ТҰЛҒАНЫ ТАНУ ТЕОРЕМАСЫ

Мұнайлы Атырау аймағында ұзақ жылдар бірінші басшы болған іскер де, бірегей тұлға, Атырау облысының Құрметті азаматы Оңайбай Көшековтің өмірден өткеніне де көп уақыт болған жоқ. Егер тірі болса, ол биылғы 10 ақпанда 90 жасқа толар еді. Осыған орай ғибратты ғұмырымен, биік парасатымен, жарқын істерімен кейінгі буынға өнеге болып қалған мемлекет және қоғам қайраткері туралы замандастары шертер сырлар мен жан тебірентер естеліктер де аз емес. Мұны редакциямызға түсіп жатқан хаттар легінен айқын пайымдап отырмыз.

Біз бүгін Оңайбай Көшекұлы хақында жазылған естеліктерді оқырман назарына ұсынуды бастағанымызды қаперлеріңізге береміз. 

Пайғамбардың хадисінде: «Жаратқанның пендесіне сыйлаған ең үлкен нығметі – жолында жақсы адамдарды жолықтыру» дейтін пайымдау бар. Осы ретте өмірімнің өзегін жылытқан, демеу-сүйеу болған дарабоз, алашқа абыройлы атпал азаматтар, шүкір, баршылық екенін сезінемін де, олардың арасында пайым-парасаты мол, елі үшін туып кеткен ер, үлкен жүректі, кішіге ізетті Оңайбай аға Көшекұлының бітім-болмысын іштей түйсініп, көңілім биіктеп, көкжиегім кеңіп сала береді.

Уақыт, шіркін, ұшқыр, қайран жылдар құс қанатты болар ма, сағымдай толқып, көзді арбағанымен, көкжиек сіңіп жоғалады. Қым-қуыт тірліктің тауқыметі артыңа бір қайырылып қарауға да мұрша бермейтінін қайтерсің! Өңірге өң, өреніне дем бере отырып, қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосқан, сөйтіп өмірден өз орнын ойып тұрып алған осы бір абзал да ақылман аға, қайраткер тұлға туралы аз-кем толғануға келгенде, онсыз да қат уақыттың қысқа жіптей күрмеуге келмегенін қарашы! Мұқым жұрт таныған мемлекет және қоғам қайраткері Оңайбай аға Көшекұлының туғанына тоқсан жыл толатын атаулы, абыройлы бір оқиға таяп қалғанын таяуда Оңекеңнің жұбайы Айсұлу ападан естігенімде, аяулы ағаның аялы алақанының жылуын сезінгендей, ой иіріміне батып, толғанысты бір күй кешкенмін.

Бұлай болатын да жөні бар. Жұмыс бабында жүздесіп, бала-шағасының отбасында қуаныш сыйлаған мерейлі сәттерде ар-қайым отырып, жақынырақ тілдесіп, бірқыдыру біліп, танып қалғанмын ағаны. Әйтсе де, ол кісіні алғаш көрген кезім, үлгі боларлық ұлағаты, арманыңа жетелейтін ақыл-кеңесі, адами арлы бейнесі еріксіз көз алдымда көлденеңдей береді.

1985 жылы «Құлсарымұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының партком хатшылығына бекіткенде, обкомның бірінші хатшысы Оңайбай Көшекұлы қолымды алып тұрып: «Қарағым, Мақсым, орда бұзар отызда екенсің, саған мың жарым адам еңбек ететін, төрт жүздей партия мүшесін біріктіретін үлкен саяси ұйымның жетекшісі болуды ұйғарып, үлкен сенім артып отырмыз. Мұнайлы өңірдің мақсаты зор, міндеті ауқымды. Мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсара түсуіне баса көңіл бөлгейсің» дегені әлі есімде. Сол сәт бұдан былайғы болашағыма бағыт-бағдар берген кемел кеңес, үлкен жауапкершіліктің салмағын сезінген едім.

 

Атакәсіпті ардақтаушы еді

Оңайбай Көшекұлын Алматыда қазақ политехникалық институтында оқып, мұнай және газ кен орындарын пайдаланудың технологиялық және кешенді механикаландыру мамандығы бойынша бітіріп келген кезден жас маманға тән әуестікпен әр қырынан біле бастадым. Оның үстіне бүкіл саналы ғұмыры ауыл шаруашылығымен біте қайнасып, Қазақстанның еңбегі сіңген қызметкері атағына ие болған әкем Шафих Ізбасов замандасы Оңекеңнің Алматы Жоғары партия мектебін бітіріп, сонау 1963-1970 жылдары Бақсай қаракөл қой өсіру кеңшарында директор, одан кейін Атырау облыстық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, кейін облыстық атқару комитетінің төрағасы болған кездерінен жақсы біліс-таныс, пікірлес жандар еді. Бертінірек ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған Жылыойға жиі ат ізін салатын өңір басшысымен  жақынырақ араласа бастаған кезде, атакәсіпті дамыту, мал басын көбейте отырып, мол өнім көзіне жол ашатын өзекті мәселелерді қаузап қозғауға да уақыт табыла қоятын.

Әкем марқұм оның адамгершілігі мен іскерлігіне тәнті еді. Арагідік өзімен тұстас, үзеңгі жолдас-жораларымен әңгіме-дүкен құра қалған бір сәтінде: «Оңайбай Көшекұлы өзіне тән сырбаз, салмақты қалпынан айнымайтын, бітім-болмысы бөлек, қара ақылының өзі қаймана қазағын ұйытып тастайтын қасиеті бар, көсем сөзге жетік, кең пейілді, мәрт мінезді жан»,-деп отырушы еді.

Оңекең өңір басшысы болған кезеңде Жылыойда ауыл шаруашылығы мықтап дамыды. «Қосшағыл» кеңшары құрылды. Бұл бір төскейін төрт түлік жайлап, мыңғырған мал өсімі береке-құт болып тұрған шақ еді. Аудан жемшөп дайындаудағы жетістіктері үшін республиканың Құрмет тақтасына жазылды. Оңалған Ойсылқара, құтайған Қамбар ата тұқымын және мың батпан салмақ тартқан мүйізді ірі қараны айтпағанда, ұсақ жандық – қой-ешкінің өзі бір жүз тоқсан мыңнан асып жығылып тұрған. Бұл – аудан бойынша әр жүз саулыққа 131 қозы ерген мерейлі бір кезең еді.

Алмақтың да салмағы бар. Ауданға 1972 жылы мал шаруашылығын өркендетіп, төрт түліктен алынатын өнім түрлерін мейлінше молайтқаны және ел экономикасын дамытуға ерен еңбектерімен зор үлес қосқандары үшін берілген республикамыздың ең жоғарғы органдарының Ескерткіш Туын, ал 1984 жылы жеңіп алған Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл Туды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы О.Көшековтің жылыойлықтарға өз қолымен салтанатты жағдайда тапсырғаны мұрағатымызда әлі күнге фото-бейнесімен сақтаулы.

Жанкешті еңбектерінің жемісі мен жеңісін көрген малбегілердің де мерейі үстем жылдар еді ол. Орденділерімен орта толып, аға шопандар – Келбатыр Төлесінов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Әбді Дүйсенбеков, Кісенбай Асабаев Социалистік Еңбек Ері атанды. Олар үшін өздеріне тонның ішкі бауындай жақын көрінетін шаруагер басшы Оңайбай Көшековтің оң ниеті, ықылас-пейілі, қолдау-демеуі әсте ұмытылар ма?! Мұндайда ағынан жарылатын Кісенбай аға: «Атанақта жайлауда отырғанымызда шаруашылығымызды аралап, малшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен, мұң-мұқтажымен етене танысқаны есімде. Өте ұстамды, бірсөзді, уәдеге берік жан еді. Ол кісі келіп-кеткеннен кейін шаруашылықтың иіні келмей жатқан тұстары қиюын тауып жататын. Әйтеуір, Алматыда, не облыс орталығында болсын, алқалы жиындарда кездесіп, тілдесе қалсақ, атакәсіпті мұрат тұтқаныма ризашылығын, риясыз көңілін білдіріп, дем беруші еді»,-деп отыратын.

 

Өнеркәсіп дамуымен біте қайнасты

Қазақ мұнайының қазына бастауы – Қарашүңгіл, Пір Бекетті құндағында тербеткен, имани-рухани құндылығы – Ақмешіт, сарматтар көсемі Алтын адамға мекен болған Арал-төбедей мәдени мұрасымен әйгілі Жылыой өңіріне кімдер келіп, кімдер кетпеген?! Ауыл шаруашылығы мен экономикасы қатар дамыған ауданға Оңайбай Көшекұлы да жиі ат басын бұрып, бірде алқалы жиындарға, кейде Пленумдарға қатысып, өндіріс орындарын аралап, сонан соң қыр жайлаған малды ауылдарды аралауға асып кететін. Шаруа жайын көзбен көріп, көңіліне түймей шалдығуды білмейтін жан екенін ел ағалары айтып отырады.

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген халық мәтелінде терең мағына бар. Ұлы қамқоршыммен үзеңгі жолдас болғандар да, үлкен істердің иінінде онымен сырласа, сыйласа білген замандас ірі тұлғалар да мен үшін өте ыстық әрі үлгі.

Оңайбай Көшекұлы өмірнамасының өткені мен жеткеніне, өсу, өрлеу кезеңдеріне зер салып қарап, зерделі ой түйгенімде, талайға тағылым боларлық тараулар, өнеге мектебінің өміршең тәлімдері түзіліп жатқанын байқадым. Атырауда облаткомның төрағасы, одан кейін обкомның бірінші хатшысы болған 1970-1985 жылдары қыруар шаруалардың бастамашысы болып, өңірдің жедел даму кезеңін бастан кешіргенін, анау Гурьев-Астрахан, Мақат-Бейнеу, Атырау-Мақат-Құлсары тасжолдары, мектептер, балабақшалар салынғанын, аймақта барлау-бұрғылау жұмыстары қанат жайып, жаңа кен орындары ашылғанын, Атырау мұнай-газ институтының құрылуына көп еңбек сіңіріп, мұнайшы кадрларды көптеп даярлауға мұрындық болғанын жақсы білеміз.

Халықтың тұрмыстық жағдайының жақсаруына басты себеп болған осынау орасан маңызы бар өміршең істерді Жылыой өңірінің өркендеуімен сабақтастырсақ ше?! Оңекеңнің облыстағы басшылық қызмет лауазымындағы сол он алты жыл ауқымында ауданның әлеуметтік ажары да, базары да жаңаша сипат алды. Амударияның мөлдір суы құбыр бойымен Құлсарыға жетті. «Мереке» кинотеатры пайдалануға берілді. Автоматты телефон станциясы іске қосылды. Барлаушылар қалашығында 1176 орындық орта мектеп есігін айқара ашты. Майкөмген-Аққұдық, Бүгіл-Шұбыртпалы су құбырлары пайдалануға беріліп,  Құлсары-Ақкиізтоғай су желісінің тартылуы алыстағы ауылдарды зор қуанышқа бөледі.

Атап айту керек, қазыналы өңірді игеру қарышты дамыған айтулы кезең еді бұл. Үлкентөбе, Қисымбай, Досмұханбетов, басқа да алаңдарда мұнай-газ көздері бар екені анықталды. Қара Арна мұнай өндіру цехы пайдалануға берілді. Батыс Прорвада ең терең пермотриас қабатынан мұнай фонтаны атты. Боранкөл алаңында төртінші юра қабатынан екі мың метрден астам тереңдіктен «қара алтын» атқылады.

Бұл шақта аса перспективалы, әлемге әйгілі Теңіз мұнай кешенін игеру бетбұрысты сипат алды. Құлсары-Теңіз те-міржолы құрылысы салына бастады. Теңіз кен алаңындағы №№ 1,4,5,14, ұзын саны онға жуық ұңғымалар мемлекеттік сынақтан өткізіліп, мұнайдың мол қоры анықталды. «Тенгизнефть» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды. Құлсары битум зауыты өз жұмысын бастады.

Осы тұста мұнай және бұрғылау саласында өз ісінің білікті мамандары көптеп өсіп-жетілді. Үкіметтік марапатқа ұсынылған үлкен шоғырдың ішінде мұнайшы оператор Ұлықпан Әбдірахманов пен бұрғышы Зейнел Балкенжиев Социалистік Еңбек Ері атанса, мұнайшылар Маржан Боранбаева КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, Сәден Кенжеғалиев Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген тәлімгер-ұстазы, бұрғылау мекемесінің бастығы Аққуан Кемелов республиканың еңбек сіңірген қызметкері атағына ие болды.

 

Өркен жайған отбасында

Тамырын тереңге жайған бәйтеректей Оңайбай Көшекұлы – өрісі кеңейген, жемісі мәуелеген отбасының иесі. Жан жары, мейірімді ана Айсұлу апамен екеуі төрт ұл, төрт қызын мәпелеп, тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздары мен олардың ұрпақтары, еліміздің әр қиырында, алуан салада жемісті, абыройлы еңбек етіп жүр.

Әдемі қартайған асыл ағамен аралас-құралас болып, ақыл-кеңестеріне құлақ түрген сәттерім бар.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өн-діру» АҚ-ның «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының бас директоры лауазымдық қызметінде жүргенімде зейнет демалысындағы Оңекеңмен көршіміз, қыз-күйеу баласы – Алма мен Сәрсенбайдың отбасындағы қуанышты сәттерде, айтулы мерекелерде бала-шағасымен жиі бас қосып, аға мен інідей арқайым ашылып, сыйластықпен әңгіме тиегін ағытысатын кездерімді есіме аламын. Оңекеңнің кейінгі толқынға қамқор көзқарасы, ағалық ақ пейілі ерекше еді, ал  замандастарымен, әсіресе, Мусабай Сағынбаев ағамен қатты әзілдесетін-ді. «Жігермұнайсервис» мекемесіне жетекшілік ететін ұлы Әлібектің қызмет-жайын да басшыға тән әуестікпен бір бағдарлап, біле кетуді ұмытпайтын. Ұлтжанды азамат еді ғой. Ұлтымыздың тілін, дінін, ділін қастерлеуді берік ұстанып, үлгі етіп айтып отыратын. Қонақжай отырыстардың бірінде ән сала қалсам, сол әннің мәтін жолдарына дейін ынта қоя мән беріп, ауыс-түйісін табанда түзете қоюшы еді.

Иә, тағдыр оған таудай талап, бармақтай бақ берді.

Азды-кем әңгімемізді түйіндесек, өмірде адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, ұлтын сүю – парыз. Осы қастерлі, жүйелі қасиеттің бәрі де еліне елеулі, халқына қалаулы болып, омырауы отандық ордендерге көмкеріліп өткен Оңайбай Көшекұлының бойынан  табылып, оның үлкен жүректі адами жан дүниесін, қайраткерлік қырларын жан-жақты аша түседі.

Мақсым ІЗБАСОВ,

Жылыой ауданы әкімі,

«Құрмет» орденінің иегері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз