі оқыған осы білім ошағына (бұрынғы Гурьев мұнай техникумы) оның есімі берілді. Елімізге танымал тұлғаның атын иеленген біздің ұжымымыз алдағы уақытта да Саламат Мұқашевтай ерен еңбегімен ұлт мақтанышы болар үздік мамандар дайындап шығаруға күш салады» деді.

Әр кез игі істердің бастамашысы болған көрнекті қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтың қызмет жолы туралы бейнеэкраннан шағын деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, қатысушылар колледж ұжымы дайындаған «Өмір жолы өнеге» атты сахналық қойылымды тамашалады. «Алғашқы баспалдақ», «Мұнайшылар, мұнай бер» және «Қайран ағалар» деп аталған көріністер арқылы С. Мұқашевтың қызмет жолы жастарға үлгі етілді.

Оның білікті басшы ретінде ұйымдастырушылық іскерлік қабілеті ақын-жазушыларымыздың да шығармаларына арқау болды. Колледж студенті Кемелхан Жасқанат Қазақстанның халық жазушысы, ақын жерлесіміз Хамит Ерғалиевтің Саламат Мұқашевқа арнаған «Ер елімен егіз» деген өлеңін оқыды.

Шараға арнайы шақырылған қонақтар Амангелді Селбаев, Нұрпейіс Мақашев, Қатимолла Ризуанов сөз сөйлеп, студент жастарға Саламат Мұқашев туралы тәрбиелік мәні зор естеліктер айтты. Ұлы Болат Дәулетов алдағы уақытта үздік оқитын студенттерге Саламат Мұқашев атындағы шәкіртақы тағайындау мәселесі қарастырылатынын атап өтті.

Колледжде мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтың өмір жолын насихаттауға арналған апталық ұйымдастырылған болатын. Апталық барысында семинар, «дөңгелек үстел», брейн-ринг, интеллектуалдық ойындар өткізілді. Шығармашылық және әдістемелік жұмыстар байқауы, фотосурет бәйгесі, спорттық жарыстар, сондай-ақ, арнайы пәндер бойынша олимпиада өтті. Колледж ұстаздары мен ата-аналар арасында өткізілген «Шуағы мол шаңырақ» атты отбасылар байқауы да мәреге жетіп, Бляловтар отбасы жеңімпаз атанды. Бүгінгі салтанатты шара соңында осы байқаулар бойынша жеңімпаз атанғандар марапатталды.

Саламат Мұқашев шығармашылық жұмыстармен де айналысты. Солардың ішінде Қазақстан мұнайының (1899-1999 жж.) және Атырау қаласының (1940 -2000 жж.) жылнамасын жазып, жарыққа шығарғанын айта кетсек артық етпейді.

2005 жылы «Арыс» баспасынан оның «Атадан аманат, ұрпағыма өсиет» атты кітабы жарық көрген болатын. Кітапта автор: «Мұраларымның ең қымбаттысы – ұрпағыма қалдыратын өсиеттерім. Кәрілікке жеткенде өмірден көрген-білген тәжірибеңді кейінгі толқын жастарға үлгі еткің келеді екен» депті.

Еңбек жолын Мақат мұнай кәсіпшілігінде қарапайым жұмысшы болудан бастап, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасына дейінгі сара жолды абыройлы өткеріп, ел мүддесі үшін аянбай тер төккен аяулы азамат Саламат Мұқашевтың дүниеден озғанына он бір жылдан асты. Жары Мәрия Сәлімгерейқызы екеуі үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Бауырынан өрбіген перзенттерінен 18 немере, 9 шөбере көрді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп көңіл жұбатамыз. Бұл күнде абзал азаматтың ұрпақтары әке есіміне кір келтірмей, өмірден лайықты орындарын тауып, жемісті еңбек етуде.

 

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Қызмет баспалдақтары

1961-1970 – Атырау облысы, Ембі (Жылыой) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы.

1970-1977 – Атырау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы

1977-1980 – Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы

1980-1985 – Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы

1985-1988 – Қазақ КСР жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы

1988-1997 – Республикалық табиғатты қорғау қоғамының төрағасы

1950 жылдан КОКП мүшесі.

1971 жылдан Қазақстан КП ОК-нің мүшесі.

1971 жылдан Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты

1977 жылдан Кәсіподақтардың республикалық кеңесінің төрағасы.

1977 жылдан Қазақстан КП ОК-нің Бюро мүшелігіне кандидат.

Қазақ КСР жоғарғы кеңесі президиумының мүшесі.

КСРО жоғарғы кеңесінің депутаты.

 

Марапаттары

Төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, бес медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының Құрмет грамотасымен және Қазақстан республикасының «Құрмет» орденімен марапатталған. Атырау облысының және Ақтау қаласының, сондай-ақ, Түпқараған, Жылыой аудандарының Құрметті азаматы.

 

 

Мәселені  ірі-ұсақ  деп  бөлмейтін

Сәкең Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезде мен комитеттің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болдым. Сол кездерде ол кісінің қандай мәселеге де ірі-ұсақ демей, бәріне мән беретініне көзіміз жетті. Соның біреуін айтайын. Теңіз ауданында өтетін конференцияға күні бұрын дайындалып жаттық. Өзімізше бәрін сақадай сай етіп қойдық. Бір күн қалғанда Сәкең келіп, әзірлігімізді қарап шықты. Көзімен бір сүзіп шыққанда-ақ мән бермеген тұстарымызды байқап, бізге ескерту жасады. Ең кішісі, залдағы микрофонның тоғы аяқ астында салбырап жатқанын Сәкең айтқан соң көрдік. «Ертең үлкен кісілер сөйлеген кезде мына шұбатылған тоқты аяқтарымен іліп кетіп, құламасына кім кепіл» дегені есімде.

Қатимолла Ризуанов,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Өзін-өзі тәрбиелеген тұлға

Бір кездері Саламат ағамен қоян-қолтық араласып, бірге жұмыс жасадық. Ол кісінің Атырау мен Маңғыстау облысына жасаған еңбегі зор еді. Бұл кезде ел етек-жеңін жинап, тәртіпке түсе бастады. Кадр таңдау мәселесінде талабы жоғары болды. Ол облыстың ғана емес, мемлекеттің үлкен тұлғасына айналды.

Саламат аға көп сөйлемейтін. Бір таңғалатыным, алдына шалқайып келген адамды еңкейтіп шығарып жіберетін еді. Бұл – екінің біріне біте бермейтін қасиет.

Ол – әрбір күнді өзіне азық етіп, әр күннен тәрбие алған адам. Өзін-өзі тәрбиелеген тұлға. Соған күші де, ақыл-ойы, санасы да жеткен жан. Мұндай бекзат адамдардың қасыңнан жүріп өткені, жаныңда отырғанының өзі өнеге. Отырыстарда біреулерді орынсыз қолпаштап жатқанын көріп, кейбір ағаларымыздан көңілің қалып қояды. Бұл кісіде мұндай жасандылық ешқашан болып көрмепті.

 Амангелді Селбаев,

Атырау облысының Құрметті азаматы, теміржол саласының ардагері.

 

Елге  аға  болған  ерен  азамат

Бүгінде мұнайшылар бай тұрады деп мақтаныш етеміз. Аймақ экономикасының өсіп-өркендеуіне Саламат Мұқашев сияқты аға буынның қосқан үлесі зор. Ол – елге аға болған ерен азамат. Басқасын былай қойғанда, «Рахат», «Шалқыма», «Каспий» сияқты сауда орындарының аттарын да кезінде сол кісінің қойғанын бүгінгі жастар біле бермейді.

Нұрпейіс Мақашев,

қоғам қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз