ТҰЙЫҚ БАЛАНЫ ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕЙМІН?

- Шыны керек, жұмыс бабы, тұрмыс қамы деп балаларымызға қажетті тәрбие бере алмай, керек кезінде қолдау көрсете алмай қалатынымыз жасырын емес. Десек те, толық та жайлы отбасындағы тәрбие арқылы да көп нәтижеге қол жеткізуге болады. Алайда, менің айтпағым, біздің ұлымыз секілді тумысынан тұйық, ұяң баланы ортаға қалай бейімдеуге болады? Себебі, қазіргі таңда өзіміз куә болып отырғандай, балаларды ұдайы назарда ұстамаса, жат ағым секілді келеңсіз жайттарға ұрынуы әбден мүмкін. Сондықтан, «Шаңырақ» арқылы осы сұрағыма жауап іздеймін.
Салтанат АҚКЕМЕРОВА,
Атырау қаласы.

Нәсіп ҚУАНОВА, психолог:
– Адамның өз мүмкіндіктерін толық көрсетуіне кері әсерін тигізетін қасиеттердің бірі – ұялшақтық, ұяңдық, тұйықтық. Бұл қасиет негізінен адамда бала кезінен пайда болады. Одан бала кезден арылмаса, есейген сайын ол түрлі кедергілерге алып келеді. Табиғатынан ұяң бала сол кедергілерден өте алмауы, қиындықтарға төтеп бере алмауы мүмкін. Бір-екі рет төтеп бере алмаса, біртіндеп оның барлығы бала бойына жинақталып, тұйықталуға, іштен тынуға ұласады да, әр кез сәтсіздіктерге ұшырағанда үнсіз келісіп, күресуден бас тартады. Баланың өзін-өзі бағалауы да төмендей бастайды. Өзін үнемі жолы болмайтындай сезіп, өмір сүруге деген құлшынысы азаяды, тіпті өзін жек көріп кетеді. Сол үшін де балаңыздың қай ісіне де қолдау танытыңыз, міндетті түрде мадақтап, ынталандырыңыз. Бұл балаға өз қолынан іс келетіндігіне сенімді болуына көмектеседі. Мадақтау – ұялшақтықты жеңудің бірден-бір жолы.
Кейбір ұялшақ балаларға тән қасиеттердің бірі – олар не нәрсені болсын жүректеріне өте жақын алады, өкпешіл болып келеді. Олар қарым-қатынасқа түсуден қашқақтайды, ешкімнің өзіне жақындамауын, тиіспеуін қалап тұрады. Мұндай жағдайда баланы өз іс-әрекеттеріне сенімді етіп, күшіне сендіріп үйрету керек. Баланы өз көзқарасын дәлелдеп шығуға дағдыландырғандарыңыз жөн.
Бала жарық өмірге еш қорғансыз, дәрменсіз қалыпта келеді. Оның өмірі мен денсаулығы, болашағы оның айналасындағы ересектерге, ата-анасына, отбасына тікелей байланысты. Сондықтан, жұмыстан қанша шаршап келсеңіздер де балаларыңызға міндетті түрде уақытыңыздың бір бөлігін арнаңыз. Махаббат пен ізгілік аясында есейген, ержеткен, өсіп-өнген бала кейін айналасына да көп жақсылық әкелмек. Үйде дауыс көтеріп ұрыспауға тырысыңыздар, өйткені, онсыз да тұйық балаңыз әкесі не анасы туралы теріс ойлап, іштей реніш қалыптастыруы мүмкін. Қалай дегенде де отбасындағы тыныштық пен береке – бала тәрбиесінің алтын қазығы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз