Қоғамдық тәртіп сақшылары қалтқысыз қызмет етуде

img 20240421 wa0008 Құқық

Алғашқы күннен бастап полиция қызметкерлері «тілсіз жаумен» күресте алдыңғы шепте жүр. Полицейлер мен Ұлттық ұлан әскері Құлсары қаласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үздіксіз патрульдеу жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы басты мақсат – қылмыстарды болдырмау, құқық бұзушылықтардың жолын кесу. Қазіргі таңда күні-түні патрульдеу жұмыстарына 219 полицей мен 125 әскер жұмылдырылған.

Айта кетейін, полиция департаменті мен Жылыой аудандық полиция бөлімінің теңіз патрульдік полициясы үйінде қалып қойған төрт отбасыны және бір азаматты мал-жанымен құтқарып үлгерді. Сондай-ақ Құлсары қаласында полиция майоры Нұрлан Жангелов пен полиция лейтенанты Бауыржан Тасекенов су қоршауынан 4 бала мен әйелді құтқарды. Тәртіп сақшылары балаларды көтеріп, қауіпсіз жерге шығарған.

Жалпы, құтқару жұмыстары мен су тасқынының алдын алу шараларына полиция департаментінің 600-ге жуық қызметкері, 113 техника (патрульдік машина, қайық) жұмылдырылды. Патрульдік полиция экипаждары қарғын су шайып кеткен жолдарды
ескертіп, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін хабардар етіп отыр.

Сондай-ақ су тасқынына қарсы жағалау бөгеттерін нығайту мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері еріктілерге көмектесуде. Олар күндізгі ауысымнан шығып, қол күші жетіспей жатқан жаға бекіту жұмыстарына барып жүр.

Тәртіп сақшылары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмекті қабылдап-жеткізу үшін үздіксіз жұмыс жүргізуде. Атырау қаласына жан-жақтан келген гуманитарлық көмекті сұрыптап, қажеттілікке және сұранысқа сай қамтылуын қамтамасыз ету үлкен күш пен ұйымдастыруды талап ететіні сөзсіз. Атырау қаласында ұйымдастырылған бұл орталықта қазір өңірдің ерікті азаматтары жұмыла жәрдемдесуде.

Бүгін Атырау қаласы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері кезекті қызмет атқару кезеңінен соң жинақталған гуманитарлық көмектерді жүк көліктеріне тиеу жұмыстарына атсалысты. Кейін жүк көліктерінің діттеген жерге қауіпсіз жетуі үшін қызметтік көліктермен еріп жүру ұйымдастырылады.
Облыстағы соңғы жағдайларға байланысты тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызметтерін жалғастыруда.
Мейірім ЕРДӘУЛЕТ,
облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз