ЖІГІТТІҢ ЖАЙСАҢЫ

Ұстаз, әнші, әріптес хақындағы ой
Атырау өңірінде білім беру саласына еңбек сіңірген қызметкерлердің бірі – Болат Қадыров. Өмір жолын ұстаздық қызметке арнаған ол – көп жылдар өзі білім алған Атырау мемлекеттік университетінде «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының ашылуына ұйытқы болып, кейіннен сол пәннен дәріс оқыған доцент.

Атырау секілді өнерлі ұланға бай өлкеде халық әндерімен қатар, Ғарифолла Құрманғалиев пен Мұхит Мералыұлының әндерін нақышына келтіріп орындайтын әнші-ұстаз Қадыров Болаттың орны бір бөлек. Музыкалық білімін жетілдіріп, өнердің қақ ортасында жүрмесе де, Болаттың табиғи талант екенін айналасы әлдеқашан мойындаған. Жаратылысы сыйлаған зор дауысының үлкен сахнадан көрінбегенімен, ол өз өнерін ұрпақ тәрбиесімен ұштастыра білді.
Ол мұғалімдік қызметімен қатар, факультет жанынан ашылған қыздардың фольклорлық ансамблін, 120 адамдық көп дауысты хор және домбырашылар ансамблін, вокалдық квартет, домбырашы-әншілер триосын ұйымдастырды.
Қазақстанның Халық әртісі, профессор Рысбай Ғабдиев басқарған Дина Нұрпейісова атындағы оркестр құрамында Болат Қадыров та еңбек етті. Ол 1987 жылы күзде Алматы қаласында оркестрдің құрамында концерт беріп, сол кезеңдегі шоқтығы биік Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанды. Болат Қадыровтың қазақ өнері алдында сіңірген үлкен еңбегі – сол жылы Қазақконцерттің үлкен залында бірнеше мәрте концерт қойып, Қазақ теледидарының «Алтын қорына» енген 45 минуттық мазмұнды концерт жаздырған.
Ол жетекшілік еткен әншілер триосы 1988 жылы Алматыдан Қазақ радиосынан концерт берді. Олардың құрамында Зияда Қабышева, Гүлнәр Құрманғалиева, Зәуре Бекмурзиналар болды. Ал, студенті Самал Әділова республикалық ән байқауының лауреаты атанды.
Міне, осындай шәкірт тәрбиелеген Болат Қадыровтың шығармашылық сапары да сәтсіз болмады. «Баян аспабына арналып өңделген әндер жинағы», «Баян аспабын меңгерту әдістері» атты оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді.
Мектепке дейінгі, бастауыш, орта және музыка мектептерінің оқушылары мен оқытушыларына, колледж, жоғары оқу орындарының ұстаздарына және ән сүйер көпшілікке арналған «Мектеп әндері» (Баян аспабына арналып өңделген әндер жинағы) – үлкен сұранысқа ие болған еңбек. Жинаққа педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент О.Раисов, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының бірінші проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты М.Мұхтаров пікір жазған.
«Мектеп әндері» атты әндер жинағы – Болат Қадыровтың көп жылғы тынымсыз еңбегінің жемісі. Бастауыш мектеп оқушыларының музыкалық сауат және өнертанымдық қабілеттерінің жетілуін мақсат еткен еңбектің көкейтестілігі дау тудырмайтыны ақиқат.
Ән-жинақ баян аспабының сүйемелдеуіне бейімделіп жазылған. Жинақтың ерекшелігі – жинаққа Атырау өңірінің композиторлары М.Ғаббасов, О.Раисов, Қ.Түсекенов, А.Жайымов, Ж.Назаровтардың және Б.Дәлденбаев, Б.Ғизатов, Ө.Байділдаев, Ә.Қитаров сияқты республикамызға танымал сазгерлердің әндері топтастырылған. Ән тақырыптары да әртүрлі – табиғат, жануарлар әлемі, махаббат, әке, ана, наурыз, Отан, бала, мектеп т.б. Сондай-ақ, Марат Отаралиев, Қадыр Жүсіп, Тұманбай Молдағалиев, Нұрсұлтан Әлімқұлов және Мұзафар Әлімбаев сияқты республикаға танымал ақындардың сөздеріне жазылған әндер енді.
Болат Қадыров 2009-2011 оқу жылдары Атырау инженерлік-гуманитарлық институты күндіз оқыту факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Студент жастарға тәлім-тәрбие беруде үлкен іс, игі бастамаларға жетекшілік етті. Қала, облыс көлемінде өтетін тәрбиелік шаралар, мәдени сайыстарға қатысып, институт абыройын асқақтатып келеді.
2011 жылдан бастап күні бүгінге дейін ол кеңсе-тіркеу бөлімінде қызметте. Жоғары білім саласындағы көп жылғы тәжірибесінің арқасында жаңа құрылған бөлімде жұмыс жүйесінің қалыптасып, институт студенттерінің сапалы білім алуына ықпал жасауда.
Отбасында бақытты әке, адал жар, сүйікті ата Болат Қадыров – жан жолдасы Бұлды екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, қыз-күйеу, немере-жиендерінің қызығын көріп жүрген жанұя тірегі, қадірлі азамат.
Иә, жаһандану заманында ұлт¬¬тық бәсекеге қабілетті болудың басты кепілі – білім. Бұл – отандық білімді әлемдік білім ке¬ңістігіне жетелеу, қазақ білім беру жү¬йе¬сін халықаралық биікке көтеру деген сөз. Осы ретте, кәсіби маман Болат Қадыровтан сабақ алған шәкірттердің жемісті еңбек етіп, ұстаз беделінің биік, абыройының асқақ болуына үлес қосып жатқаны сөзсіз.
Ұстаз – ел¬дің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақтың жетекшісі десек, әріптес Болат Қадыровтың еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ел мәдениетін көтеруге қызмет етеріне сеніміміз мол.

Киікбай ЖАУЛИН,
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының тәрбие, ғылым және
халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры,
саяси ғылымдарының
докторы, профессор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз