Жол бойындағы жүгенсіздіктер

eree Құқық

«Құқықтық мәдениеттің деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі – азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері. Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр болып тұр. Жыл сайын мыңдаған адам көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың III Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен. 2024 жылғы 15 наурыз

Елдегі қордаланған мәселенің бірі – жол апатының көбеюі. Расында, соңғы жылдары «көлік апатынан қайтыс болыпты» деген хабарды жиі еститін болдық. Ал, мүгедек болып қалғандар қаншама десеңізші.

Биыл 1 қаңтардан бері облыста тіркелген 72 жол-көлік оқиғасынан 18 адам қаза болып, 89 адам түрлі дене жарақатын алған. Статистиканың бұлайша жыл сайын өсуі көптен бері түйінді мәселеге айналып, шешімі табылмай жүр.

Осы тақырыпқа байланысты облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясында өткен «дөңгелек үстелде» жолдағы қауіпсіздіктен туындаған сауалдарға жауап іздеп, құзырлы орган өкілдері мен сарапшылардың тиімді ұсыныс-пікірі, атқарылуы тиіс маңызды шешімдер мен қолға алынған жұмыстар талқыға салынды.

Облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Әкімшілік практика бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Ғарифолла ТАЙШЫБАЕВ, Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының  аға инспекторы, полиция майоры Аманжол ЖҰМАЛИЕВ, Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас СӘРСЕНОВ, сала сарапшысы ретінде ішкі істер органдарының ардагері, запастағы полиция подполковнигі Досай ЖҰПҚАЛИЕВ, жүргізушілер тарапынан «Ақжайық Автопарк» ЖШС техникалық пайдалану бөлімінің басшысы Қыдырсиық МОЛДАҒАЛИЕВ қатысқан басқосуды газеттің бас редакторы Назарбек ҚОСШИЕВ жүргізіп отырды.

Сандар сөйлейді…

– Республикалық маңызы бар және қала ішіндегі жолдардағы қайғылы оқиғалар ахуалдың тым күрделі екенін байқатады. Атырау облысында да жолға шығып оралмаған немесе кембағал болып оралған жандар жеткілікті. Және соның көпшілігі – жүргізушінің кінәсінен. Әңгімеге арқау болып отырған жолдағы жүгенсіздіктің алдын алу үшін қандай шаралар жүзеге асып жатыр?

Аманжол ЖҰМАЛИЕВ:

– Қазақта «Жол мұраты – жету» деген жақсы сөз бар. Алайда, көлікке қажеттілік артқан сайын, оны пайдалануда қоғам өміріне қауіп туғызатын жағдай көбейгенін жасыра алмаймыз. Тосыннан келген апат кімді болса да аяп жатқан жоқ.

Патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесінің сақталуын қадағалап, қауіпсіздік туралы ескертеді. Көңілге медеу болар жайт, статистикалық деректер Атырау облысында өзге өңірлермен салыстырғанда жол апатының аз тіркелгенін көрсетті. Оған «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Жүк көлігі», «Сіздің жолаушы – бала» профилактикалық рейдтері мен «Кибершериф», «Трафик Сканер» құрылғылары ықпал етті.

Адам өліміне душар еткен жол-көлік оқиғаларының дені республикалық маңызы бар көлік жолында болып отыр. Өйткені, қала сыртында «темір тұлпарды» өте жоғары жылдамдықпен жүргізгендердің апаттан аман қалуы екіталай. Биылдың өзінде жол бойында 11 адам қазаға ұшырады.

Егер жүргізуші де, жаяу жүргінші де, жолды жөндеуші мекемелер де өз жауапкершілігін ұмытпаса, қауіпсіздік ережелері мен талаптары қатаң сақталар еді. Өкініштісі сол, бұл орындалмай тұр.

Былтыр өздігінен жүретін самокаттар, басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін Заң қабылданды. Жүріп-тұрудың мұндай жаңа түрін іс жүзінде қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды.

– Профилактикалық жұмыстар жасала беретіні түсінікті. Сарапшылардың пікірінше, жол апатының статистикасы мен одан келетін залал-зардапқа есеп жүр­гізуде олқылықтар бар. Мысалы, 5-10 жылдың аралығындағы көрсеткіштер зерделене ме?

– Әрине, құқық қорғау органдарының орталық базасында әрбір жол-көлік оқиғасы талданып, белгіленген басым бағыттар бойынша шаралар қабылданады. Статистика тіркелген жол-көлік оқиғасы, қаза болған және жарақат алған адам саны бойынша сарапталады.

«Жыл сайын бір ауыл жоқ»

– Бүгінде патрульдік полиция заманауи жабдықталған, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Кибершериф», «Қорғау» бағдарламалары мен «Сергек» бейнекамералары жол жүрісі қағидасының сақталуында қырағылық танытады. Десек те, апатты азайтудың амалы жүйелі жүргізілсе, жағдай осыншама тығырыққа тірелмес еді. Бұған сіздердің пікірлеріңізді білсек…

Ғарифолла ТАЙШЫБАЕВ:

– Патрульдік полицейлер жүргізушілерге құжаттарды түгендеп және көлікті уақытылы тексертіп, жөндеуге кеңес береді. Ең бастысы – адам өмірінің қымбат екенін үнемі ескертеді. Сіздің сауалға «қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек», «сақтықта қорлық жоқ» деп жауап беруге болар еді. Алайда жол үстіндегі қайғылы оқиғалар кім-кімді де болса алаңдатпай қоймайды.

Жуырда Көкарна ауылының маңында болған жол-көлік оқиғасынан бір шаңырақ қара жамылды. Ал, Әлиев көпірінің үстінде болған апат бір ауылдағы төрт адамның өмірін жалмады. Қазір апатқа байланысты тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Дегенмен, «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі тү­зелмесе, жылдамдықты асырған жүр­гізушілердің желігі басылмаса, әр адам өз жауапкершілігін жете түсінбесе, қауіп-қатерден құтылу екіталай. Сондықтан әр жүргізуші жазаланғаннан гөрі, мүлдем жаза баспаса екен.

Досай ЖҰПҚАЛИЕВ:

– Еліміздің Конституциясында «Қазақстанның басты байлығы – адам және олардың бостандықтары мен құқықтары» деп жазылса, екі айдың ішінде байлығымыз 18 адамға кеміді. Меніңше, қарапайым қауіпсіздік шараларының қауқарлы болуы үшін Заңға өзгерістер енгізу керек.

Иә, жол апаты­ның алдын алу бағытында қолға алынған шараларды жоққа шығаруға болмайды. Қыруар қаржы бөлініп, бейне­камералар қойылып, айналма жолдар салынып, заманауи техникалармен жабдықталған бе­кеттер мен патрульдік автокөліктер қол­данылып-ақ жатыр. Полицияның материалдық-техникалық жағдайы жақсарғанымен, жол-көлік оқиғасы азаймай отыр. Нәтиже болу үшін Үкімет деңгейінде кешенді шаралар қолға алыну керек деп ойлаймын.

Бұрын мемлекеттік автоинспекция, қазіргі жол полициясы деп аталатын құрылымдар қауіпсіз жол қозғалысы­мен айналысты. Сала ардагері ретінде ұсынысым – бұл саланы қазіргідей «Әкімшілік полиция» мен «Жергілікті полиция» деп бөлмей, жол қауіпсіздігін кәсіби тұрғыдан бір мекеме қадағалауы тиіс. Содан кейін ол құрылымның жол стандарттарын қадағалайтын бөлімдері жоғары техникалық білімі бар, жол қозғалысын реттеу әдістерін жақсы меңгерген мамандармен қамтамасыз етілуі керек.

«Жылына 3000 адам ажал құшады» деген бейбіт заманда сұмдық емес пе?! Оның басым бөлігін 18-50 жас аралығындағы еңбек өнімін арттыруға үлес қосатын белсенді жастағы адамдар құрайды. Қара жамылған отбасылармен бірге елдің экономикасы да зардап шегетіні даусыз. Тіпті, Ауған жеріндегі соғыста 10 жылда екі жақтың шығынын қосқанда барлығы 25 мыңдай адам қаза тапты ғой…

Ал, Қазақстанда жыл сайын бір ауыл жоқ болып отыр деген сөз!..

Толғағы жеткен тақырыптың түйіні

– Мәселенің мәнісіне үңіліп, тереңірек зерделесек түрлі себептер туындайды. Дегенмен, күрделі мәселенің түйіні біржақты тарқатылмайды. Біреулер жүргізушілердің сауатсыздығына ашынса, енді бірі жолдағы белгі-таңбалардың дұрыс орнатылмағанын айтып, бұқараның басым бөлігі шұрық-тесік жолдан мезі болғанын айтып мұң шағады…

Ғарифолла ТАЙШЫБАЕВ:

– Көбінесе жол-көлік оқиғасы жылдамдықты асыру салдарынан орын алады. Айталық, трассада жылдамдықпен желіккен жүргізуші қарсы бағытқа шығады да, алдындағы көлікті басып озуға үлгермей қалып жатады. Сондай-ақ қарама-қарсы жолаққа шығып кету, арақашықтықты сақтамау, жаяу жүргіншілердің тиісті емес жерден өтуі, жүргізушілердің мас күйінде көлік жүргізуі секілді өрескел тәртіп бұзушылықтар, тіпті төрт түліктің жолға шығуы салдарынан да жол апаты болып жатады.

Қазір Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңының 52-бабына сәйкес көліктерді негізсіз тоқтатуға тыйым салынған. Тек жол қозғалысы немесе жүк тасымалдау ережелері бұзылса, сондай-ақ рейд шараларында тоқтатуға негіз бар. Мұндай шектеу жүргізуші ішімдікке немесе есірткіге мас па, жүргізушілік құқы бар ма, жоқ па деген түрлі мәселелерді анықтауға мүмкіндік бермейді. Тіпті, жүргізуші құқынан айырылса да көлік тізгіндейтіндер бар.

Қыдырсиық МОЛДАҒАЛИЕВ:

– Бұрын техникалық байқауға қалай көңіл бөлінетін еді. Көліктің ақауын тексеруге жауапты комиссияның құрамында атқарушы биліктің мүшелері, инженерлер, жол полициясының қызметкерлері, автомектептердің оқытушылары болатын. Жүргізушілер де «техосмотрға» алдын-ала дайындалып, міндетті түрде медициналық комиссиядан өтіп, көлігін жөндеп ретке келтіретін. Қазір ондай жұмыс жоқ.

Ал, қоғамда жол қозғалысы ережелерін насихаттамайынша, жол апатының көрсеткіші төмендемейді.

Аманжол ЖҰМАЛИЕВ:

– Айта кетейін, «Көркемтелеком» ЖШС-не қала ішіндегі камералардың орнын ауыстыруға ұсыныс жолданды. Байқасаңыз, көлік иелері қай жерде камера бар-жоғын жаттап алған, интеллектуалды, жылдамдықты бақылайтын, басқа да камералар орнатылған тұста жүргізушілер тежегішті тарта қояды, өтіп кеткесін баяғы әнге қайта басады.

Қалада 155 мыңнан астам көлік бар, оған тіркелмеген шетелдік көлікті қосыңыз. Демек «қарбалас сәтте» қосымша көмектесетін бағдаршамдар керек. Жалпы, бейнебақылауды көбейту халықты айыппұлға тіреп қою емес, тәртіпсіздерді жүгендеудің тиімді тәсілі дер едім.

Досай ЖҰПҚАЛИЕВ:

– Расында, өңірдегі жолдардың кеңес дәуірінің стандарты бойынша салынғанын мойындау керек. Енді оны қазіргі заманның талабына сәйкес жан-жақты зерделеп, біртіндеп өзгерткен дұрыс. Бұрын көлік кептелісі деген болмады, машинаның күші де аз тартты. Бүгінде көлік те көп, техниканың қуаттылығы да жылдамдыққа әсер етеді.

Мысалы, қаладағы Шөреев көшесіндегі жол III категориялы жолға жатады. Екі көлік әзер сыйып жүретіні белгілі. Ондай санаттағы жол ауылдық елді мекендерге үйлеседі, ал қаладағы жол стандарттарына өзгеріс енгізу керек.

Алмас СӘРСЕНОВ:

– Жол қауіпсіздігіндегі маңызды элементтердің бірі – жол белгілері мен таңбалары. Мен «көлік апаты жолдың сапасыздығынан болады» дегенге келіспеймін. Өйткені, қалада және оның елді мекендерінде 80 пайыз жолдың техникалық жағдайы жақсы (1241,4 километр), қалған 20 пайызы қанағаттанарлық жағдайда (310,4 километр). Қалада автокөлік ағыны көп, сондықтан жолдардың өткізу қабілетін кеңейту керек.

Былтыр қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 25,89 миллиард теңге бөлінді. Сапасы төмен немесе жол қозғалысы қиын жол учаскелері бойынша Полиция департаментінің ұсынымымен қауіпсіздік деңгейін жоғарылату мақсатында тиісті жол белгілері мен нұсқаулықтар қойылып, сол жерлерге сәйкес қозғалыс жылдамдықтары бекітілді.

Жөндеу жұмыстарынан өткен ақаусыз көлік жолдарының өздері рұқсат етілген есепті қозғалыс жылдамдығымен жүруге арналып жобаланды. Алайда жүргізушілер жылдамдықты шектен тыс асырып жүйтки жөнеледі, оның салдары қайғылы жағдайға ұшыратуы мүмкін.

Жол қауіпсіздігін дамыту үшін жергілікті бюджеттен 505,5 миллион теңге бөлініп, 62 бағдаршам мен 17 000 дана жол белгілеріне күтім жасалды. Сондай-ақ 24960 шаршы метр термопластикпен және 45000 шаршы метр бояумен жол таңбалары сызылды. Бұдан бөлек 2000 жол белгілері мен 2000 метр жасанды жол кедергілерін орнату жоспарланып отыр.

2025 жылға дейін көзделген мемлекеттік бағдарламасы шеңберіне аталған жұмыстар өз жалғасын табады. Бұл да жол қауіпсіздігін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың бір бөлігі ғана.

Жүргізуші заң мен ар алдында жауапты

– Ал, Атыраудағы жол стандарттарын өзгертуге болмай ма? Көрші Орал қаласында жолдар тарлық еткесін, көліктер бір бағытта жүреді екен…

Алмас СӘРСЕНОВ:

– Қолданыстағы нормативтерге сәйкес қала ішіндегі жолдың ені – 3,5 метр. Ал, I категориялы жолдардың екі жақ бөлігіне кемінде екі жолақтан бөлу жолағы (разделительная полоса) болу керек. Бізде құрылыс нысандары тығыз орналасуына байланысты қазіргі жолдарға өзгеріс енгізу мүмкін емес. Сондықтан жолдың техникалық параметрін жақсарту керек. Жолды оңтайландыру жұмысын қоғам пікірімен санасып іске асырған дұрыс.

– Құқық бұзған жүргізуші заң бойынша жазаланар, ар алдында да жауап берер. Алайда, қыршыннан қиылған өмір үшін жауапкершілікті күшейтуді кімнен талап етеміз? Өзекті өртейтіні де осы. Қалай десек те жол бойындағы жүгенсіздікті реттеудің қадамдары болуы керек қой…

Қыдырсиық МОЛДАҒАЛИЕВ:

– «Жол-көлік оқиғасының көбеюіне не себеп?» дегенде оның бірнеше факторы бар. Статистикаға сүйенсек, соның басым бөлігінде жүргізуші кінәлі. Барлық жүргізуші бірдей демейміз, байыппен айдап, сабырмен діттеген жеріне жететін тәжірибелі жүргізушілер де бар.

Расында, тосыннан келген апат талай адамды ажал құштыруда. Ауыл мен қала арасын жалғаған тас жолдағы трагедия қоғамды алаңдатып отыр. Меніңше, сондай екі ортада 7-8 орындық шетелдік минивэндер жүреді. Сол көліктердің техникалық жағдайын кім қадағалайды? Осы уақытқа дейін сондай көліктің қатысуымен болған апаттың себебі зерделенді ме?

Әйтеуір, қаза болған адамды жерлеп тастайды, көлікті бөлшектеп көзін құртады. Ал, апат шетелдік көліктің техникалық ақауынан болуы әбден мүмкін. Техникалық байқау қызметі де жекеменшікте болғасын, олар «формальды» түрде қағаз бере салса да тексеріп жатқан кім бар?

Екінші себеп, жүргізуші куәлігін алу жеңілдеп кетті. Үйден онлайн оқыған жүргізушіден қандай жауапкершілік сұраймыз?!

Қазақстанда жүргізушілер дайындайтын мектептерді лицензиялау 2012 жылы тоқтатылды, яғни мемлекеттік бақылау жойылды. Көптеген автомектептерде  автодром жоқ, болса да тиісті категорияға сәйкес оқу автокөлігі жоқ. Сондай автомектептерде оқыған, оның үстіне өздігінен дайындалған адамдарға қалай көлікті басқартуға болады?

Менің ұсынысым – сақтандыру қызметі мен техникалық байқаудың нәтижесі чипке енгізілсе, сол арқылы көліктің жағдайын қадағалауға болады.

Заңға өзгеріс керек

Досай ЖҰПҚАЛИЕВ:

– «Темірден болар көлігің, те­мірден бо­лар өлімің» деген екен Майқы би бабамыз. Бүгінде баба сөзі ақиқатқа айналып, енгізілген жаңашылдықтан да, айыппұлдардың артып, жазаның қатаңдатылуынан да келген нәтиже мардымсыз.

Бүгінде жол апатының алдын алу мәселесі тек қана полицияға жүктелген. Ол дұрыс емес, бұл мәселені шешуге қоғам, оқу орындары, жауапты мекемелер үлес қосу керек. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің құқықтық мәдениетін көтеру мәселесі күн тәртібінен түспеу керек. Жол қозғалысын ұйымдас­тыруға, стандарттарды қалыптас­тыруға ғылыми тұжырымдарды пайдаланған жөн.

Халықты жол ережесін сақтау мәдениетіне де дағдыландырған жөн. Жолда жүру мәдениетін бала жастан қалыптастыру қажет. Мектепте оқушыларға жол ережелерін үйрету ісіне ерекше көңіл бөліп, ата-ана да баласына өзінің және өзгенің өміріне жауапты екенін айтудан жалықпауы тиіс.

Мектепті тәмамдаған соң бірден көлік сатып алатын жасөспірім «темір тұлпарды» тізгіндей алатынына сенімді болуы тиіс. Ол үшін республикалық немесе облыстық маңызға ие тасжолға шығар алдында тағы бір мәрте жол белгілерін пысықтап, автодромдарда көлік жүргізу арқылы шеберліктерін шыңдар болса, апаттардың саны әлдеқайда аз болар еді.

Осы бастан мәселенің алдын алмасақ, мас күйде көлік жүргізудің, жалпы жол ережелерін сақтамаудың арты демографиялық-экономикалық шығынға ұшыратуы мүмкін екенін түсінуіміз керек.

Қысқасы, біздегі жол қозғалысы туралы заңға, жол ережесіне сарап­тама жасап, өзгерістер енгізу қажет. Болашақ жүргізушілерді міндетті түрде арнаулы дайындықтан өткізіп, автомектептерге қойылатын талаптарды күшейту керек. Жол ережесіне атүсті қараған жүргізуші­лерді қайтадан автомектепке жіберіп, біліктілігін арттыруды тәжірибеге енгізген жөн. Жол патрульдерінің қызметін шектемеген дұрыс. Жол қозғалысы мәде­ниетін ұрпақ санасына балабақшадан бастап сіңіріп, оны мектеп қабырғасында да арнаулы пән ретінде оқыту керек деп ойлаймын. Мұндай шаралар жол бойындағы кісі өліміне душар еткен оқиғаларды азайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар жүргізушілердің өздігінен дайындалып, куәлік алу әдісін тоқтатса көп мәселенің шешімі табылар еді. Жол бойында адам өмірінің қиы­луына тосқауыл қою туралы осы маңызды мәселеге Үкімет мүшелері мен заң шығару орындары назар ауда­руы тиіс.

ТҮЙІН

Жоғарыда келтірілген дерек­терден кейін «Неге жол-көлік оқиғасы құрбандарының саны өсті?» деп қайран қалу әбес­тік. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар проблеманың бірнеше себеп-салдарын айқын атап көрсетті, ұсыныстарын да айтты. Жол жүру мәдениетінің төмендігі – ең басты фактор екенін де алға тартады. Сондықтан айыбын арттырса да, айылын тартпайтын жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру керек.

Демек ахуалды түзетуге пәрменді қимыл керек-ақ. Жол қозғалысы саласы Үкіметтен үл­кен өзгерістерді талап етеді. Әді­летті Қазақстанның өзекті мәселеге назар аудармауы әділетсіздік болар еді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – күре жол еркелікті де, есіруді де көтермейді. Әрқайсымыздың қауіпсіздігіміз ең алдымен өзімізге байланысты екенін бір сәтке де естен шығармайық, оқырман!

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз